Алдымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Бақыт Әнесова 8 наурызға арналған мерекелік шаралар легімен егжей-тегжейлі таныстырды. Айтуынша, бұл күні бірқатар мемлекеттік қызметші танымал эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетіп, нәзік жандылар қауымын тәнті етпек. Отандық эстраданың көрнекті өкілдері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Омаров, Бейбіт Көшқалиев және «Меломен» тобы кештің көрігін қыздырады деп күтілуде. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов шаралардың басты мақсаты ана мен баланы қорғау болуы тиіс екенін айтты.

- Мерекелік шаралар қайырымдылық сипатта өткені дұрыс. Атап айтқанда, алыстағы ауылда тұратын, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, аурушаң балалары бар аналарға баса назар аударылғаны жөн. Бұл бағытта қоғамдық ұйымдар мен мекемелер белсенділік танытпақ. Жастар жылы болғандықтан, жас аналар мен қыз-келіншектер де назардан тыс қалмайды. Оларға арналған түрлі шара ұйымдастыру жоспарда қарастырылған, - деді Е.Дәуенов.

Жауапты орган өкілдері Ұлыстың Ұлы күнін мерекелеу бағдарламасына да тоқталды. Бақыт Әнесова Наурыз мейрамына орай облыс аумағында 170-тен астам шара өтетінін айтты. Алғаш рет орталық алаңда әр айдың нышаны болатын 12 алып қуыршақ тұрғындар мен қала қонақтарын қарсы алып, 100 киіз үй тігіледі. Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев киіз үйлерде 15 мың адамға ұлттық тағамдарды ұсынатын мүмкіндік болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жұртшылық тайқазандағы наурыз көжеден дәм тата алады. Мерекелік кештің тізгінін белгілі әнші, актриса Кәмшат Жолдыбаева мен «Каспий» тобының экс-әншісі Айбар Серкебаев қолға алады. Олар үшін қазақы нақыштағы киімдер арнайы тігілуде. Нұрболат Абдуллин, «Кешью» тобы және «Алдаспан» этно-фолькорлық ансамблі павлодарлықтарды құттықтауға келеді.

Бұл ретте Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаев ауданның өз орталығы болмағандықтан, Наурыз мейрамын Красноармейка ауылында қарсы алу жоспарланып отырғанын атап өтті. Болат Бақауов бұл ауданның басқа тұрғындарына қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін ескертіп, Павлодар қаласынан ыңғайлы орын қарастыруды тапсырды. Аймақ басшысы қос мереке кезінде қауіпсіздіктің сақталуын қатаң бақылауға алуды да жүктеді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz