Даниял Сабырұлы - бабадан қалған қасиетті өнерді дәріптеп, Сыр сүлейлерінің шығармалары мен өсиет-термелерді нақышына келтіре жырлап, құйқылжыта орындайтын жыраулардың бірі.

- Менің мақсатым – ата-бабамыздан мирас болып қалған жыраулық дәстүрді насихаттап, жастарға рухани азық беру. Балаларға мектеп жасынан жыр-дастан жаттату керек. Жалпы, қазаққа тән өлеңді де, өнерді де жоғалтып алмаудың қамын ойлауымыз керек. Абай: «Жүрегіме сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме», дейді. Мен Абайдың «Қара сөздерін» жүрегіммен оқимын. Өйткені, өнерге жан беретін, нәр беретін – жүрек. Соны бәрі түсіну керек. Бүгінде әр қазақ баласына ыстық, жан жүрегіне жақын термешілік, жыршылық, жыраулық өнер ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге сай жаңғырып, дами түссе дейтін тілек бар, - дейді жыршы.

Павлодар өңірі Даниял Әсеновті «Біздің Абай» деп таниды. Даниял Сабырұлы соңғы отыз жылдай уақыт ішінде халық арасында, әсіресе, жастар арасында Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның, Мәшһүр Жүсіптің, Сұлтанмахмұттың шығармашылығын және ауыз әдебиет үлгілері - «Батыр Баян», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Қобыланды батыр» жырларын насихаттап келеді. Бірнеше сағат бойы тұтас жыр-дастанды терең ой, түйдек эмоциясымен жатқа айтатын Даниял Сабырұлының бастамасымен өткен жылы «Ауылға Абай келді» жобасы қолға алынды. Сахнада ұлы ақынның рөлін талай сомдаған жыршы спектакль жазып, оны көрерменге ұсынды.

- Соңғы 30 жылдан бері Абай әдебиетіне ерекше ден қойдым. Көп оқып, ойға түйдім, жаттадым. Өткен жылы көктемде марқұм Ардақ Райымбековтің бастамасымен «Абай ауылға келді» жобасы қолға алынған болатын. Бұл шараның ұлт руханияты үшін, салт-санасы үшін орны да, мәні де бөлек. Ал жас ұрпаққа берер тағылымы тіптен ұшан-теңіз десек те болады. Өкінішке қарай, Ардақ қайтыс болғаннан кейін бұл жоба жалғаспады. Кейін оны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновке жеткіздім. Ол бірден қолдау білдіріп, жүзеге асыруға көмектесті. Осылайша қазан-желтоқсан айларында облы-сымыздағы 50-ге жуық аудан-ауылдарды араладық. Ардақ марқұмның кезінде бұл жобаны тек өңірімізде ғана емес, еліміздің әр аймағына шығарып, насихаттасақ деген ойы болатын. Бірақ әзірге бұл ой тек жоба жүзінде қалып отыр, - дейді Д.Әсенов.

Даниял Әсенов бұл жобаны қайта жаңғыртып, ел-жерге жеткізу ісі қолға алынса дейді. Қазаққа ғана тән осы бір қасиетті жаңғыртып, жас ұрпаққа үйрету, сол арқылы әдебиетке баулу ісі жоба ретінде қайта жүзеге асса, оң болар еді. Жас ұрпақтың Абай шығармаларына деген қызығушылығын ояту, ақын шығармашылығын терең түсініп, сөз қадірін білетін ұрпақ тәрбиелеуде Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс, дейді ол.

 

Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz