Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев өткен жылы жүзеге асырылған гуманитарлық саладағы негізгі жобаларды атап өтті. М.Бегентаевтың сөзінше, өткен жылы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана күрделі жөндеуден өткен. Павлодар облысындағы 78 сакралды орынды аралау мақсатында туристік маршрут ұйымдастырылды. Астана көшесі, 143-үй мекенжайында орналасқан журналистер үйі күрделі жөндеуден өтіп, «Ертіс Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балансына беру қарастырылды. Сондай-ақ «Ertis Promenade» концерттік кешені мен Баянауылдағы Мырзашоқы тауындағы тау шаңғысы базасының құрылыс жұмыстары аяқталды. Облыс әкімі Болат Бақауов соңғы нысанның құрылыс жұмыстарына толығырақ тоқталып өтті. Аймақ басшысының айтуынша, Мырзашоқының курорттық орынға айналуына күмән келтіргендер көп болған.

- Мырзашоқы тау шаңғысы базасын бір жылдан соң ғана іске қосу мүмкін болды. Грузиядағы тау шаңғысы аймағында қайғылы оқиға орын алғандығын жақсы білесіздер. Сондықтан да біз шаңғы базасындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жан-жақты қарастырдық, - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі атап өткендей, биылғы жылы Ертіс өзенінің жағалауын темір жол көпіріне дейін ұзарту жобасын 6 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биылғы жылы «ERTIS» телеарнасының материалдық-техникалық базасы мен ғимараттарын жаңарту жоспарлануда. Бұл мақсатқа 121 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні мердігер ұйыммен шарт жасалған. Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері өңір басшысына бірқатар ұсыныстар мен өтініштер айтты. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов павлодарлық авторлар арасында драмалық шығармалар байқауын өткізу туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, бұл өңірдегі әдеби жанр ретінде драматургияны дамытуға ықпал етеді және жергілікті театрлардың репертуарын түрлендіруге мүмкіндік береді. Республикалық жазушылар одағының тағы бір мүшесі Арман Қани «Ертіс дидары» газетінің жабылу алдында тұрған мәселесін шешуге өтініш білдірді. Болат Бақауов бұл мәселені мұқият зерделеуді орынбасары Мейрам Бегентаевқа тапсырды. Жастар атынан сөз алған ақын Жарқынбек Амантайұлы облыста жас ақын-жазушылардың кеңесін құру, шығармашыл жастарды қолдау мақсатында кітаптарын шығару туралы ұсыныс, пікірін айтты.

Кездесу соңында облыс әкімі өңірдің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан қомақты үлестері үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Ақын Алақанұлына, «Желдірме» жас ақындар клубының жетекшісі, ақын Асығат Тұрғанбекке, «Шаңырақ сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асылбек Әбдікәрімовке, ҚР еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева мен суретшілер Одағының мүшесі Виктор Поликарповқа сертификаттар тапсырды.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz