Неге Екібастұз?

«ANSA Silicon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Екібастұз қаласынан 16 шақы- рым жерде техникалық кремний өндіретін зауыт салу жобасы соңғы бірнеше жыл бойы қоғамда қызу талқыланды. 2016 жылы Кәсіпкерлікті қолдау картасына еніп те үлгеріпті.

Жобаны таныстырған тұста компания өкілі Болат Тоқтасынов өндіріс орны үшін неліктен Екібастұз аймағы таңдалғанын былай түсіндіріп еді:

- Техникалық кремний шығару мол көлемдегі электр энергиясын қажет етеді. ГРЭС-1-де электр қуаты арзан болғандықтан, жобаны Екібастұзда іске асыру экономикалық тұрғыдан тиімді. Оған қоса, автомобиль, темір жолдар әрі шикізат жақын. Айталық, кварцитті 200 шақырым жерде орналасқан Қарағанды облысынан, мұнай коксын Павлодардан, ағаш жаңқаларын Ресейден әкелуге болады. Тағы бір маңызды фактор – Екібастұзда білікті қызметкерлердің болуы.

Аталмыш кәсіпорынды салу үшін алдымен 70 гектар, кейін тағы қосымша 54 гектар жер телімі берілді. Одан бөлек, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ұйымдастыруға тағы 40 гектар жер бөлінді. Жалпы, аталмыш жобаның құны 38 млрд. теңгені, қуаттылығы 135 мың тоннаны құрайды деп жоспарланған. Компания өкілдері алдымен 4 пешті, екінші кезеңде 10 пешті, кейін 16 пешті іске қосуды көздеген-ді. Бұл ретте жобаның жүзеге асуына қытайлық инвесторлардың да мүдделі болғанын айта кету керек.

- Қытайда 95 пеші бар компаниямен инвестициялық келісім жасалды. ҚР Инвес-тиция және даму министрлігі техникалық кремний өндірісінің жобасын индустриялды-инновациялық дамудың қазақстандық-қытайлық бағдарламасына қосты, - деген еді Б.Тоқтасынов.

Бұл ретте «ANSA Silicon» өкілдері Екібастұзда зауыттың ашылуы жергілікті бюджет пен қарапайым халыққа тиімді боларын үнемі алға тартып отырды. Атап айтқанда, «350 екібастұздықты тұрақты жұмыспен қамтимыз» деп уәдені үйіп-төкті. Алайда...

Қараша халық қарсы

Алайда, тұрғындар дәл осы зауыттың Екібастұз қаласының іргесінде салынуына қарсылық танытты. Бұл пікірді өткен жылдың тамыз айында ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауда ашық айтты. Тұрғындар техникалық кремнийдің де, кәсіпорыннан шыққан қалдықтардың да адам ағзасы мен қоршаған ортаға зиян әкелетінін айтып, дабыл қақты. Тіпті, компанияның кейбір құжаттарына күмәнмен қарады.

- Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсер ету бағасын осы жылдың наурыз айында ғана Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан ауылында құрылған компанияның жүргізгені ойға қонымсыз болып тұр. Сонымен қатар, өндіріс орнының қоршаған ортаға әкелетін зияны туралы бөлімде қалдықтар есептелетін формуладан басқа түк жоқ. Ол аз десеңіз, қытайлық құрал-жабдыққа қатысты техникалық құжаттама жоқ. Күмән тудырған тағы бір жайт - Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсер ету бағасында жылына 1,5 млн. тонна болат балқыту туралы сөз қозғалған. Жоба кремнийге қатысты емес пе?! Бұдан соң бағаның басқа кәсіпорыннан көшірілгені туралы күдік қалыптасады, - деп еді қоғамдық тыңдау кезінде есімін атауды құп көрмеген екібастұздық тұрғын.

Тіпті, екібастұздықтар ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдаған болатын. 10 244 тұрғын қол қойған хатта зауыттың құрылысы қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екені айтылған.

- Кремний зауытында шикізатты балқытып, кремний алу үшін 16 пеш орнату жоспарланып отыр. Оған қоса, мұнай коксын жаққан кезде ауаға көп көлемдегі көмірқышқыл газы таралады. Мұның барлығы экологияның жағдайын нашарлатып, адамдардың денсаулығына зиян келтіреді, - делінген ашық хатта.

Тұрғындардың осындай наразылығы мен нақты дәйектеріне қарамастан, «ANSA Silicon» ЖШС директоры Серғазы Беркінбаев кәсіпорынның еш қаупі болмайтынын айтудан танбады.

- Өндіріс орны іске қосылған соң екібастұз-дықтардың денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келмейді. Зауыттың айналасында теректер отырғызылатын болады. Зиянды заттардың атмосферада шашылуы ары кеткенде 1000 метрді құрайды. Ақпасулар үшін тазарту нысандарын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл суды қайтадан суару және техникалық мақсаттарда қолдану көзделіп отыр, - деген еді С.Беркінбаев.

Жоба тоқтады

Көпшіліктің талқысына түсіп, қарапайым тұрғындар тарапынан сан түрлі сауал тудырған жобаға қатысты нүктені Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов қойды. Екібастұз қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында шаһар басшысы жобаның тоқтағанын мәлімдеді.

- Кәсіпкерлер аталмыш зауыттың құры-лысына инвестиция құйған жоқ. Инвес-торлармен байланыс біржола үзілді. Олар жұмыс орнында жоқ, телефон қоңырауларына да жауап бермейді. Тұрғындар да бұл кәсіпорынның Екібастұз аумағында салынғанын қаламады. Сондықтан, «жоба тоқтады» десек болады. Қазіргі кезде жерді қайтарып алу жұмыстарымен айналысып жатырмыз, - деп түйіндеді Н.Әшімбетов.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz