Жұмыс беруші жәрдемдескен

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өңірімізге сапары барысында жұма күні Екібастұздағы бірқатар нысанды аралап, жаңа пәтерге ие болғандардың қуанышымен ортақтасты. Сондай-ақ мәртебелі меймандар жастармен кездесті.

Қонақтар алдымен «GreenhouseKZ» жылыжай кешеніне барды. Мұнда әйелдердің еңбекпен қамтылу мәселесіне мән берді. Кәсіпорында бүгінде 230 адам еңбек етсе, соның 160-ы – әйелдер. Орташа жалақылары – 120 мың теңге шамасында. Олар күніне 25 мың тал раушан гүлін жинайды.

Одан кейін Үкімет мүшелері кеншілер шаһарында Елбасының «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты. Нақтысы, Энергетиктер, көшесі 70-үй мекенжайында бой көтеріп, бүгінде аталмыш бағдарлама бойынша тұрғындарға үлестіріп жатқан үйге барды. Бұл үйден екібастұздық көпбалалы, сондай-ақ жас отбасылар пәтер алған.

Баспаналы болып жатқан отбасылардың біріне өздері еңбек ететін кәсіпорны жәрдемдессе, енді бірі алғашқы жарнаны жылдар бойы өздері жинақтаған көрінеді. Мәселен, Қ.Нұркеев бұған дейін ата-анасымен бірге тұрып келген. Төрт жыл ақша жинап, бүгінде жас отбасы жеке пәтерлі болып отыр. Нариман Кенжебаев та осындай қуанышқа ие болды. Өз шаңырақтарына қол жеткізген қос отбасыны Гүлшара Әбдіхалықова құттықтап, үйлеріне береке тіледі. Дәл осындай қоныс тойын көпбалалы ана Елена Неучесова да тойлады. Ол жолдасы екеуі екібастұздық «Гидропром» ЖШС құрылыс фирмасында еңбек етеді. Төрт баласымен 12 жылдай пәтер жалдап келген. Бүгінде «7-20-25» бағдарламасының нәтижесінде екі бөлмелі баспанаға қол жеткізді.

Орталық оңалып қалды

Үкіметтен келген топ Екібастұздағы отын-энергетика саласына мамандар даярлайтын орталық құрылысымен де танысты. Жертөлесін су алып, қаншама жыл қаңырап қалған орталықтың ғимараттарында бүгінде ішкі әрлеу әрі корпустардың сыртқы қабырғаларын жылу оқшаулағыштармен қаптау жүргізілуде.

Облыс әкімі Болат Бақауов орталық бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінде болып, бүгінде жергілікті билік балансына өткізілгенін мәлім етті. 240 орынға шақталған екі жатақханасы, 100 орындық қонақүй қарастырылған. Қонақүйде шетелден келіп білім беретін оқытушылар орналастырылады деп жоспарланған.

- Орталықтағы құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталады, қаржыландыру бар. 700 студент білім алады. Мұнда тау-кен, энергетика саласындағы кәсіпорындарға басымдық берілмек. Техникалық ағылшын тілі үйретіледі. Келесі жылдың қаржыландыруы биылға жылжытылса, мердігер аяқтауға әзір, - деді облыс әкімі.

Мүмкіндікті мүлт жібермеңдер!

«Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту орталығында жастармен өткен кездесу барысында Үкімет мүшелері Павлодар облысының жастарына осындай ақыл айтты. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндіктерді жастар барынша пайдаланып қалуға тырысса, істері алға басатыны айтылды. Павлодарлық жастарды Жастар жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Бүгінде аймақта 14-29 жас аралығында 165 мың жас бар. Бұл жалпы облыс халқы санының 21,5 пайызын құрайды. Жастардың 50 үкіметтік емес ұйымы тіркелген. Еріктілер институты кең етек жаюда. Жастар кәсіпкерлігін дамыту алға басқан.

Бұдан соң жастар Вице-Премьер Гүлшара Әбдіхалықова мен министр Бердібек Сапарбаевқа ұсыныс-тілектерін білдірді. Мәселен, Екібастұз колледжінде оқитын Әбдіжапар Ахмет ізденген жас әрдайым дегеніне жететініне сенімді. Дегенмен, кейбір замандастарының бар нәрсе бір уақытта бола қалғанын қалайтынына қынжылатын көрінеді. Осы ретте, еліміздің әр салада жеңіс биігінен көрінген чемпиондарымен, өнерлі азаматтарымен «Жастар жылында» жүздесулер ұйымдастыруға ұйытқы болуды өтінді. Яғни, олар кез келген жетістікке жету жолының оңай еместігін өз мысалдары негізінде түсіндірсе деген тілек білдірді. Г.Әбдіхалықова бұл өтінішті құзырлы министрлікке құлаққағыс етуге уәде етті. Сондай-ақ, ол республика көлемінде жастарға мол мүмкіндіктер беріліп отырғанына тоқталды. Біріншіден, білім алуларына барлық жағдай жасалуда, екіншіден, жастарды жұмысқа тарту, несиелер мен гранттар беріп, кәсіп ашуға қолдау көрсетуге мән берілуде. Үшіншіден, патриоттық тәрбие беру басты назарға алынған. Яғни, жастар мемлекет көрсеткен қолдауға қайтарым ретінде қандай да бір игілікті іс жасауға әрдайым құлықты болуы тиіс, деді Г.Әбдіхалықова.

Ал ауылдық елді мекенде математика пәнінен сабақ беретін Альбина «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының тиімді екенін атап өтті. Жастарды ауылға барудан қорықпауға шақырды. Бұл ойды министр Бердібек Сапарбаев та қостады. Бәрінің қалада тұруы міндетті емес, ауылға барған жасқа жан-жақты жағдай жасалады, деді ол. Альбинадай арулар аз болмаса, еліміздің ертеңі де жарқын болатынына сенім білдірді министр.

- Үкімет «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасын әзірлеуде. Еліміз бойынша 1700 негізгі ауылды белгілеп алды. Енді олар дамытылады, қаладан кем болмауы тиіс. Білім де қаланікінен қалыспайды. Бәрі де өздеріңізге байланысты, елдің болашағы – сіздерсіздер. Елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға мән берілуде. Бәрінің мұғалім, бастық болуы міндетті емес. Сондықтан, кәсіптің де тілін меңгерген жөн, - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, министр елдегі мүмкіндіктерді барынша пайдаланып қалуға кеңес берді. Өйткені, жастық шақ лезде өте шығады, деді. Бар уақытты тиімді әрі ақылмен кәдеге жарату қажеттігін атап өтті.

Кездесуде кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген жастар да бой көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, Әсел Жақыбаева 2015 жылы репетиторлық орталық ашқан. Үш тілде білім беруге қауқарлы. Сұраныстың артқанын да айтты. Сондықтан кеңсесін кеңейтуге ниетті. Бүгінде жалдамалы кеңседе отырған жас кәсіпкер мемлекеттің көмегімен өз ғимаратына қол жеткізуді армандайды. Облыс әкімі Болат Бақауов қолдау көрсетілетінін мәлім етті. Әдебиет Қайса есімді азаматтың да арманы асқақ. Сол арманға жету жолында табанды еңбек етуді бастап та кетіпті. «Бизнес бастау» бойынша оқып, 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, «Балтабай» ШҚ-ын құрыпты. Бүгінде қолында 100 бас жылқы, 80 бас сиыры бар. Одан бөлек, ұсақ малы да жетерлік. Енді «Сыбаға» бағдарламасымен 40 млн. теңге алуға ниеттеніп отыр. Оның 20 млн. теңгесіне мал басын көбейтіп, қалғанына техника сатып алмақшы. 4 адамды жұмыспен қамтыған.

- Жас болсаңыз да, мал шаруашылығын дамытуға ден қойғаныңызға қуанып отырмын. Көбінде жастар мал шаруашылығын қиынсынады. Ал сіздің бағытыңыз айқын екенін көріп отырмыз. Ісіңнің дүркіреген шаруашылыққа айналғанын тілеймін, - деді Г.Әбдіхалықова.

Кездесуде «Серпін» бағдарламасымен білім алып жатқан жастар өңірімізде тұрақтап қалуға тұрғын үй мәселесі көп кедергі келтіретінін алға тартты. Мәселен, серпіндік студент Асылған Рақым Үкіметтен баспана мәселесін шешуге қолғабыс жасауды сұрады. Вице-Премьер мәселені Нұр-Сұлтан қаласына барған соң бұл мәселені ескеретінін мәлім етті. Дегенмен, жастарға қорықпай еңбектене беруге кеңес берді. Қалада қалуды ғана емес, ауылдарға аттануды да мақсат еткен жөн, деді. Министр Бердібек Сапарбаев та жалпы жастарға «бәрі тегін» дегенді бастан шығарып тастауға кеңес берді. Баспаналы болу үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тырысуға шақырды. Негізгі жұмыстан бөлек, талмай, кешкілік те ебін тауып, еңбектену қажет, деді.

Заман талабына сай

Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығына барды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Фархат Әлімов аймақта 17 фронт-кеңестің жұмыс істейтінін атап өтті.

Бұл ретте Гүлшара Әбдіхалықова атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуына баса назар аударды. Орталық операторының айтуынша, «Е-халық» ақпараттық жүйесі бойынша барлық мәліметті қарап, тексеруге болады. Аптасына шамамен 100 адамға аталмыш көмекті алу реті бойынша кеңес беріледі. Ал өтініштерді жергілікті жұмыспен қамту орталықтары қабылдайды.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың барысы туралы толығырақ Жұмыспен қамту орталығында баяндалды. Орталық директоры Дамир Бейсембиновтің айтуынша, соңғы уақытта аталмыш көмекті алуға ниеттілердің қатары күрт артқан.

- Біздің орталықта атаулы әлеуметтік көмек бөлімі жұмыс істейді. Бұл бөлімге жыл басынан бері 2900 адам өтініш тапсырды. Ал 1 сәуірден бастап аталмыш көмекті тағайындаудың талаптары өзгергендіктен, өтініш тапсырушылардың саны арта түсті. Тек өткен бір аптаның ішінде 1522 павлодарлық көмектен үмітті екендерін білдірді, - деді Д.Бейсембинов.

Үкімет өкілдерін жұмыссыздарды оқыту, олардың кәсіп ашуына жағдай жасау мәселелері қызықтырды. Дамир Жұмкенұлы бұл бағыттағы жұмыстың оң жолға қойылғанын айтты.

- Жыл басынан бері жастар тәжірибесі аясында 152 тұрғынға түрлі қызметке жолдама бердік. Шілде айында аталмыш бағдарламаларға қатысушылар қатары көбейеді деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 32 жұмыссыз «Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін үйрететін оқу курстарына жіберілді. Одан бөлек, біздің орталықта бүгінгі күні мамандығына сұраныс жоқ азаматтармен жұмыс істейтін бөлім бар. Жұмыссыз тұрғындарды 29 мамандық бойынша қайта оқытып жатырмыз. Жалпы, Павлодар қаласында 3 мыңға жуық бос жұмыс орны бар, - деді Д.Бейсембинов.

Бердібек Сапарбаев аталмыш орталықтың заман талабы мен сұранысына сай қызмет ететінін жоғары бағалады. Ал Вице-Премьер осы қарқыннан таймай, табанды еңбек етуді тіледі.

Бұдан соң мәртебелі меймандарға өткен жылдың соңында жұмысын бастаған «Open Pavlodar» фронт-кеңсесінің басым тұстары таныс-тырылды. Соның бір мысалы ретінде Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев электронды көмекшінің артықшылығын көрсетті. Аталмыш қосымша арқылы кез келген мемлекеттік мекеме басшысының қабылдауына жазылуға, мектеп пен балабақшаға жолдама алуға, тұрғын үй кезегін білуге болады. Гүлшара Наушақызы мұндай жаңа жүйе тұрғындарға тиімді боларын тілге тиек етті.

Масылдыққа салынбауы тиіс

Кейін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында Үкімет өкілдері жергілікті жұртшылықпен кездесті. Жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралар аясында жүзеге асатын істер жан-жақты баяндалды.

Үкімет басшысының орынбасары «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру, білім беру мен денсаулық сапасын арттыру, ауылды өркендету сынды маңызды мәселелерді қамтитынын айтты. Мәселен, ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсарту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жыл сайын 30 млрд. теңге жұмсалмақ. Ал өзге салаларда орын алатын оң өзгерістерге жауапты министрлер жеке-жеке тоқталды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жалақының, әлеуметтік төлемдердің артатынын айтты. Айталық, бюджеттік сала мамандарының еңбекақысы 15 пайыздан 30 пайызға дейін өседі. Мысалы, бұған дейін 79 мың 88 теңге айлық алып келген мұғалімге алдағы уақытта 96 мың 488 теңге төленеді. Ал 68 мың 912 теңгелік жалақыны қанағат тұтып жүрген тәрбиешілерге бұдан былай 75 мың 817 теңге есептелетін болады. Осылайша, ел көлемінде шамамен 1 млн. 100 мың адамның еңбекақысы еселене түседі.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайлары да едәуір жақсармақ. Биылдан бастап көп балалы отбасылардағы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін, кәсіптік, жоғары оқу орнында оқыса, 23 жасқа дейін 20789 теңге төленетін болады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде бұрынғыдай күнкөріс деңгейінің 50 пайызы, яғни 14849 теңгеге емес, 70 пайызы – 20789 теңгеге сүйеніп есептеу де әлеуметтің тұрмысының оңалуына оң әсерін беруі тиіс.

- Халықтың еңбек етуіне жағдай жасап, қолдау көрсетуіміз керек. Мәселен, көп балалы аналардың өз бизнесін бастауы үшін 505 мың теңге көлемінде берілетін мемлекеттік гранттың санын көбейту қарастырылуда. Осы орайда ескерер тағы бір жайт – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың барлығын бірдей баспанамен қамтып, оларға жер беруге мемлекеттің ғана күші жетпейді. Бүгінгі күні елімізде 28 мың көпбалалы ана үй кезегінде тұр. Біздің мақсат – оларға жайлы пәтер үлестіріп беру. Ал тұрғын үй кезегінде тұрмаған отбасыларға кәсіпкерлер, ірі өндіріс орындары қолғабыс етуі керек, - деп сөзін түйіндеді министр.

Басымдық - қазақ тіліне

Бұдан соң ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова өзі жетекшілік ететін салада болатын өзгерістерді атап өтті. Еліміздің бас ұстазы қоғамда қызу талқыға түскен үш тілде білім беруге қатысты ойын айтты.

- Қазақ тілінде оқыту мәселесі бірінші кезекте болған, солай болып қала бермек. Мұғалімдердің мемлекеттік тілде оқу курстары жалғасатын болады. Ал ағылшын тіліне балалар мен ұстаздар, мектептің материалдық-техникалық базасы дайын болған кезде ғана толыққанды көшеміз, - деді К.Шәмшидинова.

Биылдан бастап енгізілетін жаңашылдық – пән мұғалімдерінен бөлек, сынып жетекшілері мен мектеп психологтарының біліктілігін арттыруы. Министрдің айтуынша, осы жылы республикадағы 82 мың педагог кәсібилігін шыңдап, оқушылармен жұмыс істеудің тиімді тетіктерін меңгереді.

Министр алдағы үш жылда елде 190 мектеп салынатынын айтты. Бір қуантарлығы, біздің облыста апаттық жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Қазіргі уақытта аймақта тек бір білім ордасының құрылысы жүргізілуде.

Бұл ретте еліміздің бас ұстазы Павлодар облысының цифрландыру бағытындағы жұмысы үлгі боларлық екеніне баса назар аударды.

- ІТ-технологиялар мен автоматтандырылған білім беру жүйесіне көшу мұғалімдердің уақытын едәуір үнемдейтін болды. Бұған дейін қағаз толтыруға жұмсаған уақытын оқушыларға білім беруге пайдаланатын болады. Балабақшалар мен мектептерге электронды түрде тіркеу мен жолдаманың берілуі сыбайлас жемқорлық тәуекелін анағұрлым азайтады. Сонымен қатар, Павлодар облысында білім беру мекемелерінде есеп-қисап жүргізудің тың жобасы жүзеге асуда. Бұл да ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді, - деді К.Шәмшидинова.

Медицина мамандары тапшы

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов отандық медицина саласында кадр тапшылығы өткір тұрғанын айтты. Сондықтан, осы жылдан бастап мемлекеттік грант бойынша медициналық оқу орнында білім алған түлектерге бір талап қойылмақ. Ол – берілген жолдама бойынша 3 жыл емдеу мекемесінде жұмыс істеу. Бұл ретте түлектер дәрігері жоқ шалғай елді мекендерге бірінші кезекте жіберілетін болады.

- Түлектерді қызмет етуге міндеттеумен де мәселе шешілмейді. Оларды ынталандырып, әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет. Осы мақсатта биыл еліміздегі 225 мың медициналық қызметкердің еңбекақысын 30 пайызға дейін өсіру көзделіп отыр. Олардың қатарында 12 мың павлодарлық ақ желеңді бар, - деді Е.Біртанов. Алдағы 3 жылда аудандағы емханалар мүмкіндігінше заманауи жабдықтармен қамтылып, жаңадан 600 дәрігерлік-амбулаториялық пункт салынады. Ал биыл 18 жылжымалы кешен жинақталып, ауыл-ауылды аралайтын болады.

Баспананы 2 пайызбен алады

Жиында ҚР Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесіне кеңінен тоқталды. Айтуынша, алдағы 7 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін жалдамалы үйлер салынады. Бұл мақсатқа жыл сайын 50 млрд. теңге бөлінбек. Биыл аталмыш бағдарлама аясында 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл ретте Павлодар облысында жыл сайын 1 млрд. 200 мың теңге қарастырылып, көпбалалы отбасылар үшін 144 пәтер салынады. Осылайша, 2026 жылға дейін 1 мыңға жуық павлодарлық отбасы өз баспанасына ие болуы тиіс. Айта кетелік, республика бойынша 28 мың, Павлодар облысында 672 көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері елімізде кезекте тұрған 916, біздің аймақтағы 72 көпбалалы отбасыға пәтер кілттері табыс-талды. Комитет төрағасы көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі баланы өсіріп, тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасының талаптарымен де таныстырды.

- Бұл бағдарламаға жоғарыда аталған әлеуметтік топ өкілдері қатыса алады. Бағдарлама шартына сәйкес, олардың тұрғын үйді 19 жылға дейінгі мерзімге 2 пайыздық жылдық мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндігі бар. Алғашқы жарна пәтер құнының 10 пайызын құрайды. Бұл - тұрмысы төмен отбасылар үшін өте қолайлы жағдай. Осы орайда, жергілікті билік пен жұмыс берушілер тұрғындарға алғашқы жарнаны жинауға көмектесе алады. Мәселен, бір отбасы 9 млн. теңгеге баспана алуды қаласа, айлық табысы 72650 теңге болуы тиіс. Алғашқы 8 жылда ай сайын 47 мың теңге, қалған 11 жылда 31 мың теңге төлейді. Тек бұл бағдарламаға қатысу үшін өтініш берушінің атында баспана болмауы тиіс, - деді М.Жайымбетов.

Төте сұрақ - тікелей жауап

Жиын барысында жерлестеріміз өздерін толғандырған сауалдарды Үкімет өкілдеріне тікелей қойды. Облыс жұртшылығын мүмкіндігі шектеулі жандар, оңтүстік өңірлерден қоныстанушылар, кәсіпкерлерге несие беру, білім мен денсаулық мәселелері алаңдататыны байқалды. Мәселен, С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Тәңірберген Бақбергенұлы «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқанын атап өтті. Оқуын аяқтаған соң осы облыста қызметке орналасып, тұрақтап қалуы үшін баспана мәселесін шешуді сұрады. Айтуынша, «серпіндіктерге» қолына диплом алған соң мемлекет тарапынан пәтерақы мен коммуналдық төлемдерді өтеу үшін жеңілдіктер жасалады. Бірақ, осы бір жыл аралығында жас маманның пәтер сатып алатындай жағдайы бола қоймайды. Сол себепті «Еңбек» бағдарламасы бойынша бір жыл аралығында жасалатын жеңілдіктерді үш жылға дейін ұзартуды ұсынды. Гүлшара Әбдіхалықова бұл мәселе біртіндеп шешілетінін және «серпіндік» түлектерге жатақханадан орын үлестіру мәселесі қаралатынын білдірді.

Ал жергілікті журналист Федор Ковалевті балалардың неше жастан бастап мектепке қабылданатыны қызықтырды.

- Неге екенін білмеймін, павлодарлықтар 6 жастағы бүлдіршін мектепке барғанда санауды да, жазуды да білуі тиіс деп пайымдайды. Мүлде олай емес. Балалар әріп пен санды білім ордасында үйренуі керек. Сол себепті де бұрын жаңа жылда қоштасатын «Әліппедегі» тақырыптар толықтырылып, 1-сынып оқушылары оны үшінші тоқсанда да оқиды. Ал заң бойынша, балалар мектепке 6 жастан бастап қабылданады, - деді Білім министрі.

Жас дәрігерлер ауылдық жерлерде анестезиолог, кардиолог, онколог сынды дәрігерлердің аздығын айта келе, дәрігерлерге ағылшын тілін үйретуді, оларды шет елдерге тәжірибе жинау үшін жіберуді ұсынды.

- Елді мекенде маңыздылығы жоғары дәрігерлердің аз екенін жақсы білемін. Сондықтан жоғарыда аталған әдіс – түлектерді жолдама бойынша еңбек етуге міндеттеу аясында ауылдарға жіберетін боламыз. Ағылшын тілін меңгеру мәселесі де өзекті. Еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының барлығы дерлік сабақтарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізуге көшті. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, - деді Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов.

Ал әлдебір шаруа қожалығының басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсібін бастағанын айтты. Кейін мемлекет тарапынан берілетін несиеге трактор алыпты. Енді тағы бір несие алып, жылқы шаруашылығын дамытпақ. Бұл ретте кәсіпкер несиелік тарихы жақсы, қарызын уақытылы қайтарған кәсіпкерлерге келесі несие 2-3 пайыздық мөлшерлемемен берілсе деген ойын ортаға салды.

- Ұсынысыңыз орынды, бірақ 2-3 пайызбен несие бере алмаспыз. Кәсібіңізді одан әрі дамыту үшін 5 пайыздық мөлшерлемемен қаражат беруге әзірміз, - деп жауап қайтарды облыс әкімі Болат Бақауов.

Ертіс ауданының тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Гүлжиян Әділханова көпбалалы аналарға бөлініп отырған ерекше көңілге ризашылығын білдіре отырып, аналарды қол қусырып отырмай, еңбек етуге шақырды.

- Мен ауылда шопан болып таңның атысынан кештің батысына дейін бел жазбай еңбек еттім. 38 жасымда жесір қалып, балаларымды жалғыз өзім өсіріп, жеткіздім. Құдайға шүкір, бүгінде барлығы - жоғары білімді, бір-бір мамандықтың иесі. Менің айтпағым – мемлекет тарапынан әр балаға 21 мың теңгенің берілуі құптарлық іс, әрине, бірақ аналар да талпынып, күн көрудің амалдарын қарастыруы керек. Үкіметтің қолдауына ғана иек артып, қол қусырып отыруға болмайды, - дейді кейуана.

Қарияның ойын министр Бердібек Сапарбаев та қостады.

- Ата-аналар жұмыс істемесе, балалардың сабағына қарамаса, олардың спорт, өнер үйірмелеріне бермесе, еңбекке баулымаса, ұрпағымыз жалқау мен жатыпішердің нақ өзі болып өседі. Өйткені, әкесі мен анасынан көргені сол. «Жоқ-жоқ» дей бергеннен түк шықпайды. Мемлекет кәсіп бастау үшін грант, жеңілдетілген шағын несиелер ұсынып отыр. Осындай мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланып, ата-аналар қызмет етсе, ұрпағымыз саналы, салиқалы болады, - деді ол.

Осы орайда Гүлшара Наушақызы Павлодар облысының жауапкершіліктен жалтарған әкелерден алимент өндіріп алуы оң жолға қойылғанын баса айтты. Осы бағыттағы тәжірибемен бөлісуді сұрады.

Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Шынар Тавлютова оң өзгерістің қалай орын алғанын баяндап берді.

- Жыл басында сот орындаушыларының қолында алиментті өндіріп алуға қатысты 11500 құжат болған еді. Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлының тапсырмасы бойынша ақпан айының ортасынан бастап ауқымды іс қолға алынып, сең қозғалды десек болады. Дәлірек айтқанда, облыстық полиция департаментінің көмегімен 17 млн. теңге алимент қарызы бар 36 азаматтың көлігі айыптұраққа қойылып, бүгінгі күні 3,5 млн. теңге өндірілді. 190 іс көпбалалы аналардың пайдасына шешілді, - деді Ш.Тавлютова.

Мәселелерін тыңдады

Жиыннан соң Вице-Премьер Гүлшара Әбдіхалықова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Павлодарлық көпбалалы ана Дина Қабиева тұрғын үй кезегінде тұр. Айтуынша, мемлекеттік қордағы пәтерлер бірінші кезекте Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және жетім балаларға беріледі. Ал көпбалалы отбасыларға біраз жыл күтуге тура келеді. Гүлшара Наушақызы қазіргі уақытта заңға өзгерістер енгізіліп, жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Соған сәйкес, биылдан бастап көпбалалы аналарға арналған жеке кезек болмақ. Яғни, олар да ерекше санат болып есептеліп, пәтер үлестірілетін кезде басымдық беріледі.

Бірінші топ мүгедегі Арғынғали Бердиев болса теміржол билеттерінің қымбаттығына наразылығын білдірді. Сол себепті өзге қалаларға оңалту, емдеу шараларына бару ауыртпалық салатын көрінеді. Мәселен, Павлодар мен Алматы арасындағы тальго пойызы билетінің бағасы – 26 мың теңге. Бірінші топ мүгедектері мен арбамен жүріп-тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Десе де, осындай жеңілдікпен сатылатын билеттер саны шектеулі. Г.Әбдіхалықова бұл мәселені «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп шешетінін айтты.

Ал Бердібек Мәшбекұлының қабылдауына келген тұрғындардың бірі өзге көршілес елдердегі секілді «соғыс балалары» мәртебесі енгізілсе, енді бірі Семей полигоны аумағында туған азаматтарға жеңілдіктер берілсе деген ойларын білдірді. Б.Сапарбаев екі мәселеге де қатысты жуық арада шешім болатынын хабарлады.

Екінші топ мүгедегі Ольга Маркина балдаққа сүйеніп қана жүреді. Бұған дейін жауапты басқармаға жаңа балдақтың қажеттігі туралы айтқан көрінеді. Бердібек Мәшбекұлының қабылдауына келген ол ертең отаға жол жүретінін, ал балдағының әлі де ескі екенін жеткізді. Тұрғынның өтініші бірден ескеріліп, сол жерде-ақ министр жаңа балдақты сыйға тартты.


Осылайша, Үкімет өкілдерінің өңірімізге сапары нәтижелі өтті. Еңбек ұжымдарымен, әлеуметтік сала өкілдерімен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен жүздесіп, әрқайсысының пікірі мен ұсынысын назарға алды. Бастысы, тұрғындар алдағы уақытта қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін, ҚР Тұңғыш Президентінің «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын қалай жүзеге асатынын жіті түсінді. Енді олардың іс жүзінде көрініс тауып, сол арқылы қарапайым жұртшылықтың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі едәуір жақсармақ.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Құндыз Қабылденова.

saryarka-samaly.kz