Бұл - амалсыздан қолға алынып отырған бастама. Себебі, жергілікті атқамінерлер жаңадан кәсіп бастап, бизнесін дамытуға ниетті тұрғындарға дұрыс бағыт-бағдар бере алмай отыр. Аталған мәселе облыстық әкімдікте өткен аппараттық мәжілісте талқыланды.

Облыс әкімі Болат Бақауов түрлі деңгейдегі әкімдер мен жауапты мекеме басшыларының басты міндеттерінің бірі өңірге инвестиция тарту болуы тиіс екенін ескертті. Өкінішке қарай, бұл сала «бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кебін киіп отыр. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың қабылданып, мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп отырғанына қарамастан, кейбір жекелей кемшіліктер жалпы көрсеткіштерге кері әсерін тигізуде. Сондықтан аймақ басшысы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай тудыруға баса мән беру қажет екенін айтты.

- Сіздерге мысал келтірейін. Тереңкөл ауданында үлкен сауда орнын ашып, бизнесін табысты дөңгелетіп отырған кәсіпкер бар. Қазір оның ісі өрге домалап келеді. Алайда бұған дейін аталған кәсіпкер сауда орнының құрылысына жер алу үшін үш жыл күткен. Жай күтіп қана қоймай, сол аралықта талай мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырған. Тағы бір мысал. Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Аурика Дяк облыс орталығында қонақүй салуға ниетті. Бірақ ол нысанға инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға жер учаскесін ала алмай, біраз сабылған. Егер халық қалаулысы, қоғам белсендісі бола тұра, Аурика Дяк сияқты адамдар жер ала алмаса, онда қарапайым кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға тап болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау шараларына деген көзқарастарыңызды түбегейлі өзгертіңіздер, - деді Болат Жұмабекұлы.

Жалпы, облысымыздың әрбір үшінші тұрғыны еңбек ететін шағын және орта бизнес саласының дамуында оң көрсеткіштер бар. Атап айтсақ, жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 пайызға өсіп, 44 747 бірлікті құраған. Олардың саны жыл соңына дейін арта түседі. 2019 жылы аймағымыз бойынша бұл салада жалпы инвестиция көлемі 32,8 млрд. теңге болатын 146 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл ретте, жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына қатысты болып отыр. Бұдан бөлек, ойын-сауық мекемелерін ашу, сауда-саттыққа қатысты жобалар бар. Өкінішке қарай, өндіріс саласына қатысты бастамалар өте аз. Аппараттық жиын барысында осы бағытқа назар аудару қажет екені айтылды.

Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының шарапаты молынан тиюде. Облысымыз республикада аталған бағдарлама аясында мақұлданған жобалар саны бойынша әлі де көш бастап келеді. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 2,7 млрд. теңге бөлінген. Жыл басынан бері 63 жоба мақұлданған.

Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рысбековтің айтуынша, наурыз айының соңында гранттық қаржыландыру бойынша өтініштерді қабылдау аяқталған. Атап айтсақ, кәсіп ашуға ниетті аймақ тұрғындарынан 162 өтініш түскен. Оларды іріктеу бойынша комиссия отырысы осы айда өткізілмек. Облыс әкімі Б.Бақауов гранттарды үлестіру жұмысы қалай жүргізі-летінін саралауды тапсырды. Сондай-ақ, бұған дейін мемлекет тарапынан қайтарымсыз қолдау қаражатына ие болған азаматтардың кәсібі қалай жүзеге асырылып жатқанына талдау жүргізуді жүктеді.

Биыл жастар кәсіпкерлігін дамытуға да біршама қолдау көрсетілмек. Жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға 217 млн. теңге қарастырылған. Мамандар бизнеске бет бұруға ниетті жастардың қатары қалың екенін айтуда. Сол себепті жауапты басқарма қосымша 50 млн. теңгеге бюджеттік өтінім берген.

Жиын барысында аймақ басшысы тұрмысы төмен отбасыларға кәсіп ашуға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға ерекше ден қоюды тапсырды. Сондай-ақ, Болат Жұмабекұлы жол бойында дәмханалар мен қонақүйлер салу бағытындағы жұмыстың қарқынына көңілі толмайтынын айтты. Бізге тұтынушылардың талабына жауап бере алатын, сапалы, жайлы орындар қажет. Осы бағытқа бизнес құрылымдарын жұмылдыра білу керек, - деді аймақ басшысы.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz