Соңғы уақытта аймақта «Қазөнер» брендінің аты жиі естіледі. Бұл қос құрбының бірлесе қолға алған жаңа жобалары еді. «Қазөнерді» Ертіс-Баян өңіріне алып келген Гүлназ Қадыр, Мейіргүл Абзалова мен Әсет Сейдахмет болатын. Бүгінде бұл кәсіптің тасын екі ару өрге домалатып отыр. Дүкен сөрелерінен танымал әнші Роза Әлқожа қалыптастырған бренд - «Мен сыйға тартқан орамал», «Кербез» отандық фирмасы ұсынған сағаттар, «Мерхат» зергерлік ұйымының күмістен жасалған сырға-сақиналары, «Ақжол» фирмасы тігетін оюлы қол сөмкелер, әмияндар, былғары бұйымдар мен «Хан мұрасы» брендінің өнімдері бар. Мұндағы «Хан мұрасы» атауымен шығатын бұйымдарды Моңғолияда тұратын қандастарымыз өндіреді екен.

Қазіргі таңда бизнес бастайтын кез келген адам оның толайым табыс әкелуін көздейді. Бірақ Гүлназдың айтуынша, оның кәсіп бастауына табыс табудан бұрын ұлттық намыс себепкер болған тәрізді.

- Осыдан 4-5 жыл бұрын мен Талдықорған қаласында айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовпен бірге жұмыс істедім. Ол жақ - нағыз қазақтықтың иісі аңқыған, қазақы орта. Елге оралғаннан кейін маған осы бір құндылық жетіспеді. Қазақы ортаны іздедім, ұлттық нақыштағы сәндік бұйымдарды күнделікті тағудан арланатын қаракөздерді көрдім. Осыдан кейін ойландым... Ұлттық боямасы сіңген, қазақ халқына ғана тән бұйымдарды күнделікті өмірде де тағуға болатынын айналама дәлелдеуім керек болды. Сөйтіп күмістен жасалған әшекейлерді сатуды қолға алдым. Алғашында оларды интернет арқылы әлеуметтік желілерде жарнамалап сатып жүрдім. 2017 жылы Ахметбек Нұрсиланың «Бизнес бастау» курсына келіп, 2 айдай оқыдым. Осы кезде мені сатылым жүйесі ерекше қызықтырды, осы саланы меңгеру үшін сол жерге жұмысқа орналастым. 3 айдай сату орталығын басқара жүріп, өзіме бірқатар тәжірибе жинадым. Бизнесті дамыту бойынша ізденісімді шектемей, кейін Алматы қаласында өткен қашықтықтан оқу курсына қатыстым, - дейді Гүлназ Қадыр.

Гүлназдың ұлттық нақыштағы бұйымдарды, қазақ қолөнер шеберлерінің өнімдерін ғана сатуды қолға алуына түрткі болған тағы да бір себеп бар екен. Ол - ел арасында жиі айтылатын «Қазақтың қолынан түк келмейді», «Қазақ жалқау» деген пікірлер.

- Осы сөздерді естігенде қатты намыстанатынмын. Неге? «Қазақтар жалқау емес», «олардың қолынан келмейтін іс жоқ», «біздің жасаған өнімдеріміз тек қана мерекелер мен Наурыз мерекесінде ғана қолданылмайды» деп шыр-пыр болатынмын. Кейін мұны іспен дәлелдеу керек болды ғой. Сөйтіп жүріп Әсетпен, Мейіргүлмен бірлесіп дүкен ашуды көздедік. Ол мақсатымызға да жеттік. Қазір Әсеттің үлесін толығымен өзіміз сатып алып, тек қана Мейіргүл екеуіміз жұмыс жасап отырмыз, - деді ол.

Кәсіпкер қыздардың айтуынша, дүкенде тұрған ұлттық өнімдердің бағасы сол тауарды өндіруші компаниялармен жасалған келісімшартқа сәйкес өз бағасымен сатылады. Сонымен қатар түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, Павлодар қаласы бойынша кез келген тауарды жеткізу тегін болса, ал облыс пен ел көлемінде курьерлік қызметке жеке ақысы төленеді. Тауарлардың да бағасы қолжетімді. Мысалы, 925-інші сынамалы күмістердің бір топтамасы (сырға, сақина, кулон) 6500 теңгеден басталады.

Ал дүкендегі тауарлардың ішінде қыз-келіншектерді ерекше қызықтыратын өнімнің бірі - Роза Әлқожаның орамалдары. Мейіргүлдің айтуынша, «Мен сыйға тартқан орамал» сауда белгісінің өнімдері Қазақстанның үздік 100 брендінің қатарынан табылып, «Халық маркасы» тұтыну белгісіне ие болған.

- Бұл бизнесті осыдан 2,5 жыл бұрын декреттік демалыста отырған кезде қолға алдым. Роза Әлқожаның өзімен тікелей байланыс орнатып, оның орамалдарын Павлодар өңірінде сатқым келетінін айттым. Арада 1 ай өткеннен кейін біз келісімшарт жасадық, - деді Мейіргүл.

«Қазөнердің» қыздары бүгінгі таңда 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында отандық өнім өндірушілердің арасында өтетін үлкен форумға шақырту алған. Осы сапарлары арқылы қыздар дүкен сөрелеріндегі тауарлар қатарын жаңа брендтермен көбейтуді көздеп отыр.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz