Мерекелік шараға облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

- Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Бүгін - шаңырағымыздың шуағы, отбасымыздың береке-бірлігін сақтап отырған асыл аналарға айрықша құрмет көрсететін күн. Халқымыз «Жұмақтың кілті - ананың табанының астында» деп бекер айтпаған. Әйелдер қауымы еліміздің дамуы мен өркендеуіне де ерекше үлес қосуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана көп балалы аналардың жағдайын жасау туралы нақты тапсырма берді. Облысымызда «Нұр Отан» партиясының мүшелері осы бағытта жұмыс жүргізуде. Біз аналарымыз бен қыздарымызды тек осы күні ғана емес, әрдайым аялап, құрметтеуіміз керек, - деді Болат Жұмабекұлы.

Аймақ басшысы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша алты және одан көп бала тәрбиелеп отырған аналарға «Күміс алқа», жеті және одан көп бала дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» белгілерін тақты. Сонымен қатар, қызметте жоғары нәтиже көрсетіп жүрген әйелдер облыс әкімінің Құрмет громатасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл жолғы мерекелік концерттің бір ерекшелігі – сахнаға өнер адамдары ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер де шығып өнер көрсетті. Олардың қатарында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко бар. Ол қазақтың қара домбырасымен Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін тартты. Ал, кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рыспеков пен дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтар ән айтты. Сондай-ақ, павлодарлық аналарды мерекемен құттықтау үшін елімізге танымал бірқатар өнер жұлдыз- дары – Марат Омаров, Бейбіт Қошқалиев және «Меломен» тобы арнайы келіп, ән шашуларын шашып, кештің сәнін келтірді.

 

Тілеуберді САХАБА

* * *

Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

«Сіздер үшін...» деген атаумен өткен мерекелік шараға «Шаңырақ» орталығының шығармашылық ұжымы мен облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясы қатысып, әуезді әннен, күмбірлеген күйден, мың бұралған биден шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Концерттің шымылдығы «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күйімен ашылды. Бұдан соң «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Нұржан Сарқамбаев «Көзіңнің мөлдірін-ай» халық әнін шырқады. Жанды дауыста орындалған әсем ән көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Ал республикалық дәстүрлі ән байқауларының бірнеше мәрте жүлдегері Жанболат Байсолтан «27 қыз» әнін орындап, ұмыт болып бара жатқан халық әнін қайта жаңғыртты. Бұдан соң «Шаңырақ» вокалдық тобы, жергілікті эстрада әншісі Әлия Закриянова, «Өнеге» домбырашылар триосы, «Томирис» би ансамблі, «Жас қанат» эстрадалық студиясының өкілдері кезектесе өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама әнші Мұса Құтмановтың орындаундағы «Анаға сый» әнімен түйінделді.

- Көктемнің шуақты күнінде мерекелік бағдарлама әзірлеп, аналардың көңілінен шыққанымызға қуаныштымыз. Облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясының өнерпаздарына да алғыс айтқым келеді. Қос ұжымның береке-бірлігі алдағы уақытта да жалғаса берсе деймін. Бүгінгі концертте, әсіресе, «Томирис» би ансамблі мен «Жас қанат» эстрадалық студиясының кіші тобындағы балақайлардың өнері көпшілікті сүйсіндірді, - дейді «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығының басшысы Риза Аяпбергенова.

Күлімдеген көктеммен бірге келген айтулы мереке қарсаңында жергілікті өнер жұлдыздарының өнерін тамашалауға келген көрерменге зал лық толы болды. Қос өнер ұжымы алдағы мереке күндерінде де осындай концерттік бағдарламалар өткізуді жоспарлауда.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz