Аталмыш бекеттің ашылуы өміріне қауіп төніп тұрған жандарды, инфаркт немесе инсультқа ұшыраған науқастарды ауруханаға жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта аталмыш пункт «Қызылжар-Құс» фабрикасының әкімшілік ғимаратында орналасқан. Бұл үшін медициналық ұйым ешбір ақы төле-мейді. Коммуналдық қызметке төленетін қаражатты да кәсіпорын өз мойнына алған. Мұндай көмектің көрсетілуіне ауыл тұрғындары да дән риза.

- Осыған дейін қатты сырқаттанғанда жедел жәрдем шақыру қиындық тудыратын. Тек ауылда ғана емес, облыс аумағында, республикалық маңызы бар жолдарда жол апаттары жиі орын алып жатады. Мұндайда жедел жәрдем қызметінің жылдам жетіп, тиісті алғашқы көмекті сапалы көрсетуі аса маңызды. Сондықтан арнайы мамандар мен заманауи медициналық мекеменің ашылуы тұрғындар үшін қуанарлық жағдай деп білемін. Медициналық жедел жәрдем ұйымының ашылуына зор көмек көрсетіп отырған «Қызылжар-Құс» фабрика-сының басшылығына ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтқым келеді, - дейді ауыл тұрғыны Марат Қабышев.

Жаңа пунктте төрт фельд- шер мен төрт жүргізуші ауысыммен жұмыс істейтін болады. Фельдшерлер халықаралық талаптарға сай қайта оқытылыпты. Аталмыш мекеме екі медициналық көлікпен қамтамасыз етілген. Бірі көмек көрсетуге жолға шыққанда екіншісі резервте қалады. Олар алғашқы көмек пен реанимацияға қажетті барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Екі реанимобильде де GPS-навигаторлар орнатылған.

Облыстық жедел жәрдем станция- сының бас дәрігері Қанадан Ахметжановтың айтуынша, аталмыш жоба тұрғындар үшін тиімділігін дәлелдей алған.

Жеті ай ішінде жедел жәрдем қызметкерлері республикалық маңызы бар жолдарда орын алған 8 апатта жарақат алғандарға, инсульт алған 8 адамға, инфаркт алған 11 адамға, сондай-ақ, жүктілігі ауыр болған 21 әйелге шұғыл көмек көрсеткен.

 

Мереке АМАНТАЙ.

Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz