ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, осы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу форматында соншалықты өзгеріс болмайды. Яғни, түлектер бұрынғыдай бес пәннен тест тапсырады. Тапсырмалардың саны – 120, ал максималды балл - 140. Талапкер міндетті түрде Қазақстан тарихы, математика және оқу сауаттылығы сынды негізгі 3 пән бойынша білімін дәлелдейді. Ал қалған екі пән таңдаған мамандығына қатысты болмақ.

Атап өтерлігі, 2019 жылдың қаңтарынан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы жылына 4 рет, яғни, қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізілетін болды. Бұған дейін мектеп бітірушілер ұлттық тестілеуді үш рет қана (маусым, тамыз және қаңтар айларында) тапсырып келген еді. Жаңа өзгеріс бойынша жақында, яғни, наурыз айында 1000 павлодарлық жас тест тапсыруға қатысқан. Павлодар облыстық білім беру саласын бақылау департаментінің басшысы Еркінбек Аязбаев аталған білім сыны аймақ бойынша 5 пунктте өткенін, одан шектік балл жинағандар жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алғанын айтады. Алайда қаңтар, наурыз және тамыз айларында тест тапсырып, тиісті ұпайды жинағандар тек жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдеріне ғана түсе алады. Мәселен, қаңтар айындағы тестілеуге қатысып, шектік балл жинаған түлек 1 ақпаннан бастап қалаған жоғары оқу орнының қабылдау бөліміне жүгініп, ақылы бөліміне шартты түрде тіркелуіне болады. Сондай-ақ, оларға тест тапсырған мерзімі мен нәтижесіне байланысты басқа үлгідегі сертификат табысталады. Бұл құжат грант алуға жарамсыз. Егерде талапкер мемлекеттік білім грантын иеленгісі келсе, маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысып, бағын сынап көруіне болады. Бұл ретте, грантқа түсу үшін маусым айындағы ҰБТ қорытындысы есепке алынатынын атап өткен жөн.

Жалпы, жылына 4 рет өткізілетін тестілеуге қатысу-шылардың өз ережесі бар. Нақтырақ айтар болсақ, қаңтар айында ҰБТ-ға 3 санаттағы ниет білдірушілер қатыса алады. Олар - 11 және 12-сынып оқушылары, қыркүйек айында университетке шартты түрде қабылданғандар, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқан студенттер. Наурыз айында тек 11-12-сынып оқушылары ғана ұлттық бірыңғай тестілеуде білімдерін сынай алады. Маусым айында өтетін жалпы тестілеуге грантқа үміткер барлық санаттағылар қатысуға құқылы. Тамызда да ақылы бөлімге түсушілер және осыған дейін талап етілетін қажетті балды жинай алмағандар қатысады. Сонымен қатар, шығармашылық мамандықтардан басқа салаға ауысқысы келетіндер бұдан былай екі профильді пәннен тестілеуден өтуі тиіс. Себебі, олардың шығармашылық мамандықтарға түскен кезде осы жолғы тестілеудегі профильді пәндер бойынша тест тапсырмағаны есепке алынады. Білім беру жүйесіндегі соңғы өзгерістердің талапкерлерге түсінікті болуы үшін мектеп бітірушілердің барлығына сертификатпен бірге ақпараттық парақшалар беріледі. Бұл қағазда құжат өткізуге болатын білім беру бағдарламаларының тізімі, ағымдағы жылы бөлінген гранттар саны, өткен жылдары өткізілген орындар бойынша конкурс қорытындысы көрсетіледі, - дейді министрлік өкілдері. Сондықтан әр талапкер қолындағы парақшадағы ақпаратқа айрықша назар аударғаны абзал.

Мамандардың айтуынша, биыл білім грантынан дәмелі үміткерлер, мектеп бітірушілер 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында ҰБТ-ға қатысуға өтініш береді. Тестілеу шарасы 20 маусымнан 1 шілдеге дейін өтеді.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz