Бұл туралы аймақ басшысы Болат Бақауов ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының өкілдерімен кездесуі барысында айтты. Сейсенбі күні аталған қор өкілдері облыс орталығына арнайы сапармен келді. Облыс әкімі өңір тұрғындарының 21,6 пайыз, яғни, 165 мың жас бар екенін айтты.

- Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл - мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға арналған маңызды қадам. Дарынды қыз-жігіттің әрқайсысы мемлекеттік бағдарламаға қатыса алады. «Дипломмен - ауылға!», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» сынды бағдарламалар өз деңгейінде жүзеге асуда. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 349 жас маман ауылдық аймақта еңбек етуде. Өңірде түлектерінің 98 пайызы жұмыспен қамтылып отырған колледждер бар. Биыл жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері үшін 7 жатақхана салынады. «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 1677 студент оқуға тартылды. Талантты жастарымыз халықаралық байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде. Мысалы, №8 лицей түлегі Қуат Есенов бірнеше жыл бойы Калифорниядағы Google компания-сының бас офисінде қызмет атқарып келеді. Ол әлем бойынша «ең қабілетті» оқушы атанған болатын. Аталмыш лицейдің түлегі Әлібек Датбаев Амстердамдағы әлемдік Booking компаниясында үшінші жыл жұмыс істеуде. Опера сүйер қауымды дауысымен баурап жүрген Мария Мудряктың есімі де әлемге жақсы таныс. Кеше ғана Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ислам Сүлеймен Павлодар облысының қасиетті жерлері туралы бағдарламаны таныстырып, жобасы Оңтүстік Кореяда үздік деп танылды. Бұдан бөлек, спорттық жарыстарда да ел намысын қорғап жүрген жастарымыз көп. Өңір жастары өте қабілетті, көздерінде от бар. Бүгінгі кездесу жастар үшін жарқын жұмыстардың бастамасы болатынына сенімдімін, - деді Болат Жұмабекұлы.

Тұңғыш Президент Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов жылына 100-ге жуық жоба ұйымдастырылатынын атап өтті. Оған біздің жастар белсенді қатысатынын айтты.

- Павлодар – елімізге дарынды жастарымен танымал аймақтың бірі. Осы уақытқа дейін Павлодар облысының 60 қыз-жігіті байқауымыздың жеңімпазы атанды. Облыстарда Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының күндерін өткізу дәстүрге айналды. Мақсатымыз – жастарға жаңа мүмкіндік сыйлайтын жобаларды таныс-тыру, дарындыларды тарту. Ғылым мен мәдениет, инновациялық даму саласында қабілеті зор жастарға қолдау көрсетеміз, - деді ол.

Кездесу барысында Қор өкілдері облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының ғимараты мен атқарып жатқан жұмыстарына да жоғары баға берді. Жиын соңында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры Павлодар облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығына компьютерлік құралдарды сатып алу үшін 3 млн. теңге көлеміндегі сертификат табыс етті.

* * *

Бұдан соң Елбасы Қорының өкілдері С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттерімен жүздесті. Шара барысында Игорь Рогов өндірісті өңір саналатын Павлодар облысындағы жастардың ғылымдағы ізденісіне көңілі толатынын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, ол «жанам деген» жастарға әрдайым мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтып, студенттерді білім-ғылымға ұмтылуға, көп ізденуге шақырды.

Айта кетерлігі, бүгінде бұл жоғары оқу орнында Тұңғыш Президент Қоры ұйымдастырған түрлі байқауларда топ жарып, сыйлықтардың иегері атанған 15 оқытушы, 17 студент бар екен. Солардың бірі – аталмыш университеттің сәулет және құрылыс факультетінің профессоры Әлия Алдоңғарова ғылым жолын қуған жастар үшін Қордың қолдауы ерекше екенін айтты.

- Мен осыдан үш жыл бұрын өз жобамды ұсындым. Бұл еңбегім гидротехника жүйесін жан-жақты зерттеп, дамытуға бағытталды. Ғылыми жұмысымның нәтижелі болуы үшін Жапон еліне арнайы барып, зерттеу жүргіздім. Еңбегім еш кеткен жоқ. Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты атанып, ақшалай сыйақы алдым. Менің ізімді басып келе жатқан жастарды да өз идеяларын ұсынып, отандық ғылымның дамуына үлес қосуға шақырамын, - дейді ол.

Жиында сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында толағай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.

- Елбасының тапсырмасына сәйкес жас буынға патриоттық тәлім-тәрбие беруге, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғыртуға бағытталған интернет жобаларымыз көп. Бәрі сәтті жұмыс істеп келеді. Мәселен, Қазақстанда алғаш болып қазақ тіліндегі «СӨЙЛЕ.KZ» онлайн курсын жүзеге асырдық. Ашылғанына 5 жыл толған жобамызға әлемнің әр түкпірінен 116 мың адам тіркеліп, қазақ тілін үйренуде. Сол арқылы бұған дейін орыс тілді азаматтарға кириллицада қазақ тілін, ал шетелден келген отандастарымызға орыс тілін үйретуге мүмкіндік берілді. Осыдан бір ай бұрын латын әліпбиінің нұсқасын жасадық. Бүгінде біздің жобаларымыз баршаға қолжетімді, - деді ол.

Шара барысында Қор өкілдері павлодарлық студенттерге жыл сайын ұйымдастыратын байқаулар мен іс-шаралары жөнінде әңгімелеп, қатысқысы келетіндерге әрдайым жол ашық екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Тұңғыш Президент Қоры байқауларының лауреаттары мен университеттің жас ғалымдарының ғылыми жобалары ұсынылған көрмені тамашалады.

 

Нұржайна ШОДЫР, Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz