«Нұрлы жер» аясын кеңейтті

Былтырдан бастау алған «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазірде ел бойынша тұрғын үй қарызын алуға 120,4 млрд. теңге сомасына 10 576 өтініш қабылданыпты. Оның ішінде 72,0 млрд. теңге сомасына қарыз беруге 6 165 өтініш мақұлданған. Павлодар облысында 80-ге жуық отбасы аталған бағдарлама аясында қоныс тойын тойлады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жоспары бойынша 2019 жылы әкімдіктер «Нұрлы жердің» 3 355 пәтерін «7-20-25» бағдарламасы бойынша сату үшін бөлмек. Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің салымшылары арасында бөлініп келген. Дегенмен, тұрғын үйлерді өткізу қағидаларына өзгерістер енгізуге байланысты жыл басынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін тұрғын үйге «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар да қол жеткізетін болды. Егер нарықта тұрғын үйді сатып алу кезінде «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар пәтерді құрылыс компания-ларының сату бөлімдері арқылы таңдаса, оларды әкімдіктегілер нақтылауы қажет. «Нұрлы жер» шеңберінде негізінен 1,2,3 бөлмелі пәтерлер салынуда. Пәтерді әкімдіктер арқылы сатып алған жағдайда тұрғындардың ай сайын қанша төлейтіні де белгілі. Мәселен, 1 бөлмелі пәтер (кемі 37 шаршы метр) үшін ай сайын небары 29 400 теңге төлеп тұрасыз. 2 бөлмеліге – 39 579, 3 бөлмеліге 51 453 теңгеден шығындаласыз. Бұл табысы аз отбасылар үшін өте тиімді болатыны сөзсіз.

Дей тұрғанмен, Павлодар облысында ағымдағы жылдың алғашқы екі айында тұрғын үйге салынатын инвестиция былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға төмендепті. Сәйкесінше, баспаналарды пайдалануға беру көрсеткіші де азайып кеткен. «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер аймақтан 181 өтінім қабылдаған. Соның ішінде бүгінгі күні 80 өтінім мақұлданыпты. Қазіргі уақытта өңірде осы бағдарлама арқылы сатып алуға болатын 283 пәтер бар. Бұған қоса, ENRC компаниялар тобы өз қызметкерлеріне 2019 жылы 350 пәтерді осы бағдарлама бойынша сатып алу келісімін жасапты. Сондықтан аймағымыз бірінші жартыжылдықтан кейін көрсеткіштерді дұрыстап алатынына сенімдіміз.

Айтпақшы, Ұлттық банктегілер ендігісін «7-20-25» бағдарламасындағы бастапқы жарнаны 20 пайыздан өсіру туралы ұсыныс айтып отыр. Бұл экономиканың басым жобаларын уақытылы несиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді делінуде. Бұрнағы күні Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты. Оның атап өткеніндей, экономиканы дамытудағы қаржылық қолдау бағдарламаларында негізгі рөл Үкіметке тиесілі. Бұл ретте Ұлттық банк үш бағдарламаны іске асыруға көңіл бөледі.

- «7-20-25» бағдарламасын Ұлттық банк алдында бекітілген шарттар негізінде қаржыландыруды жалғастырады. Бағдарламаға халықтың қатысуын арттыру және бастапқы жарнаны 20 пайыздан жоғары ұлғайту ұсынылады, - деді ол. Банктердің 600 миллиард теңге сомасындағы ұзақ мерзімді өтімділігін меңгеруі экономиканың басым жобаларын уақытылы несиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы уақытта 9 банк кредиттеу бағдарламасына қатысуда, 112,7 млрд. теңге сомасына үш банктің облигациялары сатып алынды.

7 жылда - 40 мың пәтер

Тағы бір қуанышты жаңалық, көпбалалы отбасыларға дайын тұрған үйлерді сатып алып беру үшін республика бюджетінен 25 млрд. теңге бөлінді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың сөзінше, жаппай тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді салу үшін биыл 81,7 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр.

- Өңірлерді қаржыландыруды бастап кеттік. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге респуб-ликалық бюджеттен 32,8 млрд. теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда, - деді министр. Оның айтуынша, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында2019 жылғы бюджетке өзгерістер енгізіледі. Көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Жалпы, аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд. теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі деген сөз.

Қазірдің өзінде 25 млрд. теңгенің құрылыс жобаларының тізімі жасалған. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд. теңге қарастырылған. Бұл көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді. Лимит сомасы өңірлердегі әкімдіктерде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың санына негізделмек.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz