Елбасы мен Елорда – егіз ұғым

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елорда атауына қатысты айтқан алғашқы ұсынысы алысты болжай алатын көреген саясаткер екенін көрсетті. Себебі, Отанымыздың орталығы Астананың Нұр-Сұлтан аталуы қоғам тарапынан қанша жылдан бері айтылып жүрген салиқалы ұсыныс екенін ескеріп, оның уақтылы іске асқаны деп ұққан абзал. Елорданың Нұр-Сұлтан аталуы Қазақстан халқы сенім білдірген, ел алдында жүрген азаматтардың дербес таңдауы. Нұр-Сұлтан – жасампаздық пен үйлесімділіктің үлгісі, ең бастысы – елім деген Елбасы еңбегінің жемісі һәм жеңісі.

Иә, бүгінде әлемдік талаптарға сай келетін, сәулеттік келбеті келісті шаһарда халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралар тұрақты ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылдануда. Бұл өз кезегінде Қазақстанның абыройын асқақтатып, беделін бекемдеуге септігін тигізуде. Тәуелсіз Қазақстанның қабырғасы толық қатпаған кезде Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешім қабылдап, бас қаланың бас сәулетшісі болған-дығы өз алдына жеке дастан. Бүгінде, елорда – халқымыздың мақтанышы, болашаққа жетелеп, жаңа болмысты қалыптастырып отырған тарихи жобасы. Бұл - қаланы салуға қаншама жылдар бойы қажыр-қайратын жұмсаған Елбасына Қазақстан халқы тарапынан көрсетілген жан жадыратар қайтарымы.

«Тәуелсіздікті сәт сайын қорғауымыз керек» деген-ді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Жаһанға мәлім болған «Назарбаев моделі» арқылы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген бірлігімен қазақстандықтар бұл байламды байыппен бекітті. Елбасының жетекшілігімен Қазақ елі кеңестен қалған «тарихи» мұраларды да, әлем кеңістігіндегі геосаяси орнын да елдің ерекше жетістіктеріне айналдыра білді. Бұған мысал ретінде бүгінгі Қазақстанның жаппай қырып - жоятын ядролық қаруға қарсы және жаһандық бейбітшіл, бітімгершіл саясатын, сондай-ақ Еуразияның апайтөс даласында алып мемлекеттердің арасында сауда-көлік логистикасы ретінде қарқынды дамуын айту жеткілікті. Ұлы дала төсінде адамзат көшін ғаламат бағытқа бұрған сақара салтанатын тиянақтап, түп - тегіміздің көшелі тарихын Тәуелсіз Қазақстанның таңдауымен сәтті сабақтастырған Елбасының елдік сананы еселей түскен еңбегі еленді.

«Нұр-Сұлтан» атауын жаңа бренд ретінде дамытудың әлеуеті зор. Жалпы, елдіктің ең әуелгі іргетасын қалаған мемлекет қайраткерлерінің есімін елордаларға берудің үлгілі үрдісі бұрыннан бар. Бұл ретте тарих парақтарынан сан мысал келтіруге болады. Және бұл атаулардың басым бөлігі белгілі дәрежеде халықтың, мемлекеттің болмыс-бітімімен астасып, сіңісіп кетеді. Тұманды күндері, күндері емес-ау, діні басқа, ділі басқа жұрттардан сұраусыз таңылған ел-жер, шәр атаулары жауыр аттай жортақтатқан, арқаны аяздай қарып, шемен шер болып қатқан арты жар, алды тұйық болған қысылтаяң дәуірлерде, тұтас кезеңдерде өмір сүрген халық елдік санамен, мемлекеттік мүддемен қабыл алған бұл жаңа атау тарихи мәні терең, арқалар жүгі ауыр қастерлі құндылыққа құрмет болуға тиіс!

Конституцияға сай шешім

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Елорданы қайта атау туралы Конституцияға түзетулер толықтай ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес енгізілгенін атап өтті. Әділет министрлігі Конституцияның 91-бабында көзделгендей, астананы қайта атау үшін референдум өткізу туралы мәселені Президенттің қарауына енгізу үшін Жарлық жобасын әзірледі. Бұл ұсынысты Үкімет қаулы түрінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа жіберді. Заң бойынша, мұндай жағдайда Президент не оның өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлға үш шешімнің бірін қабылдауы тиіс:

1) мәселені Парламенттің қарауына беруге;

2) сұрақты республикалық референдумға шығаруға;

3) Конституцияға түзетулер енгізу туралы ұсынысты қабылдамауға.

Президент бірінші жолды таңдап, мәселені Парламенттің қарауына берді. Жоғары заң шығарушы орган өз кезегінде палаталардың бірлескен отырысында Конституцияға түзетулер енгізу туралы заң қабылдады. Айта кету керек, Парламент оны Конституцияның 91-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкестігі туралы Конституциялық Кеңестің оң қорытындысы болған жағдайда қабылдай алады. Бұдан әрі заң Парламент палаталары спикерлерінің, Премьер-Министрдің қолдарымен бекітіледі және Президентке қол қоюға жіберіледі. Қол қойылған сәттен бастап Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң күшіне енді. Әділет министрі «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңға сәйкес Астананы қайта атау үшін қажетті жұмыс жүргізілгенін, соның нәтижесінде Президент астананы қайта атау туралы Жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Белгіленген рәсімге сәйкес Үкімет Президентке облыстарға, аудандарға, қалаларға атау беру және оларды қайта атау жөнінде ұсыныстар енгізеді. Бұл республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде және тиісті аумақ халқының, оның жергілікті өкілді және атқарушы органдарының пікірін ескере отырып жүргізіледі. Ол үшін мәслихаттың тұрақты комиссияларында жария тыңдаулар өткізу жолымен тиісті аумақ халқының пікірі ескеріледі, олардың қорытындылары бойынша хаттама ресімделеді. Бұл жағдайда тыңдаулар 20 наурызда өтті және тиісті хаттама astana.gov.kz сайтында орналастырылған.

Тыңдаулар мен хаттама негізінде қалалық мәслихат пен әкімдік республикалық ономастикалық комиссияға тиісті ұсыныс енгізді. Комиссияның қаланы қайта атау туралы оң қорытындысы 20 наурызда алынды. Әділет министрі қысқа мерзімге қарамастан, барлық рәсімдер қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкестікте жүргізілгенін атап өтті.

Тағы бір атап өтерлік жайт, Елорда атауының өзгеруіне байланысты азаматтарға кейбір құжаттарды ауыстыру қажет емес. Астана атауының өзгеруі азаматтарға жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін келесі құжаттарды – сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау шарты, пайдалануға қабылдау актілері және басқа да құжаттарды, сондай-ақ, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы құжаттарды - туу, қайтыс болу, неке қию/бұзу туралы куәлік және т.б. ауыстыру міндетін жүктемейді. Құжаттарда астананың бұрынғы атауының көрсетілуі олардың жарамсыздығына әкеп соқпайды. Әділет министрлігінің ақпараттық жүйелерінде елді мекеннің атауы Астана қаласынан Нұр-Cұлтан қаласына автоматты түрде өзгертіледі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдары, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен ұйымдар мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құжаттарды бұрынғы тәртіппен қабылдайтын болады.

Әр идея – ұлттық идеологиядан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы әділеттілікті күшейту, азаматтардың конституциялық құқық-тарының сақталуын қамтамасыз ету мемлекет саясатының басты бағыты болатынын айтты. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізу Мемлекет басшысының тұрақты ұстанымы болмақ.

Бұл туралы Президент өткен апта соңында Түркістан облысына барған сапарында айтты. Бұл – оның Мемлекет басшысы ретінде аймақтарға жасаған алғашқы сапары. Өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сапарының қазақ мәдениетінің, тарихы мен руханиятының орталығы саналатын Түркістан қаласынан басталуының символдық мәні зор екенін жеткізді.

– Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды бірінші кезекте толғандыратын мәселелер туралы айта келіп, ең алдымен, әділеттілікті күшейту қажеттігіне тоқталды.

– Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Бұл – олардың конституциялық міндеті әрі азаматтық борышы, – деді Мемлекет басшысы. Еңбексүйгіштік пен сіңірген еңбекке орай марапаттау құндылықтарының идеясы ұлттық идеологиямыздың бастауында тұруы қажет деді ол.

 

Әзірлеген – Мұрат ҚАПАНҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz