Сенбі күні облыс әкімі Болат Бақауов қалада құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға барып, алдағы уақытта жүзеге асатын жобалармен танысты. Алдымен аймақ басшысы Орталық жағажайды одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты ой-пікірін білдірді. Өткен жылы мұнда жағажайды бұрынғы «ҚазТрансОйл» компаниясының бұрынғы ғимаратына дейін ұзарту жұмыстары басталған еді. Бұл ретте Болат Жұмабекұлы «Қазқонақ» табиғи ескерткішін назардан тыс қалдыруға болмайтынын қадап айтты. Ғалымдармен ақылдаса келе, аталмыш аймақты қалпына келтіру тетіктерін қарастыру қажет. Ал жаңа жағажай осы жылдың жазында тұрғындар мен қала қонақтарын қарсы алуы тиіс.

Аймақ басшысы Болат Бақауов пен құзырлы орган өкілдері 1 Май көшесінің Кривенко-М.Горький көшелері аралығындағы бөлігін кеңейту мәселелерін талқылады. Жоба жасаушылардың айтуынша, соның есебінен үш жолақты жол пайда болып, көліктер қазіргідей бір ғана емес, екі бағытта қатынайды.

- Бүгінгі күні түскі үзіліс пен кешкі уақытта Естай-Абай, Толстой-Абай көшелерінің қиылысында көлік кептелісі жиі орын алады. 1 Май көшесін кеңейтіп, солтүстік бағытта қатынайтын 2 жолақ, оңтүстік бағытта 1 жолақ болған соң, Абай көшесіне түсетін жүктеме айтарлықтай азаяды. Оған қоса, 1 Май көшесіндегі тротуарды қайта саламыз. Жұмыстар 1 сәуірде басталып, маусым айының соңына дейін аяқталады, - дейді «ДорСтрой» ЖШС инженері Дмитрий Башкиров.

Болат Жұмабекұлы трамвай жолы аумағын көріктендіруді деп тапсырды. Мұнда кеспетастар төселіп, жаяу жүргіншілерге де қолайлы жағдай жасалмақ. Теплов көшесін кеңейту де жоспарланып отыр. Дмитрий Башкировтың айтуынша, аталмыш көшенің ені 9 метрден 14 метрге дейін кеңейеді. Сонымен қатар, жарықдиодты шамдар қойылып, көше түнде қазіргіден де жарық болады.

Аймақ басшысы назарға алған жобалардың тағы бірі – жаңа музей кешені. Бұрын Есенәлиев көшесі, 2 мекенжайында орналасқан өрт қызметі ісі музейінің ескі ғимараты негізінде салынып жатқан нысанның құрылысы былтыр желтоқсанда басталған. Жергілікті мердігер компания – «Выбор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтап, Конституция күні қарсаңында тапсыруды жоспарлап отыр. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қақамбетов негізгі міндет жаңа форматтағы, заманауи үлгідегі музей кешенін салу екенін атап өтті.

- Мұнда жаңадан 1800 шаршы метр аумақ салынады. Музей кешені тарих, көшпелі уақыт пен этнографиялық блоктардан тұратын болады. Бұл ретте басымдық тың технологияларға берілмек. Яғни, мультимедиялық құралдар, 3D форматындағы заттар және т.б. келушілерге ұсынылады. Әзірше мердігер компанияға тағар сын жоқ. Барлығы жоспарға сәйкес жүргізілуде, - деді Н.Қақамбетов.

Облыс әкімі Б.Бақауов көктем келсе қар суы мен жерасты суынан зардап шегетін екінші Павлодар шағын ауданын да назардан тыс қалдырмады. Былтыр салынған резервуарға арнайы барып, тұрғындармен тілдесті. Бастамашыл топтың өкілі Наталья Тушеваның айтуынша, қыс бойы екінші Павлодар көшелерінен қар үздіксіз шығарылды. Десе де, кейбір үйлердің жертөлелерінде қыста да су қатып тұрды.

- Қар үйілсе болғаны коммуналдық мекеме көліктері қарды шығарып, көшелерді тұрақты түрде тазалады. Соған қарамастан, Алтайская көшесі, 54/1, Геринг көшесі, 85/2, Якутская көшесі, 55/1 үйлеріндегі жертөлелерде және Геринг көшесі, 93-үй 1-пәтердің дәлізіне су кірді. Қазіргі уақытта жерасты сулары әзірше көтерілген жоқ, тек еріген қар суы бар. Күн жылынып, қар ерісе судың көлемі ұлғайып, жылдағы жағдай қайталана ма деп қауіптенеміз, - дейді Н.Тушева.

Болат Бақауов екінші Павлодар ауданы әлсіз тұсымыз екенін атап өтіп, жалпы алғанда облыстағы жағдайдың тұрақты екеніне баса мән берді.

- Өткен жылы мамандар арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде жерасты сулары 17-18 жылда көтеріледі деген тұжырымға келген болатын. Бұл жағдай үнемі біздің бақылауымызда. Мәселені шешу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 350 млн. теңге бөлінді. Мердігер анықталды, бірінші жартыжылдықта тиісті жұмыстар атқарылады, - деді Б.Бақауов.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ринат Валишанов осы уақытқа дейін тұрғындардан ауладағы суды сору бойынша 47 өтініш түскенін айтты. Оған қоса, «ПавлодарГидроГеология» ЖШС екі ұңғымада екі сорғы орнатты. Наурыз мейрамынан соң тағы төрт сорғы қойылмақ. Жалпы алғанда жерасты суынан қауіп жоқ, тек еріген қар суы тұрғындарға қолайсыздық тудыруы әбден мүмкін.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz