Сол майдан белдеулері - бүгінгі қарт жауынгерлердің жүрегінде, ұрпақтар санасында. 1941 жылдың аяғында Алматыда 100-қазақ атқыштар бригадасы жасақталғанын біз тарихтан білеміз. Бұл бригаданың құра-мына көбінесе еріктілер енген-ді. Осы бір Ұлы Отан соғысы атты саяси ойында өзіндік орны бар 100-қазақ атқыштар бригадасының құрамында болған Қазақстанның Халық жазушысы, сержант Әзілхан Нұршайықовпен 2010 жылы Алматыға арнайы барып, әңгімелесіп қайтқан едік.

- Әз аға, 100-қазақ ұлтынан жасақталған бригада туралы сұрағым келіп отыр...

- Москва үшін шайқас - екінші дүниежүзілік соғыстың маңызды оқиғаларының бірі. 1941 жылдың күзінде неміс-фашист командованиесі Москва бағытына бар соғыс күштерінің тең жартысын бағыттағанын сіз тарих оқулығынан білесіз. Гитлер және оның генералдары Москваны алу – бүткіл соғыстың аяқталуы деп түсінді. «Тайфун» операциясының баса-көктеген шабуылына қарсы Батыс майданының алты армиясы тұрды. Калинин майданы жасақталды. Ал 100-жеке қазақ атқыштар бригадасы 1941 жылғы 13 қарашасында КСРО Қорғаныс Мемлекеттік комитетінің қаулысы негізінде құрылды. 1922 жылғы әскерге шақырылушыдан және 40 жасқа жетпеген әскери міндетті ер-азаматтардан құралды.

- 100-қазақ ұлтынан жасақталған бригаданың есте қалатындай басты маңызды оқиғасы қызықтырып отыр...

- Бейбіт өмірде еркін жүргендер үшін Отан қорғау асқан жауапкершілікті жүктеді. Өз еркімен әскерге сұранғандар бірінші күннен соғысып кеткісі келді. Олардың көздері жанып, күш-қайраты тасып тұрды, ылғи сен тұр, мен атайындар, шетінен ширақ. Олар үшін бірінші - 12 қаңтардағы жауынгерлік ант қабылдау сәті, екінші - Қазақ КСР-і өкіметінің ескерткіш туын алу кезі, үшінші - 1942 жылдың 1 қазанында Жауынгерлік Қызыл Тудың берілу салтанаты өте маңызды дер едім. Мен өзім де сол бригадада болдым ғой, бәрін өз көзіммен көрдім, қатыстым.

- Әз-аға, қазақтың батыр қызы Мәншүкпен жауға оқ ату бақыты бұйырған екен. Мәншүк жайында айтсаңыз? Батыр қыз қандай еді?

- Ол кезде талдырмаш қыздың батыр болатынын қайдан білейік? Ер-азаматтар арасында айтқанын істетіп, еркелеп жүретін. Әдеміше, қараторы, ашық-жарқын болды. Және тап-тұйнақтай, тиянақты, тапсырманы мезгілінде тықылдатып орындайтыны әскери басшыларға ұнайтын. Өзін ашықтығы, ерке қылығы үшін барлық жауынгерлер қарындасындай жақсы көрді. Әсіресе, қазақ жігіттерін туған ағасындай көріп, еркелеп жүретін. Бәріміз оның алдында кішірейе қалатынбыз. Не керек, ерлермен қатар тал шыбықтай нәзіктігімен ажал төгер зеңбіректі ұршықша үйірді ғой. Соғыс түбіне жетті, жер жастанды.

- Сонда Мәншүк ерлікпен қаза болды деп естігенде қандай көңіл-күйде болдыңыздар? Батыр қызды қалай жерледіңіздер?

- Бәрі де есте ғой. Біз өзіміз қатысқан соғыстың тарихын өзіміз жасадық қой. 1943 жылдың 16 қазаны күні Изоча станциясындағы 173,2 м биіктігінде неміс басқыншыларымен жан аямас шайқаста ақтық демі қалғанша күресе отырып, ерліктің үлгісін көрсетті ғой. Біз кезекті шабуылдан кейін Невель қаласына кіріп келе жатқанбыз, жауынгерлер шіркеудің жанына бой түзей сапта тұр. Олар зеңбіректерін, қару-жарақтарын көшеге тастап, артдивизион сап түзей нық қадам басып, өтіп жатыр. Біз аң-таңбыз. Біраздан соң байқадық, алаңның ортасында екі жаңа қабір пайда болған. Біреуінде «Пулеметчица Маншук Маметова. 1922-1943», екіншісінде «Снайпер Ибраим Сулейменов. 1911-1943» деген жазу көзге түсті. Қабір басында подполковник Әбілқайыр Баймолдин және подполковник Сақтаған Баишев тұр.

- Біздің жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдинді де көзіңізбен көріп, бірге соғыстыңыз? Ол кісі әскери басшы ретінде қандай еді?

- Әбілқайыр келбетті, қап-қара шашын артына қайырған еңселі адам болды. Әскери білімі бар, тәртіпті, жинақы, өзінен де, өзгеден де тәртіпті талап ететін. Саңқылдаған дауысы нағыз командирдікі болатын. Айтқан сөзін тыңдата алатын, қатал адам еді. 100-бригаданың командирінің орынбасары болды. Әбілқайыр басмаштармен күресте шыныққан, атақты Доватордың кавалерия корпусында әскери комиссар болып, әскери ойынның тактикасын үйреніп, тәжірибе жинақтаған. Оның осындай әскери мол тәжірибесін, адамдарға деген қамқорлығын ескеріп, Невель қаласының коменданты қызметіне тағайындады. Міне, қазақ ұлты Ұлы Отан соғысында тәртіптілігімен, батылдығымен, қайсарлығымен, ұғымталдығымен өзге ұлт өкілдері арасында дараланды. Жекелеген қазақ жауынгерлері жасындай жарқылдады. Отан деп отқа түсті. Азаматтық ардың тазалығын барынша сақтады, барынша айғақтады. соғыстың соңғы сөзі әлі айтылған жоқ, тарих бәрін өз орнына қояды. Ағы ақ, қарасын қара дейді.

- Біз павлодарлық патриоттық экспедиция құрамында 2005 жылы Невельде болдық. Сонда бауырластар зиратында Мәншүкпен қатар Әбілқайыр Баймолдин жерленген. Екі қабірдің арасы қол созым жер. Қазасы қатар, қабірі қатар қос қазақтың ұл-қызының рухы алдында тіземіз дірілдеп, көзімізге жас келген еді. Осы бір мәңгілік бірліктің құдіретін қалай түсіндіресіз?

- Иә, иә, бас шайқайтын туыстық қой бұл деген! Мен де бұдан бір екі-үш жыл бұрын Невельге барып, Мәншүк пен Әбілқайыр жатқан бауырластар зиратына тәу етіп қайттым. Өзім соғысқан қарт Невельді, бауырластар зиратын көргенде сұрапыл соғыс үні құлаққа келгендей болды.

 

Ақмарал Сағымбекова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 2010 жыл.

saryarka-samaly.kz