- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлемдік дамудың күрделі кезеңінде Президент ретінде елімізді басқаруға сеніп тапсырған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. Жасаған жұмысына оң бағасын берді. Жүктелген жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, бар күш-жігерін, тәжірибесі мен білімін жұмсайтынын айтты. Мемлекет басшысы қызметіндегі өзінің негізгі міндеттерін де атап өтті. Бар білімі мен тәжірибесін Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын жан-жақты қамтамасыз етуге бағыттауды жоспарлап отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен елімізді қалыптастыруға және өркендетуге, сондай-ақ елордамыз – Астананы тұрғызуға сіңірген зор еңбегіне айрықша тоқталды. Барлық жетістіктерімізге, ең алдымен, Қазақстан Республикасының қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік, деді. Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастағанын айрықша атады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді барша әлемге мойындата білді, деді. Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болғанын да бөле-жара атады. Жалпы, еліміздің қалыптасу жолында Елбасының алатын рөліне кеңінен тоқталды. Шекараны бекемдеу жұмысының маңыздылығын, осы уақытқа дейін қолға алынған іргелі жобаларына жеке-жеке тоқталып өтті. Әлемдік аренада өскен беделін де Елбасының ерен еңбегіне балады.

– Бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем тарихына аса көрнекті реформатор ретінде енді. Ол Қазақстанды дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылған заманауи әрі озық мемлекетке айналдыра білді. Оның экономикалық және саяси реформалары мемлекеттік сындарлы саясаттың символы болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әрі жауапты қызметті атқара отырып, Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыра беретінін айтты. Сондай-ақ, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет, деді. Сондықтан, бірқатар ұсынысын, марапатын жасады. Мәселен, рәсім барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі табыс етілді. Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз әрі өмір бойы Елбасы болып қалатынын мәлімдеді. Тұңғыш Президенттің бейнесі бар барлық портреттер мен фотографиялар қоғамдық ғимараттардың, мемлекеттік қызметшілердің, оқу ордаларының міндетті атрибуты ретінде қала беретінін де атап өтті. Елбасының өмірлік іс-әрекеттері Ұлт Көшбасшысы - Тұңғыш Президент туралы заңға және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес қамтамасыз етіледі. Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі болып қалады. Яғни, Елбасының беделді пікірі стратегиялық сипаттағы шешімдер әзірлеу әрі қабылдар сәтте айрықша, тіпті, басымдық мәнге ие болады, деді Қ.Тоқаев.

Оған қоса, Елорда төрінде Тұңғыш Президенттің құрметіне монумент орнатуды да ұсынды. Еліміздегі қалалардың барлық орталық көшелері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау қажет, деді. Сондай-ақ, Елбасыға Құрметті Сенатор мәртебесін беруді жөн санайтынын атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Елордасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан деп аталуы керек деген ойын айтты.

Бұл ұсыныс түстен кейін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында бірауыздан мақұлданды. Енді Астана қаласы Нұрсұлтан деп аталады.

 

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz