Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап «Ертіс» ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Жүйелі түрде шабуылдар ұйымдастырғанымен есеп ашатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Атап өтерлігі, бұл кездесуде «Қайсардың» жігіттері қарымта шабуылға иек артып, біздің қақпашыны жиі мазалай бастады. Бұл ретте жақсы ойын өрнегін көрсетуге тырысқан «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Тигран Барсегянды атап өтуге болады. Кездесудің бірінші жартысында есеп ашылған жоқ. Орталық стадионға жиналған жанкүйерлер ойынның екінші бөлігінен қуанышты жаңалық күткені анық. Алайда, жасыл алаңдағы жағдай басқаша өрбіді. Қос тарап 90 минут бойы бір-бірінің осал тұсын таппады. Тек төреші белгілеген қосымша уақытта «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Мақсат Байжанов мергендігімен көзге түсіп, кездесудің нүктесін қойды.

- Бізді қолдауға осыншалықты көп адам жиналады деп ойлаған жоқпын. Жанкүйерлер алдында жеңіске жете алмағанымызға өкінемін. «Ертіс» футбол командасын жақсы көретін жанкүйерлеріміз бізге келесі ойындарда да қолдау көрсетеді деп ойлаймыз. Алдағы кездесулерде бүгінгі олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз, - деді «Ертістің» қорғаушысы Урош Витас.

Ал «Ертіс» футбол клубының бас бапкері Димитар Димитров командадағы шабуылшылардың өз міндеттерін соңына дейін орындамағанына қынжылыс білдірді. Сүреңсіз ойын үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады.

Айта кетерлігі, бұл күні Павлодардағы орталық стадионға ойынды тамашалау үшін 5800-ден астам жанкүйер жиналды. Наурыз мерекесіне орай стадион аумағында киіз үй тігіліп, бауырсақ, палау және ыстық шай жанкүйерлерге тегін үлестірілді. Сондай-ақ лотерея билеттері ойнатылып, бағы жанғандар тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, теледидар секілді тұрмыстық техникаларды ұтып алды.

«Ертіс» келесі ойынын өз алаңында Жамбыл облысының «Тараз» футбол клубына қарсы өткізеді. Кездесу 6 сәуір күні сағат 15.00-де басталады.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz