- Бақыт Амантайқызы, павло-дарлықтар биыл Наурыз мейрамын қалай қарсы алады? Жалпы, Ұлыс күнін мерекелеуде неге басымдық берілмек?

- Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Павлодар қаласындағы орталық алаңға 100-ге жуық киіз үй тігу жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар біраз уақыт бұрын басталып кеткен болатын.

Наурыз – жалпыхалықтық ұлттық мейрам болғандықтан, алаңдағы ақ шаңқан киіз үйлерді 7 ауылға («Қазанат», «Ұлытау», «Қар барысы», «Алтын адам», «Түркістан», «Жібек жолы», «Алма мен қызғалдақ») бөліп, мерекелік іс-шаралардың көпшілікке қолжетімді болуына баса мән бердік. Сөйтіп, әр ауылда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарламалар, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан көрі-ністер көрсетіледі. Ал бас сахнада елімізге есімі танымал эстрада жұлдыздары – Нұрболат Абдулин, «Кешью» және «Алдаспан» топтары өнер көрсетеді. Бұған қоса, аймақтағы мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары да халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін бар өнерін ортаға салады. Сондай-ақ, орталық алаңда жас суретшілер мен шеберлердің ұйымдастыруымен ұлттық дәстүрімізден сыр шертетін «Тайқазан», «Сәукеле» сынды дүниелердің көшірмесі орнатылатын болады.

Атап өтерлігі, мереке қарсаңында қайырымдылық шараларына басымдық беріледі. Осыған орай көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға әлеуметтік көмектер көрсетіледі. 22 наурыз күні Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Тіл табысқандар» комедиясы мен «Шаңырақ» мәдени ойын-сауық орталығында өтетін «Ақ мол болсын, Наурызым!» атты мерекелік концерт тегін ұйымдастырылады. Сонымен қатар, орталық алаңға жиналған қауымға дәм татқызылады.

- Жақында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мерекесін атап өту жөнінде ұсынысы жарияланды. Бұл жолы аталған ұсыныстар ескерілді ме?

- Әрине, министрдің ұсынысы міндетті түрде негізге алынады. Осыған орай, жас буынға арналған балалар аймағы құрылады. Мұнда «Шаңырақ» бағдарламасы аясында жеткіншектерге арналған түрлі байқаулар, ойындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге айрықша көңіл бөлінеді. Жас өскінге ұлттық спорт түрлерін насихаттауға арналған жарыстар өткізіледі. Мереке күні «Ең үздік ұлттық киім» және «Ең үздік киіз үй» сайысы үйымдастырылады.Жеңімпаз атанған тұрғындарға арнайы сыйлықтар табыс етіледі.

- Наурыз мерекесі қарсаңында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған ұлттық мәселелер қаншалықты қамтылды?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, Наурыз мерекесі қарсаңында құрылатын 7 ауыл Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сәйкес алынып отыр. Ауыл атаулары да аталған мақалаға негізделген. Сондай-ақ, орталық сахнаға қарама-қарсы орналасқан «Қазанат» ауылында «Ұлы даланың жеті қырынан» сыр шертетін арнайы ауқымды «Көрме кешені» құрылып, көпшілік назарына ұсынылады.

- Соңғы жылдары «Наурыз мерекесін 40 күн тойлаймыз» деп жар салып жүрміз. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапса, 40 күн бойы қандай халықтық іс-шаралар қолға алынбақ?

- «Наурыз мейрамы» биыл әдеттегідей 5 күн мерекеленеді. Бірақ мәдениет мекемелерінде мерекелік іс-шаралар 40 күн бойы өткізіле береді. Ал киіз үйлер алаңға 22 наурыз күні ғана тігіледі. Бұдан басқа, 21-26 наурыз аралығында барлық мәдениет мекемесінде түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, музейлерде тақырыптық көрмелер, ал театр-ларда кинокөрсетілімдер, қойылымдар көрсетіледі. Сондай-ақ, 21 наурыздан бастап облыстағы барлық кинотеатрда «Қазақ елі. Алтын тақ» атты көркем фильм ұсыну жоспарлануда.

Айта кетерлігі, қала тұрғындары мен қонақтары демалыс күндері өтетін іс-шаралардан құлағдар болуы үшін қажетті ақпараттар әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланады. Сондай-ақ, еліміздің оңтүстік өңірлерінде 22 наурыз күні тал егіліп жатады. Ал біздің өңірдің ауа райына байланысты бұл игі дәстүр мерекеден кейінгі 40 күннің ішінде, яғни сәуір-мамыр айларында қолға алынады.

- «Біткен іске сыншы көп...» демекші, Наурыз мейрамы аталып өткеннен кейін сын-пікірлер жиі айтылып жататыны жасырын емес. Осы жағдайға қаншалықты назар аударасыздар?

- Тұрғындар тарапынан айтылған сын-пікірлер зерттеліп, зерделеніп, сараптама жасалады. Соның қорытындысы бойынша алдағы уақытта орын алған кемшіліктерге жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізіледі.

- Облыс тұрғындарына қандай тілек айтасыз?

- Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бақытты ғұмырымыз ұзағынан болғай!

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz