Нақтысы, модульді типтегі оқу-жаттығу полигоны ашылды. Мұндай арнайы оқу-жаттығу полигонының елімізде ешбір баламасы жоқ. Мұнда алып өндірістерде биіктікте жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздікті арттыру қадамдары үйретіледі. Бірегей аумақ зауыттың орталықтандырылған жөндеу жұмыстары цехында жабдықталыпты. Мамандардың айтуынша, полигонның барлық құрал-жабдықтары мен жаттығу элементтері барынша өндірістік жағдайларға жақындата жасалған. Яғни, мұнда бәрі өндірістегідей ұйымдастырылған. Бұл дегеніңіз жұмысшылар күнделікті жұмыс кезінде биіктікте кездесетін түрлі жағдайлардан, тығырықтан шығу жолдарын меңгереді. Оған қоса, қызметкерлерге құтқару-эвакуациялау шаралары үйретілмек.

- Бұл оқу-жаттығу полигоны кәсіпорынның биіктіктегі кез келген жұмыстарын практикалық түрде жасап көруге мүмкіндік береді. Бұл нысан өндірістегі қауіпсіздікті арттыру жүйесінде оның маңызды бөлшегіне айналатыны сөзсіз, - Еуразиялық Топтың жеке қорғаныс құралдары жөніндегі менеджері Игорь Кнестяпин.

Мамандардың айтуынша, оқу-жаттығу полигонында негізгі және бірнеше арнайы алаң қарастырылған. Оның бірі көлбеу қабаттың кейпінде болса, қалғандары жартылай вагон және цистерна түрінде жабдықталған. Олардың барлығында дерлік құлаудан қорғайтын жүйенің қазіргі таңда әлемде бар барлық түрі көрсетілген. Мұнда жұмсақ сақтандырғыш құралымен де, темірарқанды жүйемен де сақтық шаралары түрлерін үйренуге болады. Мұның бәрі биіктікте дәнекерлеу, электр-монтаждау, жалпы монтаждау жұмыстарын жүргізудің практикалық айла-тәсілдерін жасап көруге жол ашады.

«АльпКонтракт» ЖШС-нің биіктікте жұмыс жүргізу ережелері жөніндегі нұсқау-шысы Тимур Ахметжановтың мәлімдеуінше, әрбір нақты кәсіпорын үшін биіктікте профильді жұмыстардың үлгісін жасап көруге мүмкіндік беретін еліміздегі жалғыз алаң. Оның әмбебаптығын маман ерекше бағалап отыр. Яғни, оны өзгертуге, қосымша жабдықтармен толықтыруға, үлгісін ауыстыруға мүмкіндік бар. Биіктікте жұмыс жасаудың қыр-сырын жақсы білетін маман сақтандыру компоненттерінің сапасы ТМД елдерінің өзінде өзекті деп санайды.

Алғашқы 60 адам жаңа оқу-жаттығу полигонын пайдаланып көрген. Оларға жедел курсты кәсіби жаттықтырушылар өткізіпті. Нұсқаушылар практикалық сабақтар барысында биіктікте қауіпсіз түрде арлы-берлі жүру, көлденең және тігінен тұрған анкерлік сызықтарды пайдалану амалдарын көрсетті. Минустық биіктіктегі шектеулі кеңістіктерге немесе құдықтарға түсу үшін үштағандарды дұрыс пайдалану жағын да үйретуде. Сонымен қатар, биіктікте жұмыс жасайтын қызметкерлерге құтқару-эвакуациялау операцияларын да көрсеткен.

Айта кету керек, мұндай оқу-жаттығу полигоны еліміздің ешбір өндірісінде жоқ. Енді құрамына «Қазақстан алюминийі» АҚ кіретін Еуразиялық Топтың алдағы уақытта тағы алты кәсіпорнында жаттығу базалары пайда болмақ. Бұл орындарда ылғи биіктікте жұмыс істейтін азаматтар шеберліктерін шыңдап қана қоймай, біліктілік деңгейлерін арттыруға мүмкіндік алады. Мұндай қауіпсіздік жұмыстарын ERG өкілдері «Биіктіктен құлаудан қорғану» атты жаңартылған ауқымды бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы қадамы деп отыр.

Осылайша, аймағымыздың алып кәсіпорнында қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша арнайы айлық басталып кетті. Ал елімізде «Қауіпсіз еңбек» науқаны өткізілуде. Бұл жөнінде жуырда аймағымызға келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім еткен болатын. Яғни, еңбек орындарында қауіпсіздікті нығайту басты назарға алынады. Өйткені, Қазақстанда жыл сайын өндірісте орын алатын жазатайым жағдайлар әлі де азаяр емес.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz