Облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы 1 айдан астам уақыт бойы көп балалы және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың мәселелерін қарастыру мақсатында жұмыс істеді. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы атаулы әлеуметтік көмек алу кезінде есепке алынбайтын болады. Яғни, 4 және одан да көп балалы отбасылар, «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы мен шәкіртақы, сондай-ақ қосымша жұмыс табысы да есептелмейтін болады.

- Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру» бағытындағы берген тапсырмалары бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырдық. Ендігі жерде өңірдегі көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметін тегін алады. Сондай-ақ олар мектептерде (1-11 сынып оқушылары) тегін тамақтану мүмкіндігіне ие болмақ. Осы отбасылардың балалары және ата-анасының біреуі қалалардағы қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие болады, - деді М.Бегентаев

Сондай-ақ аз қамтылған көп балалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылары үшін Ақсу қаласында 102 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй сатып алынады деп жоспарлануда. Әлеуметтік осал отбасылардың денсаулығына көңіл бөлу үшін облыстағы 1435 көпбалалы отбасы жылына 1 рет бірінші қажеттіліктегі дәрі қораптарын тегін ала алады. Бұл мақсатта бюджеттен 4,6 млн. теңге қарастырылған.

- Көп балалы отбасыларға берілетін бірінші қажеттіліктегі дәрі қораптарын тегін таратамыз. Әр қораптың бағасы шамамен 3500 теңге тұрады. Сондай-ақ облыста өздігінен тамақтана алмайтын, көмекке зәру, мүмкіндігі шектеулі 6 бала бар. Олардың денсаулығын оңалту мақсатында 1,8 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ өңірде тұмауға қарсы вакциналарды сатып алу мақсатында 6 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің айтуынша, биылғы жылы өңірдегі 10 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алатын болады.Былтырғы жылы аталған көмекке 1600-ден астам отбасы, яғни, 7 мыңға жуық адам қол жеткізген еді.

- Атаулы әлеуметтік көмекке үміткерлер құжат жинап қиналады деп айта алмаймын. Олар тіркелген мекенжайлары бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына барып жеке куәлігі арқылы өтініш бере алады. Бұл көмекті табысы күнкөріс деңгейінің шектік көлемінің 70 пайызынан аз отбасылар алуға ерікті. Көмек отбасылық табыс артқанға дейін төленетін болады. Сонымен қатар біз аталған отбасыларындағы еңбекке жарамды мүшесін жұмыспен қамтуды да қарастырамыз, - деді Қайрат Нұрмағамбетов.

Еске сала кетейік, әлеуметтік көмек шараларының барлығы үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта аудан және қала бюджеттерінен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 1 млрд. теңге көлеміндегі қаражатқа әлеуметтік көмек көрсетілуде. Тағы бір атап өтерлігі, көп балалы отбасыларды ауылдық жерлерге көшіру тәжірибесі белсенді қолданылуда. Бұл тұрғыда аталған шаңырақтарға жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй, жұмыс орны және әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz