Облыстық әкімдікте өткен аппа-раттық жиын барысында тазалық айлығы аясында жүзеге асатын шаралар пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әбілқалықов алдымен ауылдық аймақтардың санитарлық жағдайын сүзгіден өткізу үшін арнайы мониторингтің өткенін айтты. Соның нәтижесінде Успен ауданындағы ішкі істер бөлімі, мемлекеттік кірістер басқармасы және аудандық сот мекемелерінің аумағында, Шарбақты ауданында да ішкі істер бөлімі мен сапаржай маңында және Павлодар ауданындағы Ефремовка, Розовка ауылындағы дүкен мен көпқабатты үйдің жанында күл-қоқыстың үйіліп, заңсыз төгілгені белгілі болды. Бұл жайт облыс әкімі Болат Бақауовтың назарын аудартып, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Юрий Колесниковке аталған аудандардағы бөлім бастықтарын жауапқа тартуды жүктеді.

Сонымен қатар, бірқатар ірі кәсіпорын өзіне тиесілі аумақты тазалауға құлықсыз көрінеді. Олардың қатарында «Қазақстан Темір Жолы» АҚ облыстық филиалы, «Павлодар нан-тоқаш комбинаты», «Павлодар-Тұз», «Айсу-Мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Аймақ басшысы қоқысты шығару мен көріктендіру жұмыстарына немқұрайлы қарайтын осы және өзге де кәсіпорындарға айыппұл салуды тапсырды. Юрий Колесниковтың айтуынша, жеке тұлға бірінші рет санитарлық талаптарды бұзса, ол 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Шағын бизнес субьектілері 30, орта бизнес нысандары 40 және ірі кәсіпорындар 100 айлық есептік көрсеткішке тең соманы төлейтін болады. Бұл ретте Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев өткен жылы жеке және заңды тұлғаларға 8,2 млн. теңге, биыл 1,2 млн. теңге айыппұл салынғанын атап өтті.

Осы орайда Мұрат Әбілқалықов биыл әртүрлі деңгейдегі бюджеттен көріктендіру, абаттандыру және санитарлық талапты сақтау үшін 10,3 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Мәселен, бұл соманың бір бөлігіне 33 мың көшет сатып алынбақ. Бірақ, Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов қазірдің өзінде кеншілер шаһары «Ертіс орманынан» 30 мың көшетті алғанын айтты. Бір көшеттің бағасы – 7 теңге. Ал Павлодар қаласы 15,7 мың, Ақсу 10 мың көшет отыр-ғызбақ. Осылайша, деректер бір-біріне сәйкес келмей қалды.

- Сіз облыс бойынша 33 мың көшет отырғызылады деп едіңіз, бір ғана Екібастұз қаласында осындай көлемде тал егіледі. Міне, бұл басқарманың сылбыр жұмысын көрсетеді. Сіздер аудан-қала әкімдіктері берген ақпа-ратқа сүйенбей, осы істің басы-қасында болып, жіті бақылауларыңыз керек, - деп сынға алды Б.Бақауов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рүстем Раисовқа жол бойын қоқыстардан тазарту ісін қолға алуды тапсырды.

Айта кетелік, облыстағы бірқатар аудан-қалада тазалық айлығы басталып кетті. Ал облыстық сенбілік 20 сәуірге жоспарланып отыр. Тазалық айлы-ғына 4 мың шаруашылық субъектісі, 120 мыңнан астам адам қатысып, 994 бірлік техника жұмылдырылмақ.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz