Павлодардағы Қазақстан алю- минийі зауытының және Қазақстан электролиз зауытының мыңға жуық жұмысшысы астанамыздың атауын өзгертуді қолдауға бағытталған акцияға қатысты. Екі кәсіпорынның металлургтері өндіріс орнының алдына жиналып, маңызды оқиғаға байланысты ой-пікірлерімен бөлісті. Патриоттық сарындағы әндер мен Елбасын қолдайтын ұрандар айтылды.

- Ұлт көшбасшысының тәуелсіз Қазақстанның бой көтеруіне қосқан үлесі орасан. Сондықтан Елбасымызға деген елдің құрметін Елордаға есімін беру арқылы жеткізуге болады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1954 жылы аймағымызда алюминий зауыты бой көтерді. Ал осыдан он жыл бұрын Тұңғыш Президентіміздің арманы орындалып, жергілікті электролиз зауытында алғашқы қанатты металл өндіріле бастады. Елбасының қолдауымен Павлодар қаласының жанындағы жазық далада алпауыт өндіріс ошақтары бой көтерді. Бүгінде мұнда 2,5 мың адам еңбек етеді. Олардың денін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олар алаңсыз еңбек етіп, отбасын құрып, өмірдің қызығын көруде. Осының барлығы - Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі, - деді Қазақстан электролиз зауытының кәсіподақ комитетінің төрағасы Александр Клименко.

Астананың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуге қатысты ұсынысты зауыт жұмысшылары да қолдайтындықтарын жеткізді.

- Қазақстан электролиз зауы- тының 40 пайызын жастар құрайды. Сондықтан біздің де пікіріміз ескеріледі деген сенімдеміз. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жас мамандарға алаңсыз жұмыс істеп, баспаналы болуға мүмкіндік береді. Жақында өзім де кәсіпорынның атынан жаңа пәтерге ие болдым. Осының барлығы - Тұңғыш Президентіміздің еліне деген қамқорлығының нәтижесі деп білем. Елбасының есімін бас қаламызға беру еселі еңбегінің қайтарымы болар еді, - дейді Қазақстан электролиз зауытының жастар кеңесінің төрағасы Қанат Ескендіров.

* * *

Павлодар мұнай-химия зауытында да 700 жұмыскер қатысқан акция өтті. Қолдарына жалауша ұстаған мұнайшылар флэшмоб түрінде ұйымдастырылған шараға белсене атсалысты.

- Мен тәуелсіз Қазақстанның құрдасымын. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдің ұланымын. Елбасымыздың жүргізген саясатының нәтижесінде кедергісіз білім алып, сұранысқа ие мамандықты меңгердім. Төрт жылдан бері осы кәсіпорында еңбек етіп келемін. Біз, жастар қауымы, әрбір жетістігіміз үшін Елбасына қарыздармыз. Ел азаматы ретінде Елордамыз Ұлт көшбасшысының есімімен аталуы тиіс деп есептеймін, - дейді зауыттың технологиялық операторы Азамат Рахымжанов.

Ал кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Васькина астананың атауын өзгерту уақытылы шешім екенін атап өтті.

Елбасының қолдауымен Павлодар мұнай-химия зауытының модернизациясы сәтті жүзеге асырылғанын айрықша айтып өтпеске болмас.

 

Әзірлеген – Д.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz