Мамандар биыл екінші Павлодар шағын ауданындағы жағдайды жіті қадағаламақ. Осы орайда, еріген қар суы мен жер асты суын жинауға арналған ұңғыма қазылды. Былтыр екінші Павлодар шағын ауданында жер асты суы көтеріліп, біраз тұрғын үйлер зардап шеккен болатын. Мамандар бұған нақты ненің себеп болғанын дөп басып айта алмай отыр. Алдағы жаз айларында су деңгейінің күрт көтерілуі себебін зерттеуге бекініп отыр.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бауыржан Әбілқасымовтың айтуынша, өткен жылдың қараша айы мен биылғы наурыз айы аралығында Павлодар қаласында 130 мың тонна қар шығарылған. Әсіресе, екінші Павлодар мен Зеленстрой шағын аудандарында жұмыс қызу жүргізілуде. 25 ақпаннан бастап 7 наурыздағы жағдай бойынша аталмыш аумақтардан 22 мың тоннаға жуық қар шығарылды. Бұл ретте екінші Павлодардан 15 мың тонна, Зеленстрой шағын ауданынан 7 мың тонна қар күрелген.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл өңірде су басу қаупі бар 32 елді мекен бақылауға алынған. Яғни, жалпы саны 1 мың 33 үйде тұратын 3 мың 729 адамның тағдыры назарда. Елді мекендердің ішінде Май ауданындағы Ақсарай және Жаңасарай ауылдарында дамба салынып, су тазарту құбырлары орнатылған. 16 ауыл ықшамданған. Әсіресе, 14 елді мекендегі жағдай қатаң бақылауда тұр. Бұл қатарға Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылы, Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылы, Баянауыл ауданындағы Ақши, Ұзынбұлақ, Жаңатілек, Бірлік, Қаратомар ауылдары, Тереңкөл ауданындағы Песчан, Тереңкөл, Қарасуық, Павлодар ауданындағы Бірлік пен Заря ауылдары, Шарбақты ауданындағы Аникино ауылдары жатады.

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Ақсу қаласы, Ақтоғай, Павлодар, Шарбақты, Тереңкөл аудан-дарының әкімдері қауіпті сейілту мақсатында бірқатар шараларды қолға алу жөнінде тапсырма берді. Қала-аудан әкімдері мен жол мекемелерінің басшыларына су өткізу құрылғыларын тазалау жұмыстарын жүргізу жүктелді.

«Қазгидромет» республикалық мемле-кеттік кәсіпорны Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, түскен қардың мөлшері нормаға сай. Сондықтан көктемгі табиғат мінезі былтырғыдай болады деп күтілуде. Аймағымызда қардың қалыңдығы орташа есеппен 20 сантиметрге тең. Өткен жылы бұл көрсеткіш 18 сантиметрді құрады.

Мамандар Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылында да су тасқыны кезіндегі қауіптің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Жыл сайын шеткі үйлері су астында қалатын Кенжекөл ауылы мен Ленин кенті, Ақсу қаласындағы жағдай Ертіс өзеніне түсетін судың көлеміне байланысты болмақ. Бұл ретте жыл сайын топырақ үйінділерін бекіту жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылдың қараша айында биылғы су тасқынына дайындықты жүзеге асыруға байланысты Ленин кентінде ұзындығы 800 метрді құрайтын, биіктігі 2,5-3 метр болатын топырақ үйіндісі жасалды. Сонымен қатар мұндай жұмыстар Кенжекөл ауылында да жүргізілді. Ондағы топырақ үйіндісінің ұзындығы 2100 метрді, биіктігі 3,5 метрді құрайды. Ақсу қаласында да ұзындығы 110 метрге тең бөгеттер күшейтіліп, ұлғайтылды.

Су тасқынының алғашқы кезеңінде Қарағанды облысынан қауіп күтілуде. Екінші кезеңде Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне су жіберіледі.

Мамандар су тасқыны кезінде тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Бұл ретте көлікті уақытша тұрақтарда қоймай, бағалы заттарды қалдырмау керектігін айтады. Сонымен қатар, көлігіңізде қосымша киімдер мен құтқару құралдарын бірге алып жүру керектігін айтады. Су ағындарынан да сақтанған жөн. Тереңдігі 15 см ағынның өзі адамдардың өміріне қауіп әкеледі. Ал бұл көрсеткіш 50 см-ге жетсе, көлік те өте алмайды екен. Егер қауіпті аймақта қалсаңыз дауыс ырғақтары, түрлі түсті жалаулар арқылы көмекке шақыруға болады. Сонымен қатар электр желілерін токтан ажыратқан дұрыс.

2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және салдарын жою бойынша кешенді шараларды көздейтін арнайы жол картасы құрылған. Оның аясында Ащысу өзенінің түбін тазарту, тереңдету және жағалауын бекіту, нығайту бойынша жұмыстар көзделген. Сонымен қатар, Мұса Шорман ауылындағы (Теңдік) дамбаның сумен шайылған 64,0 метр бөлігін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. 7 су өткізгіш құбырлары да қайта қалпына келтірілмек. Бұл бағыттағы жұмыстар 2019 жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуде.

Қауіпті аймақтар тізімінде тұрған Ақтоғай ауданына хабарласып көрдік. Көктемде Шолақсор ауылының аумағына Сілеті өзенінің суы жайылады. Аудан әкімдігі аппараты төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғау бөлімінің бас маманы Еламан Араловтың айтуынша, биыл аталмыш елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ. Төтенше жағдайды болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілген. Ауданда «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп, техникалардың дайындығы пысықталған. Сілеті өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізіледі. Ондағы судың деңгейі күн сайын азайып келеді екен. Аудан бойынша 5 мың қапшық, қажетті деңгейде құм, инертті материалдар қоры әзірленген. Оның ішінде 1 мың қапшық Шолақсор ауылында дайындалған.

- Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін бар күшімізді саламыз. Техника саны жеткілікті. Бұл ретте жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен келісімшарт жасалды, - дейді ол.

Баянауыл ауданы да су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейткен. Қазіргі уақытта жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі қауіп төніп тұрған елді мекендерді аралауды жоспарлауда.

Баянауыл ауданына қарасты Сәтбаев ауылдық округінің әкімі Қалым Әмиевтің сөзінше, ауылда қар әлі ерімеген. Инертті материалдар қоры жеткілікті.

- Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары өз деңгейінде қолға алынды. Қарағанды облысымен байланыс орнатылып, су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Қараащы ауылында және Қараащы-Теңдік ауылдарының аралығындағы жолда су бөгеттері бар. Барлық жұмыстар аудан әкімінің бақылауына алынған, - дейді Қалым Нағымтайұлы.

Осылайша, мамандар күшейтілген жұмыстардың нәтижесінде табиғаттың тосын мінезіне төтеп береміз деп отыр.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz