Талап пен талпыныс

Павлодар облысында ерекше білімді қажет ететін балалардың саны 6 мыңнан асады екен. Осы көрсеткіштен-ақ, аталмыш мәселенің өзекті екенін аңғару қиын емес. Павлодар қаласының №40 жалпы орта білім беру мектебінде дені сау балалармен қатар арнайы және инклюзивті сыныптарда оқитын оқушылар білім алуда. Павлодар ауданында орын тепкен аталмыш білім ошағының тыныс-тіршілігін көзімізбен көріп, танысып қайтқан болатынбыз. Себебі бұл мектеп денсаулығына байланысты үйде білім алып, төрт қабырғаға телмірген оқушыларды тар шеңберден шығарып, жаңа ортамен табыстырып отыр. Ақыл-есі дұрыс, бірақ денсаулығында аздаған кемістігі бар оқушылар дені сау балғындармен еркін араласып, сабақты бірге оқуда.

Білім ошағы оқушының жағдайына қарай екі бағытта қолдау көрсетеді. Біріншісі – тьюторлық қолдау, яғни мамандар балаларға сабақты орындауға және сыныптан тыс шараларға көмек көрсетеді. Кейбір мүмкіндігі шектеулі оқушыларға физикалық көмектен тыс арнайы коррекциялық демеу мен түсіністік, төзім де қажет. Арнайы сыныптардың әрқайсысында психикалық дамуы тежелген 8-12 бала білім алса, инклюзивті сыныптарда ерекше білімді қажет ететін 1-2 бала дені сау замандастарымен бірге бір сыныпта оқиды. Осылайша жалпы саны 1000-ға жуық оқушысы бар білім ошағында мүмкіндігі шектеулі бала қатарластарымен тең дәрежеде сабаққа қатысады екен.

Аталмыш мектептің 7-сыныбында білім алатын Алтынбек есімді баланың бойын-дағы қабілеті ерекше таң қалдырды. Оның құрдастарымен емін-еркін араласып, мектепте білім алып жүргеніне биыл төртінші жыл. Денсаулығына байланысты 3-сыныпқа дейін білім ордасының табалдырығын аттай алмай, үйде отырып оқуға мәжбүр болған. Мектеп директоры Любовь Задубняктың сөзінше, Алтынбек арбаға таңылғанымен сабақты үздік оқитын белсенді бала. Жақында ғана Инновациялық Еуразия университетінде өткен облыстық ғылыми жоба сайысына қатысып, 2-ші дәрежелі дипломға ие болған. Талантты бала мектептегі барлық іс-шараға белсенді қатысады.

- Ерекше білімді қажет ететін балалар өз еріктері бойынша қалаған сабақтарына қатысады. Өйткені өзге оқушылар сияқты барлық сабақты меңгеруіне денсаулықтары жарамайды. Сондықтан олар үйде де білім алады, - дейді Л.Задубняк.

Мейірім жүректен шығады

Любовь Задубняк ерекше білімді қажет ететін балаларды әлеуметтік тұрғыдан оңалту негізгі міндет екенін айтады. Мектептегі оқушылар мүмкіндігі шектеулі балалардың бойынан физикалық тұрғыдан ешқандай ауытқу көрмей, тең дәрежеде араласады.

- Осы уақытқа дейін ата-аналар тарапынан шағым туындаған емес. Түсіністік танытып, ешбірі қарсылық білдірген жоқ. Себебі олардың көпшілігі балаларының бойында мейірімділік, адамгершілік қасиеттері пайда болғанын айтады. Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін арнайы мамандар, яғни тьюторлар бекітілген. Олар мүмкіндігі шектеулі балалардың жанынан табылып, сабақта берілген тапсырманы орындауға көмектеседі. Бір сыныпта норма бойынша ерекше білімді қажет ететін 1-2 бала болуы қажет. Мұндай оқушылар үшін мұғалімдер жеке оқу бағдарламасын дайындаған. Мысалы, математика сабағы өткізілсе, олар барлық оқушы сияқты жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқиды. Бірақ жүктемесі аз, оңай тапсырмаларды орындайды. Көбінесе ұстазы немесе топпен жұмыс істейді, - дейді мектеп басшысы.

Мамандардың жұмысын әлеуметтік психологиялық қызмет бақылайды екен. Психологтар балалармен қоса педагогтармен де жұмыс істейді.

- Біздің мектепте ауылымыздағы ерекше білімді қажет ететін балалар ғана білім алуда. Оларға барлық жағдайды қарастыруға тырысамыз. Мектепте дефектолог, логопед, 2 психолог жұмыс істейді. Демеушілердің қолдауымен коррециялық даму кабинетін аштық. Оқушылар сабақтан тыс уақытта аталмыш бөлмеде білікті мамандармен жұмыс істейді. Бұған дейін кішігірім арт-терапия кабинетінде жұмыс істеген болатын. Қазіргі заманауи құрылғылармен жабдықталған бөлме ата-аналар мен балалардың көңілінен шығуда, - дейді Л.Задубняк.

Мамансыз мардымды іс басталмайды...

Болашақта инклюзивті білім беру барлық мектепте енгізіледі дедік. Осы салада талай жыл тәжірибе жинаған мектеп басшысы 3 негізгі жағдайға ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. Атап айтқанда, білім ошағында кадр мәселесі шешіліп, мектептің материалдық базасы нығайтылып, кедергісіз кеңістік қалыптасуы керек.

- Мектебіміздегі арнайы сыныптарда 58 педагог жұмыс істейді. Оның 30-ы инклюзивті білім беру бойынша сертификатқа ие болған. Республикалық оқуларға қатысып, мол мағлұмат алып келген ұстаздарымыз мектеп ішінде өзге мамандар үшін семинар өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі. Мектебіміздің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде деп айта аламын. Мәселен, білім ошағында заман талабына сай электронды оқыту жүйесі жолға қойылған. 4 информатика кабинеті, мамандандырылған химия, биология, физика кабинеттері, ағылшын және неміс тілдері кабинеті, 2 спорт залы мен 70 орынға арналған кітапханамыз бар. Робототехника, шахмат кабинет- тері де жұмыс істейді. Хореография залы, Елбасы кабинеті де ашылған. Оқушылар үшін 15 интербелсенді тақтамыз да бар. Кедергісіз ортаны қалыптастыру үшін мектеп ауласында 2 пандус орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін кедергісіз орта қалыптасқан, - дейді мектеп басшысы.

Любовь Задубняктың сөзінше, мектепте арнайы сыныптар 2009 жылы ашылған. Ал мүмкіндігі шектеулі балалармен 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

- Бұл міндет зор жауапкершілікті жүктеді. Бұл бағытта тәжірибеміз бар болғандықтан мұндай қадамнан қорқудың қажеті жоқ дегім келеді. Өйткені, ерекше білімді қажет ететін бала үйде білім алса, қоршаған ортадағы өмірден бейхабар болады. Ешкіммен аралас-пағандықтан қатарластарымен тіл табыса алмайды. Мысалы, Алтынбек мектепке кірген кезде барлық бала алдынан жүгіріп шығып, амандасады. Оны ешкім кемсітпейді. Содан болар, ол үйден гөрі мектепке асығып тұрады, - дейді Л.Задубняк.

Бейнет пен зейнет

Мектептегі дефектолог Қымбат Матай - облыс, республика көлемінде танымал маман. Себебі өз саласы бойынша түрлі сайыстардың жеңімпазы атанған. Ол құрастырған оқу бағдарламасы өзге өңірде сұранысқа ие. Жоғары білімді жас маман Қызылорда, Семей қалаларында арнайы дәріс оқып, өзінің оқу бағдарламасымен бөліседі. Ерекше білімді қажет ететін балалармен 5 жыл жұмыс істеп жатқан ол өз мамандығын ерекше жақсы көретінін айтады.

Оқушылармен жаңадан ашылған коррек-циялық кабинетте жұмыс істеймін. Шыны керек, мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс істеуде дұрыс оқу бағдарламасын таңдаудың маңызы зор. Себебі әр баланың диагнозы, денсаулығы әртүрлі болғандықтан әрқайсысына жеке оқу бағдарламасын құрастырамыз. Алтынбек деген баланың біздің мектепте білім алып жатқанына 4 жыл болды. Қазіргі уақытта көлік мәселесі қиындық туғызып отыр. Өйткені ол ауылдың шетінде тұрады. Қыс мезгілінде автобус қатынай алмайды. Мұнда қаладағыдай инватакси да жоқ. Сондықтан мұғалімдер бос уақыттарына қарай өз көліктерімен оны мектепке әкеледі, - дейді жас маман.

Іссапар барысында мектеп басшылығы ерекше мақтаған Алтынбекпен тілдесудің сәті түсті. Мұғалімдері айтқандай, оның көзінен ерекше жалынды, құштарлықты көрдік.

- Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балалардың ағылшын тілін үйде меңгеруі жөнінде ғылыми жоба дайындап жатырмын. Зерттеу жұмысын жазуға үйдегі анам да көмектесуде. Қазіргі жастарға тілді меңгеру үшін барлық жағдай жасалған. Интернет желісі арқылы онлайн сабақтарды қарап, ағылшын тілін меңгерудің маңызы зор деп білемін. Болашақта осы пәннен сабақ беріп немесе аудармашы болатын шығармын деп ойлаймын, - дейді талантты бала.

Ана жүрегінің жылуы

Денсаулығында кемтарлығы бар баланың тауқыметі ең алдымен анасына түсетіні анық. Қатарынан кем болмасын деп баласы үшін шырылдаған Зейне Елембаева мектепке баласымен бірге келіп, сабақ аяқталғанша күтіп, үйге бірге қайтады. Қайсар ана баласын замандастарымен оқуы үшін Кенжекөл ауылынан арнайы көшіп келгенін айтады.

- Балам 3-сыныпқа дейін үйде оқыды. Себебі жергілікті мектеп баламды денсаулығына байланысты мектепке қабылдай алмады. Кейін Павлодар ауданында орналасқан мектеп баламды оқытамыз деген соң, елді мекенге көшіп келдік. 4 жылдың ішінде ұлымның бойынан көп өзгеріс көрдім. Балам сабақты кілең 5-ке оқиды. Алдағы уақытта қытай тілін меңгеруді жоспарлауда. Ұлымның оқуға деген қызығушылығы зор. Мектепке кіре бергенде балалар алдынан жүгіріп шығып, жетектеп алып кетеді. Үйге көңіл-күйі көтеріліп оралады. Мектепке қатты асығады. Егер инклюзивті білім беруді барлық мектепке енгізсе, ата-аналардың бір арманы орындалар еді дер едім. Баламды оқуға көлігімен әкеліп жүрген ұстаздарға алғысым шексіз, - дейді ата-ана.

Тәжірибе не дейді?

Биылғы оқу жылында Павлодар қаласының №6 жалпы орта білім беру мектебінде инклюзивті білім беруді енгізу бойынша арнайы эксперимент алаңы ашылған болатын. Жаңа оқу жылында зор жауапкершілік арқалаған аталмыш білім ошағының тыныс-тіршілігімен де танысып қайттық. Мектеп директорының міндетін атқарушы Әсемгүл Айтқожинованың айтуынша, білім ошағында аутизм дертіне шалдыққан балалар оқиды. Олар үшін заманауи жабдықталған арнайы кабинет жұмыс істеуде. Әр балаға тьютор бекітілген. Мектепте жалпы саны 450 оқушы бар. Оның ішінде 4-еуі инклюзивті білім алады.

- 4 баланың 3-еуі 1-сыныпта, 1-еуі 2-сыныпта оқиды. Талап бойынша мұндай балалардың саны сыныпта көп болмауы тиіс. Норма бойынша бір сыныпта 1 бала оқиды. Олар сабаққа қабілеттеріне байланысты қатысады. Егер сабақ ортасында мазасы кетіп, шаршайтын болса, тьюторлары өз кабинеттеріне әкеледі. Биыл алғаш рет осындай бағытта жұмыс істеуді бастадық. Алдын ала жыл басында ата-аналар жиналысы өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарға қосылатынын айттық. Оларға жеке тьютор белгіленетінін де ескерттік. Ата-аналар тарапынан қарсылық білдіргендер болмады. Мектебімізде дефектолог, психологтар жұмыс істейді. Барлық тьютордың жоғары білімі бар. Балаларды ата-аналар өздері әкеледі, тьютор қарсы алып, сабақ соңында шығарып салып, әке-шешесіне тапсырады, - дейді Әсемгүл Бақтыбекқызы.

Әсемгүл Айтқожинованың сөзінше, 1 қыркүйекте мектепке қабылданған балалардың бойынан жоғары нәтижені көруге болады. Білім ошағы алдағы жылы 1-сыныпқа тағы 2 оқушыны қабылдауды жоспарлап отыр.

- Біздің мектеп мамандандырылған мек- тепке айналмауы тиіс. Біз жалпы білім беру мектебі ретінде өз бағытымыз бойынша жұмысымызды жалғастырамыз. Талапқа сай мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдаймыз. Оқу жылында қатарға қосылған балалардың қабілеті артып келеді. Замандастарымен асханаға бірге барып, мектепішілік концерттерге қатысып, тақпақ айтқандарын ата-аналарымен бірге тамашалап, мәз болдық. Ата-аналары да мамандардың пікіріне құлақ асып, балаларымен жақсы жұмыс істейді, - дейді ол.

35 пайызы дайын

Аталмыш мәселе төңірегінде аймағы-мыздың бас ұстазының да пікірін білген едік. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы аймақтағы мектептердің 35 пайызы инклюзивті білім беруге дайын екенін айтады.

- Барлық мектеп кез келген баланы қабылдап, оқытуға мүмкіндік жасауы керек. Баланың денсаулығында қандай да бір шектеу болса да мектептер тиімді орта қалыптастыруы қажет. Мүмкіндігі шектеулі баланың әлеуметтік ортаға бейімделуі үшін жағдай жасап, арнайы кабинеттер жұмыс істеуі тиіс. Мұндай балаларды арнайы, мамандандырылған мектептерге ғана оқыт- пай, замандастарымен тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік ашу - міндетіміз. Қоғам барынша ашық болып, ерекше білімді қажет ететін балалардың құқықтарын ескеруі керек. Аймағымыздағы мектептер жартылай дайын деп айтуға болады. Бұл ретте пандустар орнатылып, қарапайым кабинеттерге кіру мүмкіндіктері қарастырылуда. Себебі кейбір бөлмелердің есіктері арбамен кіруге тарлық етуде. Әжетханаға бару мүмкіндіктері де ескерілуде. Кейбір балалардың жанында арнайы мамандар, тьюторлар жүруі керек. Сондықтан облыстық білім беру басқармасы жергілікті педагогикалық колледж және педагогикалық университеттің студенттерін тәжірибе ретінде осындай іске тартуды ойластырып отырмыз. Яғни, волонтерлік сипатта студенттердің балалармен жұмыс істеуіне мүмкіндік береміз, - дейді Дінислам Болатханұлы.


Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру мекемелерін аралаған болатынбыз. Бірақ мұңы бір балалардың көзінен болашаққа деген ешбір талпыныс байқалмайтын еді... Ал жоғарыдағы мектептерде білім алып жүрген мүмкіндігі шектеулі балалар өздерін ешкімнен кем санамай, алға ұмтылуды мақсат ететінін анық көргендей болдық. Өйткені олар замандастарымен тең дәрежеде араласқандықтан, денсаулықтарындағы кінәратты ұмытып кетеді екен. Инклюзивті білім беру барлық мектепке енгізілсе, кемтар бала ауруынан айығатындай көрінді...

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz