Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы кооперативтері ұлттық одағының атқарушы директоры:

- Менің ойымша, ауыл шаруа-шылығы саласына күрделі өзге- рістер қажет. Біз ішкі нарықтың принципімен өнім сата алмай отырмыз. Әзірге тек өз сұранысы-мызды қамтамасыз етудеміз. Бірақ дүкенге барсаңыз, Қытай, Пәкістан, Польшаның өнімдері! Неге? Инфрақұрылым жетіспейді. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекет тарапынан ірі қараны өсіруге бағытталған бағдарламалар құрылды. Бірақ қойға қатысты бағдарлама жоқтың қасы. Ал еліміз үшін ірі қара малдан гөрі қой тиімді. Өткен жылғы көрсеткішке сүйенсек, Қазақстанда 18 млн. шамасында қой бар екен. Яғни, адам басына бір қойдан. Мысалы, Австралияда әр тұрғынға 6-7 қойдан, Жаңа Зеландияда 16-17 қойдан келеді. Ондай көрсеткішке жетуге барлық мүмкіндігіміз бар. Тек қой шаруашылығына барынша көңіл бөлуіміз керек. Жастардың бәрі оқыған, көзі ашық. Шаруашылықтың осы түрімен айналысатындарға қолдауды еселеп көбейту қажет. Өз басым, ірі қара малдың еті жыл сайын жоспарлағандай 6 пайызға өсіп отырады дегенге күмәнмен қараймын. Ал қой шаруашылығы 4-5 жылдың ішінде 200 мың тонна етті экспортқа шығаруға мүмкіншілігі бар. Онымен қоса, ішкі нарықта да өз тұтынушыларын толығымен қамтамасыз ете алады.


Марат ШҰҒАЕВ, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтыр Павлодар облысының шаруалары шетелге 1 мың тонна көлемінде ет экспорттады. Биылғы жоспар - 2300 тонна. Оны сәтімен орындайтынымызға сенім мол. Бұл ретте, басты үмітіміз ірі шаруа қожалықтарына артылып отыр. Атап айтсақ, 10 мың бас ірі қара бордақылап отырған Шарбақты ауданындағы «Абай» шаруа қожалығы, 1,5 мың бас малға арналған бордақылау алаңы бар Баянауылдағы «Жайма» шаруа қожалығы бар. Бұдан бөлек, экспорттық әлеуетке ие «Рубиком» ЖШС-ні ерекше атап өтуге болады. Павлодарлық ет көбіне Ресей еліне жөнелтілуде. Араб елдеріне қой еті жеткізілді. Қазіргі кезде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай елінің үкіметімен тиісті келіссөздер жүргізуде. Сондықтан алдағы уақытта күншығыс еліне де ет экспорттауымыз мүмкін. Өкінішке қарай, аймағымыздағы шаруа қожалықтарының барлығы шетелге ет шығара алмайды. Мұндай мүмкіндік Кедендік одақтың арнайы реестрінде тіркелген ірі шаруашылықтарда ғана бар. Себебі, экспортқа жөнелтілетін еттердің сапасы жоғары болуы тиіс. Әрі халықаралық ветеринариялық талаптарға сай болуы қажет. Сондықтан, қазіргі кезде өңірдегі шағын шаруа қожалықтарының иелерін өз малдарын жоғарыда аталған ірі бордақылау алаңдарына тапсыруға үгіттеп жатырмыз.


Құдайберген ҚАНАПИЯНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:

- Өкінішке қарай, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту концепциясы дұрыс құрылмаған. Әлі күнге дейін кеңестік кезеңнің түсінігімен өмір сүріп келеміз. Егіншілікке көп көңіл бөлінуде. Саланы қаржылай қолдау шараларының басым бөлігі де осы салаға бағытталған. Ал мал шаруашылығына енді-енді көңіл бөле бастадық. Еліміздің солтүстік өңірінің жері құрғақ. Тың игеру жылдарындағы қарқынмен жылда күштеп егін егіп жүргеніміз болмаса, негізінде табиғатымыз егіннен гөрі мал шаруашылығын дамытуға әлдеқайда қолайлы. Осыны жете түсіну қажет. Әрине, егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамитыны түсінікті. Дегенмен, мал шаруашылығын кешенді дамытудың жолдарын қарастырып, бар күшімізді соған сарп етуіміз керек. Бұл ретте, осы міндетті абыроймен атқарып шыға алатын мамандарды даярлау маңызды. Аграрлық білім алған жас мамандарды ауылға тартудың тетіктерін қарастырып, оларға барынша қолдау көрсетсек, нұр үстіне нұр болады.


«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz