Биыл қар аз түсті. Сондықтан аймағымыздың көп бөлігінде шаруалар қар тоқтату жұмыстарын жүргізген жоқ. Дегенмен, қазір ауа райы алдамшы келеді. Наурыз, сәуір айында қар, жаңбыр жаууы ықтимал. Демек, жердің ылғалдылық деңгейіне қатысты болжам айту ерте.

Қазіргі кезде облыс шаруалары көктемгі дала жұмыстарына техникасын баптап, құрал-жабдықтарын сайлауға кірісіп кетті. Бұл жұмыстың маңыздылығы зор. Себебі, жыл санап аграрлық салада техникалық база жаңартылғанымен, егістік даласында тозығы жеткен тракторлар әлі де көп.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл аймағымыз бойынша егістік алқабының көлемі шамамен 1 млн. 384 мың гектарды құрамақ. Осыған сай шаруа қожалықтарының дизельдік отынға деген сұранысы қалыптастырылды. Жауапты басқарма Ауыл шаруашы-лығы министрлігіне көктемгі дала, егістік жұмыстарына қажетті жанар-жағармайға өтініш берген болатын. Нәтижесінде, облысымызға 18,6 мың тонна көлемінде дизельдік отын бөлінген.

Былтыр шаруалар дизельдік отынға электронды жүйе арқылы өтініш берудің қыр-сырын алғаш рет үйренген болатын. Бұл жаңашылдық еліміз бойынша Павлодар облысында қанатқақты жоба ретінде сынақтан өткені белгілі. Ал биыл аймағымызда бастау алған диқандарға жанармай үлестірудің осынау жаңаша әдісі еліміздің өзге де өңірлеріне енгізілмек. Тек дизельдік отынды шаруаларға жеткізетін операторларды анықтау әдісі бұрынғысынша қалды. Ауылшаруашылық құрылымдары басшыларының қатысуымен өткен ашық дауыс берудің нәтижесінде бұл маңызды жұмыс «LF-TRADE» және «ТК Парнас» серіктестіктеріне сеніп тапсырылды. Жалпы алғанда, шаруалар жанармайдың бір литрін шамамен 170,5 теңгеге сатып ала алады. Бұл нарықтық бағадан арзандау.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz