Қырық жыл! Сонау жасөспірім кезінен «Қызыл туға» келіп жүріп, журналистикаға, ҚазМУ-ге оқуға түсті. Студент кезінде де бірнеше рет өндірістік тәжірибеден өтіп, ақыры осы редакцияда, о баста қалаған мамандығына өмірін арнап, зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармастан еңбек еткен Бақыт аға, меніңше, бақытты! «1968 жылы университетті бітірген соң еңбек жолымды осы газеттен бастадым, - деп жазыпты Бақыт аға бір естелігінде. - Емін-еркін кірістім. Өйткені Ұлы Отан соғысының ардагері, редактордың орынбасары Қарпықов Жылқыайдар ағаның әкелік қамқорлығын сезіндім. Ол жас журналис-терге қамқорлығын іспен, сөзбен, мінезімен көрсетті, үлгі болды. Одан кейінгі үлгі алған адамым Баймурзин Әбдіш аға еді. Газеттегі өнеркәсіп бөлімінде осы кісінің тәрбиесінде болдым» депті. «Толқынды толқын қуады» деген осы болар. Біз де, қазіргі буын да сол толқынның бірі едік...

2001 жылдың күзі. «Сарыарқа самалына» келген кезім. Үлкен газеттің жұмыс барысы, талабы қиындау тиді. О баста газетке келгенде алдымен баспа мәшеңкесінде, содан бірден компьютерде мақала жазып жаттыққандықтан қатты қиналдым. Өйткені редакцияда компьютер жоқ. Жоқ емес, бар. Бұрын мәшеңкеші болған қыз-келіншектерде, сосын беттеушілерде. Журналистер қағазға жазып әкелгендерін компьютердегі қыздарға теруге береді. Ол жерде кезек. Алғашқы келген күндерімнің бірінде менің «Бизнес-кемпір» деген өмірден алынған көркем дүнием Бақыт ағаның қолында екен. Соны Балшекер апайға беріпті, теруге. Мақаланы іздеп Балшекер апайлар отыратын кабинетке ендім. Бақыт аға мен Балшекер апай «қызылшеке» болып жатыр. «Қайтейін, Сая болса... «Бизнес, бизнес» деп есті шығардың ғой. Кезекпен басылады...». Балшекер тулап басылды. Бақыт аға: «Өй, ол нөмірге жоспарланған, жылдамдат, өзің әлі отырсың ғой. Жақсы жазылған дүниені бірден беру керек». Балшекер апай да бірдеме деп қалды. Үндемей шығып кеттім. Арада аз уақыт өтті-өтпеді, Бақыт аға сол жердегі қыз-келіншектермен әзілі жарасып, қарқ-қарқ күліп, әлденені сөз етіп, ақыры мақаланы тергізіп алып шықты. Міне, Бақыт ағаға алғаш таңырқай қарағаным осы кез-ді. «Қандай адам, өзі?» дейтінмін. Планерка! Қазақшасы лездеме! Редактор - Мұхит Омаров. Ол кезде редакцияда Қажымұрат Смағұлов, Төлеубек Қоңыров, Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек Жұматов, Қайрат Әбілда, Жұмабек Сманов, Асыл Әбішев, Айбек Қобдабай, ... ылғи ер адамдар істейді. Лездеме ауыр өтеді. Шыққан нөмірдің талқысы, бөлімдердің тақырыптарды қамту жағдайы, «ай қарап жүргендер...», нашар жазылған мақалалар қатты сыналады. Бәріміз де сөз естиміз. Мұхит ағаның талабы қатты, неше күн зерттеу жүргізіп, 4-5 бет етіп жазған мақалаңды әп-сәтте жоққа шығарады, қайта жазғызады. Мұндайда таяқ жейтіндер бөлім меңгерушілері. Ал тақырыбы көп әлеуметтік бөлімнің бастығы Бақыт Баймұратов. Бақыт аға кем-кетікті мақалалар үшін, жазуға үлгірмей жатқан тақырыптар үшін қатты сөз естиді. «Ойпырмай, қиын болды-ау. Мен болсам ендігі еңіреп тұрып жылар едім» деп ойланып отырамын. Жоқ, «планеркадан» шыға салысымен редакцияның дәлізінде түк болмағандай әзілін айтып, қарқылдап күліп Бақыт аға кетіп бара жатады. Төртінші қабаттың ең шеткі кішірек кабинетінде жасыл телефон бар. Сол телефонмен де айғайлай сөйлесіп, шымшыма сөздерін айтып, тағы күліп жатқаны...

Бақыт Баймұратұлының ұжымды, ұжымды емес-ау, осы біздің аймақ тұрғындарын тәнті ететін тағы бір қыры – қазақы кермиық сөздерді, тұңғиық, небір пәлсапалық ойларды қиыннан алып, қиырдан шалып, кез келген ортада жеріне жеткізе, соншалықты бір ауылдық табиғи қабілетпен көркемдік тәсілге айналдыра білетіндігі. Ұрымтал сөздің ұстасы, бұралқы сөзге де шебер-ақ. «Бәкеңнің сөз тұңғиығына бойлай білуі ортасынан ба деп ойлаймын, - деп еді Өскенбай аға. – Студент кезінде университетте белгілі жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбековпен бірге жүріп-тұрған. Ол жылдары қазақ университетінде жалғыз Ақселеу емес, қазақ әдебиетінің небір таланттары білім алды, оларға кешегі Мұхтар Әуезовтің алдын көрген небір майталман профессорлар сабақ берді емес пе?!» дейді.

Әмина Өмірзақова бір сөзінде «Қазымен бірге қайнаған еттің дәмі ерекше болады» деген екен. Осы сөз ойға оралды. Расында, әсіресе жас кезіңде алған білім, көрген тәрбие, жақсы ортада болу, егер санада қалып отырса, кейінгі өмірге де әсер етері рас. Жоғарыда өзі айтқандай от ауыз, орақ тілді, ел аузынан естіген әңгіме, газет-журналдардан оқыған тағылымды дүниелерін есте сақтап айта жүруіне Әбдіш ағаның мектебі үлгі болса керек.

Осы арада айта кетейін, редакцияда сол жылдары, бертін де ұжым болып елге шығатынбыз. Оқырмандармен жүздесуде Бақыт ағаға сөз берілгенде көсіліп салатын. Ұлттық сипаттағы, қазақы, ой саларлық тәрбиелі әңгімелерді айта жөнелгенде көпшілік те, сан рет естіп жүрсек те өзіміз де ұйып тыңдар едік. «Бақыт аға, «Тиқ-тоғыңызды айтыңызшы», «Жоқ, ана бір келін туралы» әңгімені айтыңызшы» деп алдын ала «тапсырыс» жасаймыз. Сол әңгімелерді естіген оқырман қауым бір серпіліп, көшелі ой, тың дүниеге кәдімгідей елеңдеп, өздері де сөйлеп, әңгіме айтып, бір көтеріліп қалатын едік. Жалпы, Бақыт аға кез келген отырыстың тізгінін қолға алса, елді аузына қарататын. Міне, өмір мектебі, оқығанды көңілге тоқу деген осы болса керек. Домбыра жайлы айтатын «тиқ-тоқ», әйелдің туысқан арасындағы рөлі, әке мен бала, әдебиет жайлы айтатын әңгімелері керемет. Сол әңгімелерінің бірін айта кеткен дұрыс болар...

«Ертеректе, - дейді Бақыт аға, - ертеректе ағайынды үш жігіт өмір сүріпті. Олар арасына қыл өтпейтін тату болыпты. Інілері ағасын төбелеріне көтеріп, үйлеріне келсе, төрге отырғызады екен. Бір күні ағасы інісінің үйінде құрметке бөленіп, төрде шалқиып отырғанда: «Шіркін, біздің арамыздағы татулыққа жететін татулық бар ма?! Соның бәрін бір уыста ұйыстырып отырған біздер ғой» деп кеудесін қағыпты. Сонда жұбайы: «Отағасы, ағайындардың басын қосуда біздің де үлесіміз бар шығар» дейді. «Тәйт, ағайынның басын әйел қосушы ма еді?» деп жұбайының аузын аштырмайды. Бірде ағасы ортаншы інісінің үйінде құрметке бөленіп, шай ішіп отырады. Жұбайы байқаса, ағасының баласы босағада, інісінің баласы төрде отырып қалған екен. Сонда әйел ақырын ғана: «Отағасы, ініңнің не істеп отырғанын көрдің бе? «Өрге өрлесін, төрге озсын» деп өз баласын төрге отырғызады. Ал «Төрге аяқ баспасын, босағадан аспасын» деп біздің баланы отырғызған жерді қарашы» дейді. Қараса, расында баласы босағада отыр. Ашу қысса да, «Ағайынның арасына ши жүгіртпей отыр» деп жұбайын тыйып тастайды. Күндердің күнінде ағасы кіші інісінің үйінде ерекше қошеметпен қойдың басын мүжіп отырады. Жұбайы байқаса, балаларының қолына әр түрлі жілік тиіпті. Ағасының баласы қойдың артқы аяғының жілігін, ал інісінің баласы алдыңғы аяғының жілігін мүжіп отыр екен. Сонда жұбайы: «Отағасы, мен бірдеңе десем аузымды аштырмайсың. Қара, кіші ініңнің не істеп отырғанын. «Қас жүйріктен қалмасын, алдына жан салмасын» деп өз баласына қойдың алдыңғы аяғының жілігін береді. Ал біздің балаға «Алға шығып озбасын, артта қалып боздасын» деп артқы аяқтың жілігін беріп отыр» дейді сыбырлап. Осы кезде ағасы шыдай алмай інілеріне ашуланып: «Мен сендерді адам екен десем...» деп жұдырығын түйіп, орнынан көтеріле берген кезде жұбайы бүкіл адамдарға естірте: «Отағасы, сабыр, сабыр ет. Ана жолы айтқан жоқ па едім, ағайынның басын қосуда біздің де тырнақтай болсын үлесіміз...» дей берген кезде отағасы сылқ етіп жерге отыра кетіпті. Шындығында да, ағайынның басын қосатын да, алдына құрметпен алуан дәмді асын тосатын да әйел. Ата-бабамыз: «Әйелдің асқанын айтпа, қонақ келді деп сасқанын айт. Әйелдің табағын айтпа, қонаққа деген ашық қабағын айт» деп тектен– тек айтпаған. Міне, осындай салиқалы, өмірден алынған сан алуан әңгімелерді майын тамызып айтқанда бала-шағаға дейін ұйып тыңдайтын (өкініштісі, қазір осындай әңгіме айтатындар сиреді). «Әдебиет деген – шындық сөзінің синонимі» дегенді белгілі сыншы Сағат Әшімбаевтың бір жазбасынан оқыған едім. Өмірден алынған сөз екен.

«Мен 1966 жылы 12 тамызда газетке корректор болып қабылдандым. Менің алдымда Бәкең өндірістік практикада болыпты. 1968 жылы Бәкең оқу бітіріп келді. Мен сонда Бәкеңнің оқуды «іштей» оқығанына қатты қызығатынмын. Ширақ, тындырымды еді, - деп еске алады Өскенбай Тастемханов сол жылдарды. – Ол редакциядан ешқайда кеткен жоқ, мен де кеткем жоқ. Содан 2010 жылға дейін қырық жылдан астам уақыт бірге қызметтес болдық. Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов, Мұхит Омаров бас редакторлар болды. Әрқайсысы газетке жаңалық әкелуге тырысты. Әсіресе Сұбыханның адамгершілігі мықты еді. Кешіріммен қарайтын, мақтап, көтермелеп отыратын. Мені Бақи аға (Ұлы Отан соғысының ардагері Бақи Әбдіқадыров) секретариатқа қабылдады. Ол кезде Бақи ағамыз жауапты хатшы, мен орынбасары болып, 1971 жылдан 1991 жылға дейін еңбек еттім. Газеттің жұмысы ауыр, байлаулы бұзау секілдісің, ешқайда шыға алмайсың. Макет сызамыз. Әдемі шыққан газет бетіне ұзақ сүйсініп қарап отыратын едім. Ал Бәкең әдеби бөлім меңгерушісі болды, кейін өндіріс бөліміне, содан кейін партия тұрмысы бөліміне ауыстырылды. Бұл басты бөлім болатын. Редакцияның партия ұйымының хатшысы болды. Әлеуметтік бөлімді басқарды, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болды. Жалпы, Бәкең беделді, талапты журналистердің қатарынан саналды» дейді. Иә, газет тігінділерін ақтарып отырып, Бақыт Баймұратұлының бесаспап журналист болғанына көз жеткізесің. Өндіріс, экономика тақырыптары, очерк, суреттемелер, түрлі тақырыптардағы сұхбаттар, кейінгі жылдары әлеуметтік тақырыптарды кеңірек қамтығаны байқалады. Бақыт аға әсіресе имандылық тақырыбына ден қойды. «Редакцияның имамы» дейтінбіз. Дін тақырыбын тереңінен жазды, арнайы бет шығарып тұрды. Бұл да оңай шағылатын жаңғақ емес-ті. Кеңестік идеология тыйым салған, ел Тәуелсіздігінен кейін қолға алынған, жер-жерде мешіт салынып, ислам діні кеңінен насихаттала бастаған тұста газетте осы істің басында Бақыт аға жүрді. Булығып, толғағы жетіп тұрған тақырып - ұлттың ұлы мұратына, руханиятқа газет бетінде серпін берді. Тағы бір сөзінде кезінде фототілші болған Еренбақ Әлжановты сағынышпен еске алған-ды. «Еренбақ ағамыз қытай елінде 6 жасында хат танып, медресе бітірген, заң саласынан білім алып, би болған. Осы кісі туралы жазғым келеді. Қатарластарымның арасында қаламгерлігі былай тұрыпты, әншілігі, күйші, сазгерлігі бар Мейрам Асылғазинді құрметтеймін. Көп әңгімелесіп, сырласатынбыз. Өмірден ерте озды. Осы адамдар жайлы кеңінен жазса, шіркін» деді. «Жақсымен өткізген жарты сағат – Жаманның өтіп кеткен өміріндей» деуші ме еді... Міне, жақсылардың алдын көрген, оқыған, естігендерін көңіліне тоқи білген біздің Бақыт аға осындай жан. Талапшылдығы да қатаң болатын. Әр алуан тақырыпты қамтуға тапсырманы көп беретін. «Үлгере алмаймын ғой, бәрі ойланып-толғанып, ақпарат жинап жазатын тақырыптар. Әрі жиналыстар бар бірден нөмірге салатын» деп бір ренжігенде: «Сен үлкен газеттесің. Жұмысы оңай емес. Мен саған бір мысал айтайын, - деп еді, алғаш бөліміне келгенімде. – Баяғыда бір кемпір ұзатылып бара жатқан немере қызына: «Барған жерде қалай бақытты боламын деме. Барған елімді қалай бақытты етемін де» депті. Газетке келдің екен, ендеше, «мен қандай жаңалық әкелем, қандай үлес қосам?» деген мақсатың тұрсын алдыңда деп саусағын шошайта айтып еді. Шынымды айтайын, Бақыт ағаның осы сөзі әр мақаланы жазарда ойыма оралады.

Замандастарына, көпшілікке «Бәкең», біз секілділерге «Бақыт аға» атанған әріптес Бақыт Баймұратұлы Қазақстанның Құрметті журналисі атанды, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бастысы – елге танылған, құрметке бөленген журналист болды.

Біздің алдыңғы буын - Жылқыайдар Қарпықов, Әбдіш Баймурзиндерден үлгі алса, олар өздерінің алдыңғы буыннан тәрбие көрген болар. Ал біз Қажымұрат, Өскенбай, Бақыт, Төлеубек сынды ағалардың жұмыс істеу тәсілін, тәрбиесінің шет жағын көріп қалдық. Оларға деген құрмет бөлек. Солардың бірі – Бақыт Баймұратұлы! Біз Бақыт ағамен мақтанамыз.

Редакцияда алдыңғы толқынның салған ізі - тағылымы жалғасып келеді.

Ақиқаты сол!

 

Сая МОЛДАЙЫП


Құрметті Бақыт Баймұратұлы!

75 жасқа толған кемел жасыңыз құтты болсын!

Өнегелі өмір жолыңызда ұлағатты ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келесіз. Бұл - баршамызға үлгі! «Жетпіс бес жас - жеті белес ортасы, асқар таудың сияқтанған жартасы» демекші, осынау құт мереке - мерейлі белесте Сізге мықты денсаулық, баянды бақ пен таусылмас қуаныштар тілейміз. Өмір көшіңіз ұзақ болып, ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіз, қадір-құрметіңіз арта берсін!

Ізгі ниетпен, «Сарыарқа самалы» газетінің ардагерлері мен ұжымы.

saryarka-samaly.kz