Бұл туралы журналистермен өткен брифингте «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің басшысы Николай Дычко мәлім етті.

- Биылғы жылы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 7 арнайы жоба бойынша жүзеге асырылады, - деді Н.В.Дычко. - Атап айтқанда, «Туған жер», «Қазақстанның сакралды географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ тілінің латын графикасына көшуі» және «Ауыл - ел бесігі».

Биылғы жыл басынан бастап жоғарыда аталған жобалар талқыланып, жұмыс тобы мен арнайы менеджерлер бекітілген.

Жиын барысында өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған шаралар аталды. Біздің аймақ бойынша 2018 жылы 700 мың адамды қамтыған 178 жоба іске асырылып, оған мектеп оқушылары, арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері, білім, мәдениет саласы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, мәдени орталықтар мен музейлер қатысты. Бұл жұмыс осы сипатта үстіміздегі жылы да жалғасын табатын болады.

- Павлодар облысының аумағынан республикалық мәні бар киелі орындар қатарына жақында Сұлтанбет Сұлтан және Ақкелін (Мұса Шорман) тарихи-мемориалдық кешендерінің енгізілуі жақсы жаңалық болып отыр. Біздің аймақтан әлі де осы секілді киелі орындар табылуы мүмкін. Сол үшін биылғы жылы да бірқатар археологиялық тарихи зерттеулер жүргізу қолға алынады, - деді сөзінде Н.Дычко.

Айта кетейік, 2017 жылдың қыркүйегінде Павлодар қаласында «Туған жер» бағдарламасы аясында XVIII ғасырдың көрнекті саяси қайраткері, ел ішінде Сұлтанбет сұлтан деп Сұлтанмұхамед баһадүрдің қайта жөндеуден өткен сарайы ашылған болатын. Ал былтырғы жылдың қыркүйегінде Ақкелін тауының баурайында Баянауыл дуанының аға сұлтаны, ағартушы, этнограф Мұса Шормановтың 200 жылдығына орай кесенесі бой көтерген болатын. Аталмыш екі игілікке де ПМПУ-дің рекоры, белгілі ғалым Алтынбек Нухұлы ұйытқы болғанын көпшілік жақсы біледі.

Н.Дычконың айтуына қарағанда, биылғы жылы «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасын жүзеге асыруда аймақ бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар және азаматтық қоғамды қамтитын 112 жоба қолға алынбақ. Нәтижесінде 4 ірі блок - «Ұлы Даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іс-шаралар және «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы қолға алынбақ. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 12,0 млрд. теңге, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қалалар мен аудандардағы арнайы қорларынан түсетін қаражат та қарастырылды.

2019 жылы іске асырылатын ірі жобалардың қатарында «Мультимедиялық музей кешенінің құрылысы» бар. Оның құрамына археологиялық, геологиялық, этнографиялық және Қазақ мемлекетінің құрылу кезеңі енетін болады. Тағы бір жоба - аймақтың тарихи және архивтік құжаттарын қамтитын ПМПУ-дің «Errtis Histori.KZ» және С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Dala Party» жобалары. Сондай-ақ, көне технологияны зерттеу мақсатында «Ymai» және «Margulan study» атты аймақтық тарихи-археологиялық орталық құру көзделіп отыр. Жоба бойында «Қимақтар елі. Көне дәуір» қимақ-қыпшақ заманындағы археологиялық ескерткіштерді кешенді түрде ғылыми зерттеу жүргізу көзделген.

Биылғы қолға алынар тағы бір қомақты іс - венгриялық атбегілерді қатыстыра отырып, «Қарағай орманында» жылқы туризмін дамыту жобасы. Киелі орындары көптеп саналатын біздің аймақтың көрікті жері Баянауыл ауданында да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынатын шаралар бар. Бұл орайда Баянауылдың туристік аумағындағы ашық аспан астындағы «Баянауылдың сакралдық шеңбері» атты музейлер жүйесін құру жобасын іске асыру да биылғы жылдың еншісінде тұр.

Павлодар облысының аумағынан табылған маңызды жәдігерлер, атап айтар болсақ Х-ХІІ ғасырлардағы Ұлы дала көшпелілерінің жылжымалы баспанасы болған «Қимақ доңғалағы», «Күміс әйелдің» тарихи бейнесі мен киімін және орта ғасырлардың басындағы әйелдің негізгі бас киімі «Бокканы» қалпына келтіру бағдарламасы.

- Экологиялық форматтағы бағдарламалар біздің аймақтағы Ертіс өзені бойындағы тарихи-мәдени, экологиялық туристік әлеуетін зерттеу мақсатында «Алтын Қарағай: Ертіс орманының табиғи мәдени мұра» бағдарламасына біріктірілетін болады. Бұл жобаны жүзеге асыруға Павлодар облысының Азаматтық Альянсы мен Ресейдің Алтай аймағының ғалымдарын тарту көзделуде, - деді сөзінде Н.Дычко.

Ал «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ішкі саясат басқармасы мен «Ауыл» партиясының филиалы бірлесіп, «Ауыл күні» жобасын іске асырса, «Жастар жылы» аясында түрлі тақырыптарды қамтыған жастар жобалары да жүзеге аспақ.

Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бөлімінің басшысы Айгүл Кенжетаева өткен жылдың дересінде «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында жүзеге асырылған нақты шараларды атап өтті. «Ұлы Дала» этнофестивалі, «Ертіс синема» халықаралық кинофестивалі, «Ертіс думаны», «Этноауыл», «Ертіс променад», «Рухани жаңғыру» патриоттық форумы, «Жыл жанашыры» жобаларының жүзеге асуына, «Мектебіме тағзым» облыстық жобасына, т.б. тоқталды.

Сөйтіп, мемлекеттік қос бағдарлама біздің аймақта жалғасын тапты. Белгіленген шаралар ауқымды, маңызды, жауапкершілігі зор. Ғасырлар тозаңында қалып қойған қазақтың өмірі мен тарихына қатысты тың дүниелер осы зерттеу- лер барысында жарыққа шығып жатса, көне дүниелер жаңғырса, нәтиже деген сол болмақ. Іске сәт!

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz