Қазақстан ұлттық құрамасы ресми ойындарда жарқын жеңісін тойламағалы біраз болған. Андорра, Латвия секілді Еуропаның аутсайдер командаларын жеңгенімізбен, Шотландия тәрізді өресі биік командалардың қақпасына гол соқпағалы қашан?.. Өз алаңымызда өткен ойын өте қызықты өрбіді. Ұлттық құраманың бас бапкері Михал Билек бұл жолы Бауыржан Исламхан мен Юрий Логвиненко секілді шебер ойыншыларды алаңға шығарған жоқ. Есесіне жастардың жасыл алаңда жарқылдауына мүмкіндік берді. Юрий Перцух, Бактиер Зайнутдинов, Темірлан Ерланов, Ян Вороговский секілді болашағынан үлкен үміт күттіретін ойыншылар сенімді ақтады. Қазақстаннан тегеурінді қарсылық көреміз деп ойламаған қонақтарымыз ойын бастала салысымен сарсаңға түсті. Кездесудің 6-шы минутында Александр Меркель қапталдасы Юрий Перцухқа допты сәтті жеткізіп, нәтижесінде есеп ашылды. Бұдан соң қазақстандық жартылай қорғаушы Ян Вороговский командаласы Исламбек Қуаттың берген добын ұтымды пайдаланып есепті еселеді. Кездесудің екінші жартысында қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаевтың әуелете берген добын Бактиер Зайнутдинов қарсыластың қақпасына басымен дәл бағыттап, шотландиялық қақпашы Скотт Бейнді сан соқтырып кетті. Бұл ойын осылайша отандастарымыздың ірі жеңісімен аяқталды.

Араға бірнеше күн салып қазақстандықтар Ресей мықтыларына қарсы екінші ойынды өткізді. Шотландияның жолын кескен Қазақстан ұлттық құрамасынан жанкүйерлер үлкен үміт күткен. Алайда сенім ақталдамды. Кездесуді көруге «Астана Аренаға» 29 мың жанкүйер жиналды. Ойынды тамашалауға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы келгенін айта кетейік.

Шотландияға қарсы ойында шебер-ліктерімен көзге түскен футболшылардың кейбірі бұл жолы төбе көрсеткен жоқ. Ұлттық құраманың бас бапкері Михал Билек Темірлан Ерланов, Евгений Постников, Ян Вороговскийлердің орнына жасыл алаңға Абзал Бейсебеков, Елдос Ахметов, Юрий Логвиненко секілді ойыншыларды шығарды.

Алдыңғы ойында бельгиялықтарға есе жіберіп қойған Ресей құрамасы осы жолы отандастарымызды қалай да жеңуді көздеген еді. Кездесу бастала салысымен қонақтарымыз ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Кездесудің 19-шы минутында Ресей сапындағы жартылай қорғаушы Денис Черышев есеп ашты. Бұдан соң қазақстандықтардың ойыны алға жүрген жоқ. Кездесудің бірінші жартысы аяқталар тұста Денис Черышев тағы да гол соғып, дубльдің авторы атанды.

Ойынның екінші бөлігі де ресейліктердің басымдығымен өрбіді. Кездесудің 52-ші минутында Артем Дзюба есепті 3:0-ге жеткізді. Арада 10 минут өткенде Абзал Бейсебеков өз қақпасына гол соғып алды. Осылайша, отандастарымыз қарсыластарынан ірі есеппен ұтылып қалды.

- Ресейліктер жеңіске лайықты өнер көрсетті. Олар ойында басымдық танытты. Біздің жіберген қателіктерден гол соқты. Бүгін олардың ойыны жүрді. Жіберген қателіктерден сабақ алып, сараптауымыз қажет, - дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек.

Ал Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов жоғары деңгейде қатарынан 2 ойын өткізудің қиын екендігіне тоқталды:

Қазақстан құрамасы Шотландияны 3:0 есебімен жеңді. Осы нәтиже бізді ойынға тыңғылықты дайындалуға итермеледі. Ойынның тактикасын, құрамды таңдау, барлығын жақсылап ойластырдық. Жалпы бір команданың қатарынан екі ойында үздік нәтиже көрсетуі өте қиын,- деді С.Черчесов.

Қазақстан Ұлттық құрамасы келесі ойынын осы жылдың 8-ші маусымы күні Бельгия командасына қарсы өткізеді. Ресейдің тісі батпаған Бельгия мықтыларымен шеберлік сынасу қазақстандықтарға оңайға түспесі анық.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz