Павлодардың ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы осы мақсатта бөдене фермасын ашқан. Әзірге мұнда бір мыңға жуық құс бар. Олардың қиы жауын құрттарының көмегімен өңделіп, қажетті компоненттер автономды гелиобиологиялық қалдықсыз кешенде қолданылады. Бұл - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен кейін қолға алынған жобалардың бірі. Ал аталмыш гелиобиологиялық кешен баламалы энергия көзі болып табылады.

Тәжірибелік станция технологиялық үдеріске түскен құс саңғырығынан биологиялық тыңайтқыш алып отыр. Бүгінде бөдене фермасынан айына ондаған тонна қи шығатын көрінеді. Ал құстың бұл түрі тез көбейетінін ескерсек, шикізатқа тапшылық болмайды, дейді жергілікті мамандар.

Құс саңғырығын жауын құрттарының көмегімен өңдейді. Одан шыққан өнімді ғалымдар биоотын өндірісінде пайдаланады. Сондай-ақ, қосымша биотыңайтқыштар да алынады.

- Құс саңғырығынан алынған биогумус өсімдіктер үшін пайдалы саналатын минералды заттарға бай. Бұл көкөніс өсіретін шаруалар үшін таптырмас тыңайтқыш болып табылады. Әсіресе, жылыжай шаруашылығы үшін қолайлы. Олар өсімдіктің тез өсуіне көмектеседі, - дейді ауылшаруашылық тәжірибелік станциясының өкілі Ардагер Сарбасов.

Павлодардың ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы салаға қатысты барлық бағыттар бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысады. Олардың агроғылым саласындағы жетістігі биотыңайтқыштармен шектелмейді. Бүгінде мұнда вируссыз картоптардың 6 түрі өсіріледі. Оның ішінде қоғамдық тамақтану саласында зор сұранысқа ие фри картоптарының өндірісіне арналған сұрпы да бар.

- Картоптың «Инноватор» атты сұрпын өсіруді қолға алдық. Оған қажетті тұқым Мәскеуден жеткізілді. Картоптың бұл түрі тек қайта өңдеуге арналған. Яғни, одан қытырлақ картоптар, фри жасап шығуға болады, - дейді мекеменің ғылыми қызметкері Ирина Аникина.

Ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясының мамандары бидайдың жаңа сұрпын өсірумен айналысуда. Болашақта ол павлодарлық диқандардың өзіндік брендіне айналады деп күтілуде. Жалпы, мұнда жаздық бидайдың 18, тарының 4, еркекшөптердің 2 түрі жаңадан жасалып шығарылған.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz