Бүгінде бұл бөлім қолжетімді электронды сайттар, әлеуметтік желілер арқылы жұмыс жасайды. Ал ең бастысы «Smart Eкібастұз» арнайы қосымшаларының көмегі көп болып отыр.

- Биыл қаңтар айының соңында бөліміміз бен «BF Group INC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында «Smart Eкібастұз» көпфункционалды жүйеге техникалық қолдау бойынша мемлекеттік сатып алулар туралы шарт жасалды. Аталмыш айрықша мобильді қосымшада түрлі жаңалықтар қолжетімді. Мәселен, әлеуметтік-еңбек саласына қатысты өзекті жаңалықтарды тұрғындар Smart-жаңалықтар тарауынан тапса, алда өткізілетін іс-шаралар жайында іс-шаралар күнтізбесі тарауында жарияланып тұрады, - дейді бөлім басшысының орынбасары Үміт Айтбаева.

Цифрландырудың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жайлылық жасалған көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға санаторий-шипажайларда ем алу ұсынылып, қажеттілігіне қарай түрлі құрал-жабдықтар мемлекет тарапынан берілетіні белгілі. Ол үшін мұқтаж жандар арнайы кезекке тұрады. Ал оның қаншалықты жылжығанын, жақындағанын бөлімге барып білудің қажеті жоқ. Бүгінде смарт-кезек тарауында кезек туралы ақпарат қолжетімді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта инватакси қызметін алуға өтінімді де қашықтықтан аталмыш қосымша арқылы беру мүмкіндігі туады. Қазіргі таңда осы тарау жұмысы қалыптастырылуда.

Бөлім мамандары жұмысының басым бөлігі халыққа мемлекеттік қызмет көрсету екені көпке белгілі. Бүгінде маңызды бағыттардың бірі дәл осы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру болып отыр. Өйткені, цифрландыру элементтерін енгізу сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді, қызмет алушының уақытын айтарлықтай үнемдейді, жалпы мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді, дейді мамандар.

Қазіргі кезде тұрғын үй көмегін көрсету мемлекеттік қызметі халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылуда. Былтыр 3952 отбасыға қызмет көрсетілген. Биыл жыл басынан бері 926 отбасы тұрғын үй көмегін алуға өтінім білдіріпті. Бұл қызметтің халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылатыны өте қолайлы, дейді бөлім мамандары. Себебі, тұрғындар уақытын оңтайлы пайдаланып, бір мезетте орталықтан қажетті анықтамаларын ала алады.

Жалпы, мемлекеттік қызметтердің электронды түрде жүзеге асқанына мамандар да мүдделі болып отыр. Екібастұз бөлімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлермен жұмыс секторының қызметкерлері мемлекеттік 8 қызмет көрсететіндерін айтады. Оның жетеуі бұрынғыша қағаз жүзінде жүргізілсе, біреуі «электронды үкімет» веб-порталы арқылы көрсетіледі. Яғни, үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуына кететін шығынды өтеу қызметі жаңа форматта жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтитын орталық та цифрландыру игіліктерін көруде. Нақтысы, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында бір терезе типімен электронды кезек енгізіліпті. Жұмыс іздеп жүрген жандар және жұмыс берушілер бірыңғай электронды еңбек биржасының жаңа форматымен қажеттісін таба алады. Кей тұрғындардың компьютермен, жалпы интернет әлемімен аса таныс болмайтынын ескеріп, мамандар оларға интернет ресурстарын пайдалану, электронды еңбек биржасы сайтына емін-еркін ену жағын үйретуде. 2018-2019 жылдар кезеңінде «Еңбек.kz» электронды еңбек биржасына Екібастұз қаласының 482 ұйымы мен кәсіпорны тіркеліпті. Жұмыс іздеушілер тарапынан 901 түйіндеме орналастырылған. Сала қызметкерлері жұмыспен қамту орталығы көмегіне жүгінген азаматтарға сайтқа түйіндеме түзуге, жұмыс берушілерге өтінішті кеңсесінен шықпай-ақ, қашықтықтан беруі үшін олардың жеке кабинет ашып, тіркелулеріне көмектесетіндерін айтады. Өткен жылы аталған биржа арқылы кеншілер шаһарының 1316 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналастырылса, биыл алғашқы тоқсанда 256 адам еңбекпен қамтылған.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz