Естеріңізде болса, былтырғы маусым соңында «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров алдағы уақытта команда сапын 80 пайызға дейін жаңартатынын айтқан еді. Меже орындалды. Қайта жасақталған командада шетелдік футболшылармен қоса, бірнеше отандық ойыншылар да бар. Облыс басшысы Б.Бақауов былтырғы маусым командаға сабақ аларлықтай кезең болғандығына тоқталды.

- Өткен маусымда Павлодар футболының бұрын-соңды болмаған сүреңсіз ойынын көрдік. Биыл команданың бас бапкері Димитар Димитров селекциялық жұмыс-тармен өзі айналысты. Нәтижесі жаман емес секілді. Спорт ардагерлері де команда жұмысына оң баға беруде. Биылғы маусымда қалайда жүлдегерлер қатарынан көрінуіміз керек. Алдарыңызға осындай міндет қоямын, - деді аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы.

Сондай-ақ облыс әкімі аталған мақсатқа жету жолында командаға барлық жағдай жасалғанын айтты. Алдағы уақытта ойыншылардың тәртібін жіті қадағалап, жасыл алаңда адал ойын көрсетуге шақырды.

«Ертіс» футбол командасының бас бапкері Димитар Димитров қолдау көрсеткені үшін аймақ басшысына алғыс айтты.

- Жаңа маусымға тас-түйін дайынбыз. Жігіттеріміздің жеңіске деген құштарлығы басым. Былтырғыға қарағанда едәуір жақсы ойын өрнегін көрсетуіміз керек. Алайда қарсыластарымыз да маусымға тыңғылықты дайындық үстінде. Қашан да қасымыздан табылатын павлодарлық жанкүйерлерге ризамын. Биыл да сіздердің қолдауларыңыз қажет, - дейді бас бапкер.

Еңбек ардагері Сапарбек Беркетов ойын кезінде бас бапкердің төрешілер жұмысына араласпай, әдеп сақтауын сұрады. Сондай-ақ «Ертіс» тарихи команда екендігіне тоқталып, командаға сәттілік тіледі.

«Ертіс» футбол клубының жаңа құрамын таныстыру рәсімі облыс орталығындағы Batyr Mall сауда-ойын сауық орталығында өтті. Салтанатты шараға облыстық футбол федерациясының президенті Ұлан Жазылбек қатысып, футболшыларға команданың жаңа спорттық формаларын табыс етті. Сондай-ақ 9-шы наурыз күні сырт алаңда өтетін «Ертіс» пен «Тобыл» ойынына баруға ниетті жанкүйерге арнайы автобус қарастырылатынын айтты.

«Ертіс» футбол командасына ұзақ жылдар бойы жанкүйерлік етіп келе жатқан азаматтар да бұл кеште назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Ақтоғай ауданының тұрғыны Сағынтай Шәріпов 1975 жылдан бері қарай «Ертістің» ойындарын қалт жіберген емес. Ол аптап ыстық пен қақаған аязда да орталық стадионнан табылады. Ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде командаға жанкүйерлік танытқан Сағынтай Шәріпов, Сәмкен Құрманалиев, Анатолий Шушкановқа абонемент карталары сыйға берілді.

Кеш барысында жергілікті өнер жұл-дыздары мен «Өнеге» этно-фольклорлық ансамблі халық музыкасының үлгілерін орындап, көпшіліктің көңілін көтерді.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz