Әлі ерте...

Әсіресе, әйелдер қауымы реніш білдіріп, мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Бұған не себеп? Жалпы, жаңа жүйе бойынша тағайындалатын жәрдемақыны нақты кімдердің алуы мүмкін? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік...

Бүгінгі таңда 4 және одан көп баласы бар отбасыларға ай сайын 10 504 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Айта кетерлігі, мұндай санатқа 4-ші баласы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін дүние есігін ашқан шаңырақтар ғана ілігеді. Өткен жылдың басында осы жүйеге енгізілген өзгертулерге байланысты бұдан былай тек 5 баласы бар отбасылар ғана толығымен «көп балалылар» санатына жатады. Өкінішке қарай, көптеген аналар бұл мәселені әлі де түсінбей жүрген жайы бар. Сол себепті біріншіден, ел қазынасынан төленетін мемлекеттік жәрдемақыдан дәметпес бұрын әркім алдымен өз отбасының қандай санатқа жататынын анықтап алғаны абзал. Екіншіден, бұл әлеуметтік қолдау тұрмысы төмен отбасыларына да тағайындалмақ.

«Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасы 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап көпбалалы отбасыларындағы әр балаға ай сайын 21 мың теңгеге жуық мөлшерде әлеуметтік көмек тағайындау туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатқа ел қазынасынан қомақты қаражат та қарастырылды. Ал бір апта бұрын Мемлекет басшысының төрағалық етуімен өткен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жайлы кеңесте аталмыш әлеуметтік көмек биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап берілетіні белгілі болды. Яғни, Елбасы әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған әлеумет мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуі тиіс екенін атап өтті. Бірақ, бұл қаржылай жәрдем «анау-мынауға» емес, шынайы көмекке мұқтаж әрі көп балалы отбасыларына үлестірілмек.

- Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан, мемлекеттің тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек, - деп қадап айтты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының шұғыл тапсырмасынан кейін халық қалаулылары мен осы мәселеге тікелей жауапты министрлік өкілдері жер-жерді аралап, ел арасында түсіндіру жұмыстарын бастап та кетті. Алайда, көпшіліктің көкейінде әлі де сан сұрақ бар. Осыған орай, облыс, аудан орталықтарындағы «Нұр Отан» партиясының филиалдарына әр саланың мамандары келіп, көп балалы аналар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларының мүшелеріне кеңес беруде. Облыс әкімдігі жанынан құрылған «Ана мен бала» атты бастамашыл топтың жетекшісі Динара Салықованың айтуынша, павлодарлық аналарды алаңдатқан мәселе де аз емес.

- Күн сайын «Нұр Отан» партиясына жағдайын айтып келушілердің қарасы толастар емес. Материалдық көмекке аса мұқтаж отбасыларына жергілікті әкімдік пен демеушілер тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Негізінен, қазіргі уақытта тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларын мазалаған басты мәселе – баспаналы болу, жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу. Қуантарлығы, көп балалы отбасылардың пәтерлі болуы үшін «Бақытты отбасы» жобасы қанат қағуда. Ал жәрдемақы мен әлеуметтік көмек мәселесі әзірге әр отбасының табысына тікелей байланысты есептелетіні ғана белгілі болды. Бірақ, жоғары жақтан нақты қаулы-қарар шықпағандықтан әлі де көп нәрсе бізге белгісіз. Сондықтан алдын ала «тон пішіп», кесіп айтуға әлі ерте, - дейді ол.

«Алмақтың да салмағы бар»

Дәл қазір көпшіліктің талқысына түсіп, әсіресе, әйелдер қауымының әңгімесіне арқау болған «әлеуметтік жәрдемақы жыры» бітер емес. Бір анығы, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл қаржылай қолдаудың әр тиын-тебені «нағыз иесін» табуы тиіс. Өткен аптада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әрбір шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі тыңғылықты қаралып, соған сай тиісті әлеуметтік көмек тағайындалатынын алға тартты.

- Жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істеп жатырмыз, біз әр отбасыға жеке әлеуметтік картаны әзірлемекпіз. Бұл тұрғыда отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, олардың табыс деңгейі, отбасындағы проблемалар қамтылады. Осы картаның негізінде қолдау көрсету үшін көмекке ең мұқтаж деген отбасыларды, азаматтарды анықтаймыз, - деді министр Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, ол көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың атаулы әлеуметтік көмек алуы үшін бұрынғыдай бума-бума қағаз жинамайтынын, осы бағыттағы шаруалар «Е-Халық» ақпараттық жүйесі арқылы оңай шешілетінін мәлімдеген болатын.

Осылайша, көп кешікпей елдегі әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың жағдайы едәуір жақсара түспек. Нақтырақ айтқанда, 1 сәуірден бастап отбасының айлық табыс көрсеткіші күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайтын шаңырақтарға, яғни, жан басына шаққандағы кіріс көлемі 20 789 теңгеден (бұған дейін 14 849 теңге болды) аспайтын отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмақ. Ал аталған кіріс көлемі кемінде 5 теңгеге асып кетсе, көмектен қағыласыз. Бұл жәрдемақыны алуға бір-екі баласы бар, бірақ айлық табысы төмен отбасылардың да құқығы бар. Мамандардың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін алдымен отбасының жалақысы және қорасындағы малы есепке алынады. Сонымен қатар, бірге тұратын қарт ата-анасының зейнетақысы да шаңырақтың ортақ табысына қосылатын болады. Есесіне, көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, мүгедектік үшін төленетін жәрдемақы, студенттердің шәкіртақысы мен жалақыдан ұсталып қалатын шығындар, салықтар есептелмейді, яғни, тек «таза табыс» қана негізге алынады.

Статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде елімізде 571 мың адам әлеуметтік көмек алып келсе, енді 1 шілдеден бастап олардың саны 830 мыңға жетеді деп күтілуде. Біздің өңірімізде де аталмыш көмекті алушылар саны артуда. Тек Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі бөлім басшысы Наурыз Бұлтықовтың айтуынша, 2019 жылдың қаңтар айында аталған көмекті шаһар бойынша 53 отбасы алса, наурыз айында олардың саны екі еселенген. Оған қоса әлеуметтік көмек алуға өтініш беріп, құжат жинаушылар қатары күн санап көбеюде.

Неге өкпелі?

«Тойдың болатынынан боладысы қызық...» демекші, бұл жағымды жаңалықты естіп, біреулер қуанса, енді біреулердің өкпелеп жүрген жайы бар. Солардың бірі, павлодарлық көп балалы ана Әсем (тегін айтудан бас тартты):

- Көп балалы отбасыларға қолдаудың болғаны дұрыс-ақ. Бірақ, балаларға төленетін жәрдемақы әділ берілуі керек деп ойлаймын. Мәселен, менің 4 балам бар. Есептеп көрсем, 1 сәуірден бастап әр балаға төленетін 21 мың теңгеге жуық жәрдемақыны алмайды екенбіз. Себебі, жолдасымның табысы күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан сәл асып тұр. Бұл әділетсіздік қой. Қазір нарық заманы, азық-түліктің бәрі қымбат. Сондықтан мемлекет тарапынан барлық балаға тең дәрежеде қамқорлық көрсетілгені жөн деп санаймын, - дейді.

Ал Павлодар қаласының тұрғыны Назгүл Теміржанқызы:

- Менің 4 балам бар. Кіші ұлым 2018 жылы дүниеге келгендіктен, өзім сияқты аналар алып жатқан 10 504 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақы да бұйырмады. Әрине, әркім өмірге өзі үшін бала әкеледі. Десе де, бала саны көп отбасыларына мемлекет тарапынан азын-аулақ болса да қаржылай қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Тым болмаса, әр баламызға 5 мың теңге жәрдемақы алсақ та риза болар едік. Ал жұрттар дәметіп жүрген 21 мың теңгені армандамақ түгілі ойлағымыз да келмейді. Қандай жағдай болса да қоғамда әр баланың өз орны болуы тиіс деп ойлаймын, - дейді.


Осылайша, жаңа үлгіде тағайындалатын жәрдемақыға байланысты көпшілік түрлі пікір білдіруде. Бірақ, бұл жүйе әлі де жетілдіріліп жатқанын ескерсек, алда талай өзгерістердің болуы ықтимал. Сол үшін орынсыз даурықпай, әліптің артын баққан жөн. Осыны халық дұрыс түсінуі тиіс, дейді әлеуметтік қорғау саласының өкілдері. Ал айлығы шайлығынан аспай жүрген көп балалы аналар әр баланың несібесі әділ болса екен, дейді.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz