Ойын басталысымен жергілікті жан- күйерлер алдында желпінген павлодарлықтар допты уысынан шығарған жоқ. Бірнеше мәрте шабуыл да ұйымдастырып көрді. Алайда, «Тараз» қақпасының кілті табылған жоқ. Ойынның 18-ші минутында «Ертістің» жартылай қорғаушысы Мадияр Райымбек допты әуелете көтерген. Соққыны қайтармақ болған «Тараз» қорғаушысы Игорь Пикалькин өз қақпасына гол соғып алды. Бұдан соң «Тараз» футболшылары бірнеше мәрте шабуыл ұйымдастырып көрген. Алайда, бірін-бірі түсіне алмаған қонақтарымыз дегендеріне жете алған жоқ. Ойынның бірінші бөлігі аяқталар тұста «Тараздың» қорғаушысы Рақымжан Розыбакиев екінші сары қағазын еншісіне жаздырып, алаңнан кетті. Бұдан соң жанкүйерлер «Ертістен» үлкен үміт күткен. Үзілістен соң да қос тарап айтарлықтай мардымды өнер көрсете алған жоқ. Кездесудің 58-минутында «Ертістің» қорғаушысы Каспор Дубра қателікке бой алдырып, «Тараздың» ойыншысы Элгуджа Лобжанидзеге допты беріп қойды. Десе де, оның тепкен добы қақпа маңдайшасынан биік кетті. Ойынның екінші жартысы орта шебіне келген сәтте «Тараздың» қақпашысы Самат Отарбаев қателікке жол беріп, өз қолымен қақпасына гол соғып алды. Ойынның қалған уақытында нәтиже өзгерген жоқ.

- Командамыз көсіліп өнер көрсете алған жоқ. Бар болғаны «Ертіске» сәттілік серік болды. Біз мүмкіндіктерді жүзеге асыру, допты әріптеске беру кезінде жиі қателесеміз. Осы бағытта жұмыс жасауы- мыз керек, - дейді «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров.

Былтырғы маусымды сүреңсіз аяқтаған жерлестеріміздің биылғы ойынына да әлі қан жүгірмей тұр. «Ертістің» келесі ойыны сырт алаңда 14 сәуір күні Қарағандының «Шахтеріне» қарсы өтеді.

 

Алпысбай ХОНЖ

Гүлманат ӘУЕЛХАН

saryarka-samaly.kz