Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру негізінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының ұжымы еліміздің кейбір өңірлерін аралап, экскурсия жүргізуде. Олар алғашқы қадамын Павлодар өңірінен бастады.

Жалпы, Отырар қаласы - әлем өркениетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан, тарихы терең табиғаты көркем, төсінде сұлу Сыр мен Арыс аққан, Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен. Биыл Отырардағы моңғол шапқыншылығына 800 жыл толды. Ғұлама, ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің кіндік қаны тамған өлке - Отырар Сырдарияның орта шеніндегі феодал иелігінің астанасы. Осынау тарихи мекен XVI-XVIII ғасырларда қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы болған. Отырардан Павлодарға жеткен көрмеде тарихи мекеннің кешегісінен сыр шертетін құнды жәдігерлер бар.

- Бұл көрмеде ерте орта ғасыр, Отырардың дәуірлеу кезі, қазақ хандығы мен Әмір Темір тұсындағы Отырардың тарихынан мол мағлұмат беретін жәдігерлер қойылды. Керамикалық, шыны, темірден жасалған бұйымдар осы жерден табылған. Жәдігерлердің барлығы түпнұсқа болғандықтан әрқайсысы баға жетпес байлық болып есептеледі. Мәселен, Отырардан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Құйрықтөбе (бұрынғы Кедер қаласы) орнынан Әмір Темірдің көмбесі табылған. Осы жерден археологтар олжалаған күміс теңгелер де Әмір Темірге тиесілі екендігі анықталды. Теңгелердің бетіндегі «Сұлтан Әмір Темір көреген» деген жазу сөзімізге нақты дәлел бола алады. Отырарда соғылған күміс теңгелер, қола теңгелер де бүгінгі көрмеге қойылды. Бір бетінде Түрік билеушілердің, екінші бетінде арыстан бейнесі салынған жәдігерлер - қайталанбас туындылар. Бұдан бөлек, мыс және қоладан жасалған теңгелер де ертеректе біздің өңірде айналымда болғандығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ сауда-саттықпен Отырарға сырттан келген қытай теңгелері де осы өңірден табылды, - дейді Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының бас қор сақтаушысы Ералы Шоқай.

Көрмеге түрлі кезеңдерде табылған, қыштан, керамикадан жасалған құмыралар, темір тағалар, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын ыдыс-аяқтар да қойылған.

Төрт бөлімнен тұратын көрменің алғашқысынан музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте орта ғасырлық үлгілері ІІІ-VIII ғасырларға тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректі материалдар құрайды. ІІ бөлімнен Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар қаласын көруге болады. Ал ІІІ бөлімде ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Отырардың тіршілігі және осы кезеңдерге тән жәдігерлер қамтылған. ІV бөлімде Отырардың қайта бой көтеруі, билеуші Әмір Темір дәуірінен бастап Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер қамтылған.

Аталған мұражай ұжымы алдағы уақытта Екібастұз қаласына экскурсия- мен барып, онан соң еліміздің шығыс өңірін аралауды жоспарлап отыр.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Қатпарлы тарихымызда орны бөлек Отырар қаласының өткен күндерімен жақынырақ танысқыңыз келсе, Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейіне асығыңыз. Көрме 13 наурыз бен 13 сәуір аралығында жұмыс істейді.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz