«Жасыл ферма» дұрыс тамақтану компаниясының иесі Татьяна Ивакина бұл өнімін «Денсаулық сусыны» деп атайды. Мұндай атау беруі тегін емес. Дәл осы фермада көк шөптің ұсақ түрлері өсіріліп, бидай сүті өндіріледі. Кейін оны сығып алады да, тазартып, сусын дайындайды.

- Органикалық өнімдерді гидропоника әдісімен өсіреміз. Бұл әдіс кезінде топырақ мүлде пайдаланылмайды. Тек табиғи жарық пен таза тамырлық жүйе, су қолданылады. Тағы бір ерекшелік – өнімнің өсуі жыл мезгіліне байланысты емес. Далада 30-40 градустық аяз тұрса да, біздің бидай өсе береді. Сусын дайындау үшін жеті күндік бидайды аламыз. Кескеннен соң шырын дайындайтын құралдан өткіземіз. Қазір өндірісте шамамен 20 түрлі көк шөп өсірілуде. Олардың қатарында руккола, райхан, аскөк, бұйрабұршақ, күнбағыс, дайкон, шалғам, кресс-салат бар. Өнімдердің барлығы тиісті сертификациядан өткен. Павлодар қаласының бірнеше мейрамханасымен тұрақты түрде жұмыс істейміз. Өз кезегінде олар дәмдеуіш шөпті асханада қолданып, арнайы мәзір әзірлейді. Соның есебінен тағам түрлеріне ерекше сән мен дәм беріледі де тұтынушыларды тартады, – дейді Татьяна Ивакина.

Оған қоса, қысқа мерзім аралығында «Жасыл ферма» компаниясының Астана, Ақтөбе, Алматы мен Өскемен қалаларында филиалдары ашылды.

Бұл ретте кәсіпкер «Бастау» жобасының өз ісін бастауына тың серпін бергенін тілге тиек етті. Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жоба арқылы бизнесті дамытудың қыр-сырын үйреніп, өндірісті дамыту мүмкіндігіне ие болды.

- 2018 жылдың алғашқы тоқсанында «Жасыл ферма» жеке кәсіпкерлігі ұсақ көк шөп өндірісін бастауға көмек сұрай келді. Сөйтіп, «Бастау» жобасына қатысуды ұсындық. Сол арқылы кәсіпкер арнайы курстан өтіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жеңілдетілген несие алды. Қаражатқа өндіріске қажет құрал-жабдық сатып алды, бүгінде ісі өркендеп келеді, - дейді Павлодар аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Әнуар Қалышбеков.

Ендігі ретте кәсіпкер нарық ауқымын кеңейтіп, супермаркеттер, спорт және диеталық тамақтану бөлімшелері арқылы өнімді сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.

- Бұл – табиғи таза өнім. Түрлі бояуыштар мен дәмдеуіштер қосылған сусындардан әлдеқайда пайдалы. Денсаулығын қалпына келтіруге ниетті тұрғындар үшін таптырмас шырын. Оның құрамында хлорофилдің көп мөлшері бар. Ол ағзаға түскен кезде адамның иммунитеті айтарлықтай жақсарып, бойында энергия пайда болады. Сонымен қатар, ағзаны тазартатын қасиетке ие, - дейді Татьяна Ивакина.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz