Сан қилы тағдыр,
сырларын шерткен көненің.
Сарғайған беттер,
сақтауда жылдар дерегін.
Самаладай боп,
санаға сәуле шашумен
Сан жылдар бойы
сіңірген елге еңбегін.

Ақ таңы туып,
ақтаңдақтарды ақтаған.
Ақтарып тарих,
аяулыларды жоқтаған.
Ардақтылардың
алдында иген әз басын,
Атылса-дағы,
алаштың арын сатпаған.

Ризығын теріп,
Риза боп қолда барына,
Риясыз сенген,
Рауандап атқан таңына,
Рухына елдің
Рух қосамын деп терлеп тым,
Раушан гүлдей,
Рахатын көрдің еңбектің.

Ырыстың алды -
Ынтымақ болып ұраның,
Ыждаһат пенен
Ықылас – еңбек құралың.
Ысқылап қолды,
Ысқыра жүріп іс қылған,
Ырқына көнбей,
Ығына жыққан бұланы.

Арқалап жүгін,
Айнасы болған заманның,
Асықпай жүріп,
Аптықпай басып қадамын.
Адаспай жолдан -
Ағалар салған соқпақтан,
Айтары – анық,
Айнымай танып жазарын.

Рухани досы,
Қарияның да, жастың да.
Разы етіп елді,
Тоқсанға аяқ бастың ба?
Ризамыз саған,
Реңі бөлек басылым,
Рауандай берсін,
Таңдарың өмір-тасқында!

Қарымы мықты,
қаламгер шықты қаншама.
Қорғасын сөзді,
қару қып өтті қанша жан.
Қайыспас белі,
қайратты ерің қиналмай,
Қанмайдан барып,
қорғаған елді жан сала.

Азабын көріп,
Адалын теріп еңбектің.
Амалын тауып,
Арамның жолын сен кестің.
Ауыл-аймақты,
Аралап бірін қалдырмай,
Алыста жүрген
Ағайынға да сен жеттің.

Сөздерің сырлы,
сылдырап аққан бұлақтай,
Сусыны қанар,
сусаған адам құрақтай.
Самғай бер, самға,
сұңқардай, қанат талмасын,
Сүңгідей сөзбен,
сүрінбей жетіп мұратқа.

Алға, тек алға,
алшаңдап алға баса бер,
Асулар – алда,
алынар қамал, алда – бел.
Аяулы жандар,
атына оқып фатиха,
Алғысын алдың,
ақсақалдардың ардагер.

Мазмұны бөлек,
маңызды істер атқарып,
Міндетің – айқын,
мақсатқа тура аттанып.
Марғасқалардың,
Мұрасын көпке жеткіздің.
Мәңгілік елдің
мұраты үшін шаттанып,

Ақ нұрға бөлеп,
Ақпанның аязды күнін.
Аттанды алашқа
Ақпарлы ақ парақ үні...
Асулар асқан
Алқынбай тоқсанның тойы,
Ағайын, қуан,
Аспанға ат бөркіңді бүгін!

Лайланбай тұнық,
тайсалмай жүзге баса бер,
Лайықты саған,
тұлпарлар тұрқы – асау, өр.
Лашындай самға,
тұяғың таймай тұғырдан.
Лүпілдеп қана,
«Сарыарқа»-жүрек соға бер!

Ыстыққа күймей,
Суыққа тоңбай, қарышта,
Ықыласы елдің
Самғата берсін ғарышқа.
Ынтымақ-бірлік
Ырысың болсын іздеген,
Ырысың толсын,
атағың кетіп алысқа!

 

Торғын ОРАЗАЛЫ, Екібастұз қаласы. 21 ақпан, 2019 жыл.

saryarka-samaly.kz