Облыстық полиция департаменті бас- пасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқару- шы Жанар Белялованың сөзінше, көп балалы отбасыларға көмек көрсету шарасы 28 ақпанда бастау алған. Сол уақыттан бері тәртіп сақшылары көпбалалы аналарға қол ұштарын созуда.

- Қамқорлық шарасын бастау алдында жергілікті әкімдіктер көп балалы отбасылардың тізімін берген болатын. Бұдан бөлек, бұл тізімге өз саламыздағы көп балалы қызметкерлерді де қосқан болатынбыз. Қазіргі уақытта облыс бойынша 20 отбасы біздің қамқорлығымызға алынған. Қыс мерзімінде аталмыш жанұялардың үйіне тегін көмір, отын жеткіздік. Азық-түлік пен тұрмыста қолданылатын жуғыш заттармен қамтамасыз еттік. Бұдан бөлек, «Денсаулық жолы» акция- сын ұйымдастырдық. Шыны керек, көпбалалы аналардың балаларын толық медициналық тексерістен өткізуге уақыты бола бермейтіні белгілі. Осы жағдайды ескеріп, полиция қызметкерлері арнайы көлікпен жоғарыдағы отбасы мүшелерін департамент емханасына жеткізіп, дәрігердің қабылдауына кіруге мүмкіндік жасады. Ата-аналар мен балалар толық тексеруден өтіп, оларға қажетті ем-шара тағайындалды, - дейді ол.

Тәртіп сақшылары Ұлыстың ұлы күнінде «Әр шаңырақта – Наурыз» шарасын өткізген. Орталық алаңда киіз үй құрып, қызмет жолында қаза тапқан қызметкерлердің жанұясы мен көпбалалы отбасыларға арнайы дастарқан жайған. Балалар үшін алтыбақан құрып, атқа мінгізіп, ұлттық ойындардан жарыстар өткізген.

Көпбалалы отбасылардан бөлек тәртіп сақшылары қарттар үйіндегі қарияларға да қамқорлық көрсетеді. Қызметкерлер әзірлеген тағамдарын қарттарға үлестіріп, концерт қойып, көңілдерін көтерді. Қариялардың жағдайымен танысып, жұмыстағы қызықты оқиғалары жөнінде әңгіме өрбіткен.

- Көп жағдайда мұндай қайырымдылық шаралары бір акциямен ғана шектеліп жатады. Бірақ біз бұл бағыттағы игі істі тоқтатпаймыз. Алдағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, полиция күнінде де жоғарыдағы отбасыларды мерекелік концертке шақыратын боламыз, - дейді Ж.Белялова.

Тәртіп сақшылары қамқорлыққа алған отбасы мүшелерінің тұрақты жұмыс табуы- на да жәрдемдесетінін атап өткен жөн. Тіпті, балалардың жоғары оқу орнына түсуі- не де көмектесуде. Аутизм, церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың қымбат ем-шараны қабылдауына жағдай жасап, аптасына бір рет көмек беруде.

- Железин ауданында ата-анасынан айырылған 4 баланы әжесі асырап-бағуда. Осы отбасыға отын мен азық-түліктен бөлек, балалардың сұрауы бойынша велосипед, ой-өрісін дамытатын ойыншықтар сатып алынды. Бұдан бөлек, Павлодар ауылында «Күміс алқа» иегеріне тәртіп сақшылары бірлесіп, тоңазытқыш сыйлады. Осы отбасыларға өзіміздің телефон нөмірлерімізді қалдырған едік. Сондықтан үнемі байланыста боламыз, - дейді Жанар Белялова.

Шыны керек, полиция дегенде көз алдымызға қоғамдық тәртіпті күзететін қызметкер елестейді. Жоғарыдағы оқиғалардан тәртіп сақшыларының жомарт, кең пейілді екенін аңғару қиын емес. Көпбалалы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуі – құптарлық іс.

 

А.ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz