- Бір жылдың ішінде қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ауқымды мәселелерді шешу мүмкін емес екені белгілі. Десе де, былтырғы «Экология жылы» аясында нендей нәтижелерге қол жеткізілді?

- Дұрыс айтасыз. Экология саласына қатысты мәселелер ондаған жылдар бойы қордаланып келеді. Оны бір демде шешу мүмкін емес. Дей тұрғанмен, экология жылы аясында біршама маңызды істер жүзеге асырылды. Билік пен бизнес, өңіріміздегі алпауыт өндіріс орындары, қоғамдық ұйымдар мен экологтар бір мақсат жолында жұмыла білді. Күш біріктірді. Нәтижесінде, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар барысында жол беріліп келген кемшіліктерді, тиісті заңнамадағы жетілдіруді қажет ететін олқылықтарды анықтадық. Тіпті, депутаттық корпустың осы салаға қатысты назардан тыс қалдырып келген тұстарын да айқындадық. Ең бастысы, экология жылы жоғарыда аталған тараптардың бірлескен маңызды бастамаларына жол ашты. Тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек жинау, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтардың нақты мөлшері туралы халықты ақпараттандыру жүйесін енгізу, Павлодардың жасыл белдеуін қалыптастыру сияқты жұмыстар оң жолға қойылды. Қоқыстарды сұрыптап жинауға арналған контейнерлер білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелеріне орнатылды. Облыс қала-ларында құрамында сынап бар жарық шамдарын бөлек жинауға жағдай жасалды.

Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейту қажет. Жарық шамдары мен батарейкаларды жинайтын контейнерлер облыс орталығының барлық дерлік аулаларында орнатылғаны белгілі. Алайда олардың кейбірі бұзақылардың әрекетінен көп уақыт өтпей жатып, жарамсыз күйге түсуде. Сондықтан аталған контейнерлер орналасқан орындарға бейнебақылау камераларын орналастыру керек. Бұдан бөлек, аталған мәселеде пәтер иелері кооперативтерінің жауапкершілігін күшейту маңызды. Жалпы, ендігі кезекте, халықтың экологиялық жауапкершілігін күшейтуді ойлауымыз қажет.

- Тұрғындар экология мәселесіне келгенде аймағымыздағы өндіріс орындарының жұмысына күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Сондықтан сіздер, халық қалаулысы ретінде өнеркәсіптік кәсіпорын басшы-ларының назарын қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларға көптеп аударту мақсатында бірқатар бастамаларды қолға алғандарыңыз белгілі. Нәтижесі қандай?

- Депутаттық корпус бірқатар эко- логиялық бастамаларды жүзеге асырды. Бірінші кезекте, былтыр облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен қоршаған ортаны қорғау саласында бірлесе жұмыс істеу бойынша 15 өнеркәсіптік кәсіпорынмен тиісті меморандумға қол қойылды. Бұл ретте, аталған меморандумда көрсетілген талаптарды алғашқы болып «Қазақстан алюминийі» АҚ орындай бастағанын атап өтпеуге болмайды. Павлодардың тұрғындары ауадағы зиянды қалдықтардың нақты мөлшерін біліп отыруы маңызды. Сондықтан, өткен жылы алюминий зауытының санитарлық-қорғау аумағында стационарлық бөлімше орналастырылды. Ондағы OPSIS құрылғысы тәулік бойына атмосфералық ауаның құрамын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы ауадағы кез келген өзгерістерге қатысты нақты ақпарат аламыз. Әзірге, бұл қондырғы сынамалы түрде жұмыс істеуде. Оның аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат бойы еш кідіріссіз жұмыс істейтініне көз жеткізуіміз қажет. Мемлекеттік экологиялық сараптама ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың шектік мөлшерін бекіткен болатын. Сол межеден аспау қадағалануда. Құрылғы анықтайтын барлық ақпаратты онлайн режимінде зауыт мамандары бақылап отырады. Қазір, бұл ақпаратқа қала тұрғындарының да қолжетімділігін қамтамасыз етуді ойластырудамыз. Атап өтерлігі, 2022 жылға дейін мұндай экологиялық стационарлық бөлімшелер барлық ірі өндіріс орындарында орнатылуы тиіс.

- Облыстағы алпауыт өндіріс орнының басшысы бола тұра депутат ретінде экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесісіз. Осы жағдайды ескере келе, зауыт басшысы ретіндегі қызметіңіз экология мәселелерін қадағалайтын депутаттық жұмысыңызда объективті шешімдер қабылдауға кедергі келтірмей ме?

- Ешқандай кедергі келтірмейді. Керісінше, қабылданған шешімдерге және оның сәтті орындалуына деген жауапкершілікті арттырады. Экологиялық нормалардың тиісті деңгейде сақталуының маңыздылығын жете түсінемін. Сондықтан өзгеге қойған талапты өзімізге еселеп қоямыз. Сөзім дәлелді болсын, биыл «Қазақстан алюминийі» АҚ өндіріс цехтарында заманауи сүзгіден өткізу құрылғыларын орнату бойынша ауқымды инвестициялық бағдарлама жүзеге асыруды бастады. Бұл маңызды жұмыс қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Жоба 10 жылға жоспарланған. Осы аралықта цехтағы электрсүзгілерді толығымен жаңалау көзделіп отыр. Жаңа құрылғылардың тазалау деңгейі еуропалық талаптарға сай келеді. Биыл жаңадан екі электрсүзгі орнатылады. Жалпы инвестиция көлемі 3 млрд. теңгеден астам.

Бүгінде «Қазақстан алюминийі» АҚ алдына жаңа мақсаттар қойып отыр. Оның басты бағыты – экология. Яғни, қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтардың көлемін азайту, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін оң жолға қою сияқты мақсаттар бар.

- Өз сайлаушыларыңызбен қанша-лықты жиі жүздесесіз?

- Әр айдың үшінші сәрсенбісінде Сұрағанов көшесі, 12/2 үй мекенжайы бойынша 3-кабинетте сағат 10-нан 11-ге дейін тұрғындардың жеке мәселесі бойынша қабылдау өткіземін. Бұдан бөлек, әр тоқсан сайын «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалының кеңсесінде қоғамдық қабылдау жүргіземін. Тұрғындар түрлі мәселелерімен келеді. Жеке басының мәселесін арқалап келетіндер де, қоғамдық проблемаларды көтеретіндер де бар. Дегенмен, халықты мазалайтын басты мәселе – әлеуметтік сала. Соның ішінде, баспана алуға көмек сұрап келетіндер көп. Олардың барлығының өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, мәселелерін шешуге барымды саламын.

- Нақты шешімін тапқан мәселелер бар ма?

- Тұрғындармен жүздесулер барысында, олардың өтініштерін саралай келе, бірқатар мәселелерді анықтадық. Оларды оңтайлы шешу бойынша жұмыс жоспарын құрдық. Шешімін күткен мәселелердің қатарында жолдарды жөндеу, аулаларды қалпына келтіру, көріктендіру, жарықтандыру сияқты жұмыстар бар. Әсіресе, Чайковский көшесі бойындағы 10, 12 және Павлов көшесіндегі 67, 67/1, 69, 71, 73, 75-үйлердің аулаларының жағдайы мүшкіл болды. Көктем, күз айларында автокөлік түгілі, жаяу жүру қиынға соғатын. Қазір аталған тұрғын үйлердің аулаларына асфальт төселді. Осылайша, №19 сайлау округі бойынша аулалық жолдарды қалпына келтіру мәселесі толығымен шешімін тапты. Бұдан бөлек, Катаев көшесіндегі 19, 21 және 13, 15-үйлердің, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы 75, 75/1- үйлердің аулаларына үш балалар ойын алаңын орнаттық. Жалпы, мен үшін балалардың бос уақытын қамту депутат- тық қызметімдегі басты бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан өз сайлау округімде балаларға түрлі мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырамыз.

«Жастар - Отанға» партиялық жобасы аясында сайлау округімнің аума- ғындағы оқу орындарының жоғары сынып оқушылары үшін рухани кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, оқушылар арасында қала көшелерін таныстыру байқауы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, балалар үшін «Алғыр қырандар», «Жамбы ату» сияқты әскери-спорттық шаралар өтті.

Жалпы, депутат үшін шешімін күткен мәселелер көп. Бірақ жаяудың шаңы шықпайтыны белгілі. Сондықтан барлық мәселені тұрғындармен бірлесіп, ақылдасып шешуге тырысамын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz