Ирина СОРОКИНА, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

- Баласына екпе салуға келісім бермейтін ата-аналарға айыппұл қарастыруды қолдаймын. Қызмет барысында көптеген ата-аналармен кездесіп жатамыз. Өз басым «баламда аллергия бар еді...» деп алаңдаушылық тудыратын ата-аналарды түсінемін. Бұл ретте кез келген дәрігер дені сау балаға ғана екпе салу қажет. Егер баланың денсаулығына қатысты күмән туған жағдайда оны медициналық тексерістен өткізген жөн. Содан кейін ғана екпені салу не салмауға қатысты мәселені шешу керек. Өкінішке қарай, екпеге қарсылық білдіруінің себебін толық түсіндірмейтін ата-аналар бар. Медициналық қызметкерлер олармен жолыққанда бас тартуының себебін сұрап, баланы тексерістен өткізу жөнінде ұсыныс тастап жатады. Бірақ ата-аналар ештеңе түсіндірместен келісімдерін бермейді. Міне, осындай ата-аналарға айыппұл салған жөн. Діни наным-сенімге қайшы келетін факторлардың негізінде қарсылық білдіретіндерге де айыппұл қарастыру керек. Себебі біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Екпе алмаған бала балабақшаға барғанда өзгелерге қауіп төндірмеуі керек. Сондықтан мұндай ұсыныс кезінде айыппұл төлеуге міндеттелетін ата-аналарды дұрыс анықтау қажет деп ойлаймын.


Нұржамал ӘУБӘКІРОВА, педиатр-дәрігер

- Екпе қабылдамаған бала өзге жасөспірімдерге қауіп төндіреді. Өйткені қазіргі уақытта бала екпені алмаса да балабақшаға бару құқығына ие. Дәрігер екпені салу арқылы баланы инфекциядан қорғайды. Біздің басты міндетіміз – профилактика жүргізу. Бүгінде ата-аналарға екпеден бас тарту құқығы берілген. Ол үшін олар тиісті емханаға келіп, бас тартуға қатысты өтініш толтырады. Осының өзі дәрігерлер мен ата-аналардың уақытын алады. Себебі біз екпеден бас тартатын әрбір ата-анаға хабарласып, емханаға келуін, өтініш жазуын қадағалаймыз. Шыны керек, баласының екпе қабылдауына қарсылық танытатын ата-аналармен кездескенде олар бас тартуға түрткі болатын нақты себеп айта алмайды. Дәрігер болған соң біз өзімізге жүктелген міндетті орындауға тиіспіз. Мәселен, егер жаңа туған баланың салмағы шамадан аз, жоғары дәрежедегі қан аздық сынды денсаулығында кінәрат болса біз екпе салмаймыз. Бала тиісті дәрігерлердің тексерісінен, бас сүйегі ультрадыбыстық зерттеуден өткен соң ғана екпе қабылдайды. Шыны керек, әрбір екпе салынғанда организмге тигізетін әсері болады. 3 күн ішінде дене қызуының көтерілуі, ісік, дененің қызаруы сынды реакциялар болуы мүмкін. Бұл - қалыпты жағдай. Осының барлығы алдын ала ата-аналарға алаңдаушылық тудырмауы үшін ескертіледі. Қызмет барысында екпе алған балалардың ата-аналары тарапынан шағым түскен жоқ. Сондықтан екпе салуды міндеттеуге қарсылық білдірмеймін.


Шырайлым БОРАНБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Екпе мәселесінде ата-ана құқығын шектеу дұрыс емес. Кез келген әке-шеше баласының болашағы үшін жауапты. Бұрынғы заманда ата-бабаларымыз ешқандай вакцинасыз өмір сүрді. Керісінше, олардың иммунитеті мықты еді. Өйткені олардың ағзасы кез келген ауру түрімен күресуде қауқарлы болатын. Қазіргі балалар аурушаң келеді. Ағзасына аздаған салқын тигізсе, дене қызуы көтеріліп, жөтеліп шыға келеді. Осының барлығы иммунитеттің әлсіздігінен деп ойлаймын. Бала өмірге келіп, кәмелет жасқа толғанға дейін көптеген вакцина салынады. Біздің ұсақталып бара жатқанымыз да осыдан ба деп ойлаймын. Өйткені екпенің салдарынан орын алған талай қайғылы жағдайларды естіп келеміз. Қазір екпе қабылдамаған балалардың да сау жүргенін көріп жүрміз. Сондықтан екпе салуды міндеттеудің қажеті жоқ. Әрбір ата-ана баласы үшін шешім қабылдауға міндетті деп ойлаймын.

 

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz