Жарыстың бас төрешісі Дәулет Әлжановтың айтуынша, шараны Павлодар облысының әкімдігі мен «Баян батыр» республикалық қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 270-ке тарта спортшы қатысты. Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша осы жылдың шілде айында Хорватияның Сплит қаласында өтетін әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын мықты құрам жасақталады.

Джиу-джитсудан өткен облыстың ашық біріншілігінде Павлодар қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орынға Тараз тұрақтаса, үшінші орынды Қостанай қаласының спортшылары иеленді.

Ал Қазақстан чемпионатында Алматы облысының жастарына тең келер ешкім болмады. Екінші орын Алматы қаласының спортшыларына бұйырды. Павлодар облысы үздік үштікті түйіндеді.

Осы айдың ортасында Атырау қаласында Жастар ойындары өтеді. Бұл сында өңір намысын Дмитрий Петров, Арифулла Хайбуллов, Артур Ибрагимов, Николай Карпик, Қобыланды Ишмамет сынды жерлестеріміз қорғайды.

Спорт жаңалықтарын әзірлеген – Фархат ӘМІРЕНОВ.

saryarka-samaly.kz