Маңызды бастаманы жүзеге асыруға облысымыздың әр өңірінен картоп өсірумен айналысатын 11 шаруашылық таңдап алынған. Мұның да өзіндік себебі бар. Осылайша, қант қызылшасына қай ауданның топырағы мен ауа райы ерекше жағатыны сыналады. Шаруашылықтарда кем дегенде бір гектар алқапқа жаңа дақыл отырғызуы тиіс. Аппараттық мәжіліс барысында қант қызылшасының жеті түрлі сұрпы таңдалып алынғаны айтылды. Ең бастысы, қажетті көлемде тұқым сатып алынған. Облыс әкімі Б.Бақауов қай шаруашылық қанша гектарға қант қызылшасын отырғызатынын анықтауды тапсырды.

Алқалы жиын барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі егіс жұмыстарына дайындығы пысықталды. Биыл облыс бойынша егістік алқаптарының жалпы көлемі 1,384 млн. гектарды құрамақ. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда шамамен 114 мың гектарға артық. Егістік алқаптарының көп бөлігі дәнді дақылдарға тиесілі - 710,1 мың гектар. Ал 429,8 мың гектарға жем-шөп дақылдары, 214,8 мың гектарға майлы дақылдар себіледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі артқан. Атап айтсақ, өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 2,9 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Соның ішінде минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 700 млн. теңге, гербицидтердің құнын арзандату үшін 900 млн. теңге, ал тұқым шаруашылығын қолдауға 1322,0 млн. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ тарапынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 3 млрд. теңге болатын 100 несие беру жоспарлануда. Аталған несиелер «Агробизнес» және «Кең дала» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген пайызбен беріледі. Бұл ретте, жыл басынан бері аймақ шаруа-лары 78 несие алған. Олардың жалпы сомасы – 2,2 млрд. теңге.

Т.Көшербаев облыс диқандары 140,1 мың тонна көлемінде тұқым дайындағанын атап өтті. Алғашқы жоспар 119 мың тонна болған. Ауыл шаруашылығы техникаларының 96 пайызы көктемгі егіске дайын. Жалпы, биыл маңызды науқанға түрлі маркалы барлығы 7412 бірлік трактор жұмылдырылмақ. Жауапты басқарма өкілдері аймақ шаруалары жыл санап техникаларын жаңартып келе жатқанын айтуда. Өткен үш айда диқандар 51 жаңа трактор сатып алған.

Павлодар облысына көктемгі дала жұмыстары үшін 18,6 мың тонна дизельдік отын бөлінген. Ол шаруаларға жеңілдетілген бағамен сатылуда. Операторлардың қызметін ескергенде, жанармайдың бір литрінің құны 167 теңгені құрап отыр. Республика көлемінде алар болсақ, облысымызда дизельдік отын құны біршама арзан. Т.Көшербаев шаруалар бүгінгі күнге дейін 3652 тоннаға өтініш берген дейді. Бұл – наурыз айына бөлінген жанармайдың жартысы. Оның 1 294 тоннасының құны төленіп, 316 тоннасы шаруаларға жеткізілген. Көрсеткіш көңіл көншітерліктей емес. Алайда оның өз себебі бар. Қазіргі кезде республика көлемінде дизельдік отынға деген өтініштер электронды түрде қабылданатыны белгілі. Осы айда жүйе сыр берген. «Соған қарамастан, дизельдік отынды үлестіру көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы орындамыз», деп нақтылады ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы. Аймақ басшысы жеңілдетілген бағамен саудаланатын жанармайды шаруаларға жеткізу жұмысын мұқият қадағалауды тапсырды.

Алқалы жиында суармалы алқаптарды дамыту мәселесі де айтылды. Облыс әкімі Б.Бақауов аймақ шаруаларының алдында суармалы алқаптардың көлемін 38 мың гектарға жеткізу жоспары тұрғанын айтты. Алайда бұл меженің бағындырылатынына күмән бар. «Суармалы алқаптардың көлемін арттыру бойынша өңірлерде нақты жоспар жоқ», - деп сынға алды аймақ басшысы.

Аппараттық мәжілісте аудан әкімдерінің көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелеріне қатысты есебі тыңдалды. Аудан басшылары көктемгі дала жұмыстарына сақадай сай екендерін айтты. Өңірлер ауа райы қолайлы болса жер жырту жұмыстарына осы айдың 20-сы күні шығуды жоспарлап отыр.

«Қазгидромет» өкілдерінің болжа-уынша, биыл жаз айларында қуаңшылық күтілмейді.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz