Біз бұған дейін Арман Бақтанұлының мерейлі 65 жасқа толғанын газетімізде сүйіншілей жазып, қуанышымызды қалың оқырманмен бөліскен едік. Ес біліп, етегін қымтағалы ақынның Алаш деп соққан жұдырықтай жүрегінің соғысын, бойындағы қазақы қанының иісін отты жырларынан сезінуге болады. Кешегі сұрқылтайы көп, запыран құстырған зұлмат замандардың өзінде «Мен қазақпын!» деп «Жас тұлпар» ұйымына үн қосып, қаршадай баланың шенді-шекпенділерге именбей қасқайып қарсы тұруының өзі ерлікпен пара-пар дүние еді. Сол бір тар кезеңдерді бастан өткермеген соң бейбіт күннің ұрпақтары еркіндіктің қадірін түсіне алмаймыз-ау. Бірақ Арман ағамыздың кек пен ыза қайнаған, найзағайдай ойнаған, асау өзендей буырқана тасыған отты жырларын оқи отырып, келмеске кеткен сол бір кер заманға барып келгендей күй кешесіз.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында қазақтың біртуар тұлғалары Арман Қанидің лирикаға толы нәзік, шумақтары шымыр, рухқа толы өлеңдеріне жоғары баға берді. Соның бірі қара сөздің қаймағын сүзген қайталанбас ақын Жұмекен Нәжмиденов еді. Қуандық Шаңғытбаев та ізінен ерген інісінің жолына үмітпен қарап, республикалық басылымдарға жас ақынның өлеңдерін жария-лады. Ал ақынның алғашқы жыр жинағына жерлесіміз, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай толымды пікір білдірген еді. Осындай Алаштың айтулы азаматтарынан ақ бата алған ақын Тәуелсіздікке дейін және ел егемендігін алғаннан кейінгі уақытта жазған жырларын әр жылдарда кітап етіп жарыққа шығарып, көзі қарақты оқырмандарымен бөлісіп келеді. Ол бұған дейін «Ар алдында», «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды тұман» секілді жыр жинақтарын көпшілік оқырманға ұсынып үлгерді. Ақын 65 жас мерейтойы қарсаңында тағы бір жыр жинағын жарыққа шығарып, көпшіліктен сүйінші сұрады.

«Қарашығымдағы бейнелер» деп аталатын өлеңдер топтамасына ақынның әр жылдарда жазған тың туындылары енгізілген. «ЭКО» баспасынан 500 данамен жарық көрген жаңа кітаптың шығуына кәсіпкер, қоғам белсендісі Асылбек Туғанбай демеушілік көрсетті. Кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімінде кәсіпкердің: «Аға, бұл кітапты өмірдегі, өнердегі, өлеңдегі барша інілеріңіздің тартуы деп қабылдаңыз!» - деген сөзіне қарап, ел азаматының үлкенге деген кішілігін, кішіге деген кісілігін аңғардық.

Жаңа жыр жинағы «Қанағаттан кейінгі тарих», «Дүбір», «Шапағатшы шақ», «Думанды дүние», «Аза жалауы», «Аяқталмаған сөйлем» секілді бірнеше бөлімдерден тұрады. Қазақ: «Тектіден текті туса игі, атаның жолын қуса игі» дейді. Арман Бақтанұлының арғы атасы қазаққа теңдік сұрап, Алаш үшін басын бәйгеге тіккен, ұлы даланың ақын-композиторы Мәди Бәпиұлы еді. Ал нағашы атасы - жаяу жүріп, аттыдан кегін алған атақты Жаяу Мұса Байжанұлы. Ол жаңа жыр жинағында ұлылардың үндестігін де жырына арқау ете білді. Мәселен,

Тар кезеңде «Мен Арман Қанимын!» деп,

Алға ұмтылсам,

Алланы танимын тек!

Мені қойшы,

Мәшһүрдей әулие де,

Абақтыға келген ғой

Мәдиді іздеп, - дейді. Бұдан бөлек, қазақ сөз өнерінің классигі, жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовке, әлемге аты әйгілі ақын Олжас Сүлейменовпен сырласу өлеңдері бар. Бұдан бөлек, ақынның өңірдегі белгілі тұлғаларға арнап жазған жырлары да осы кітапқа енгізілген. Қапыда қыршын кеткен ұлы Рауанға арнап жазған шерлі өлеңдері де осы кітапқа жарияланды. Халқының мұң-мұқтажы, жетістігі мен әттеген-айлары да ақын көңілін елеңдетпей қойған жоқ. Мысалы, ақын «Париждегі кездесу» өлеңінде сонау Францияда жүрген асыранды қазақ баласы Мұхаммедке жыр арнайды:

...Перзентсіз әйел болғысы келсе балалы,

Балалар үйі ішінде доллар бағалы.

Бес Франция сыятын Қазақстанға,

Жетімдер сыймай,

Парижден пана табады... дейді. Иә, жетімін мұхит асырып, өзге елдің босағасында жәутеңдеткен бүгінгі безбүйрек қоғамның сұрқын осылайша төрт ауыз өлеңге сыйғызған. Арман Бақтанұлы осыдан біраз уақыт бұрын мұсылманның 5 парызының бірі – қажылық мінәжатын өтеу үшін Арабияның Мекке мен Медине қалаларына барып, кіші қажылық рәсімін өтеп қайтты. Адамзаттың асылы – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмір сүрген жеріне табаны тиіп, Қағбаның қара тасын ұстап қайтқан ақын мұсылмандық бағыттағы өлеңдер топтамасын да жырсүйер қауымға ұсынып келеді. «Бір ақынның сау болса тіл мен жағы, Мың адамның айтылар мұң мен зары» дегендей, сөзі орамды, ойы алғыр ақынның әлі де ұлтына берері мол екендігіне сенеміз. Мерейтой иесіне шалқар шабыт пен зор денсаулық тілейміз.

Қадірменді оқырман! Жанға рух, бойға қуат сыйлайтын ақынның тегеурінді жырларын оқығыңыз келсе, «Қарашығымдағы бейнелер» кітабын «Ертіс Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарату бөлімінен (Павлодар қаласы, Астана көшесі, 143-үй, 202-бөлмеден) сатып алуға болады. Бағасы - 1100 теңге. Телефоны: 65-12-75. Қапы қалмаңыз, оқырман!

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz