Алдымен хат мәтініне көз жүгіртіп өтсек:

«Баянауланың Егіндібұлақ ауылында соңғы 4-5 жылдан бері мүйізді ірі қараға ылаң кірді. Іші өскен буаз сиырлардан қан алғанмен, анализ дұрыс табыла ма?

Кезіндегі атақты мал дәрігерлері Сейтқазинов Барлыбай, Бекмағанбетов Төлеген, Әлкебаев Әди, Байдилдин Солтан сияқты мықты мамандар осыған толық дәлелдерімен жауап жазсаңыздаршы. Тұрғын халық дал болып, малдарынан ауру деген диагнозбен айрылуда. Қолындағы қара малы етке тартып алынған соң Мәкенов Дулат есімді азамат Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентіне, Сағындықтың Мұраты Майқайыңға көшіп кетті. «Малдарың ауру, сендер де тексеруден өтулерің керек» деп, алдымыз 88, соңғымыз 3-4 жас, отбасымыздың сегіз мүшесі жылап-сықтап қан тапсырдық.

Бұл не? Халықты қорғау ма, қорлау ма? Құрметті мал дәрігерлері, толық түсінік жауап жазыңыздаршы, ел мұқтаж. Өтініп сұраймыз. Шұғыл жариялылық қажет болып тұр. Бұл бетінде елде мал қалмайтын қауіп бар».

Зекебай СОЛТАНБАЕВ, Баянауыл ауданы, Егіндібұлақ ауылы.


Бұл хат қолға тиісімен Зекебай Солтанбайұлына телефон шалдық. Ақсақал әңгіме барысында әлгіде жазғандарын өзге де дәйектермен толықтыра түсті. Айтуынша, Ақмола облысының Қорғалжың ауданында орналасқан ет цехының «тәбеті» соңғы уақытта арта түскенге ұқсайды. Олай демеске лаж жоқ. Себебі, Баянауыл ауданынан бруцеллез болып, етке тапсырылатын түлік тек соған жөнелтіледі. Ал мал дәрігерлері ауруды ойдан шығарып, сиыр етін арзанға өткізуді мақсат етуі мүмкін деген күдік бар ауыл адамдарында. Ауылда уақыт өткен сайын бруцеллез болып танылған қара малдың саны көбеймесе, азаймапты.

- Шырағым, бұл ауылда тұрғындардың жанын бағып отырғаны малы ғана. Соңғы уақытта ветеринарлар қорадағы түлігімізге қырғидай тиюде. Жетіп келеді де, қан алып, «пәлен сиырыңнаң бруцеллез шықты, етке тапсыр» дейді. Ең өкініштісі, биыл маңайымдағы 10 үйден етке өткізілген әлгіндей 24 сиырдың 21-і іштегі қызыл бұзауымен кетті. Қазақ тумаған, іште жатқан бұзауды «қызыл бұзау» дейді. Кәнігі мамандардың сөзіне сүйенсек, буаз жануардың бойындағы дерттің төліне жұғуы жүзден бір жағдай екен. Сондықтан, біз әлгіндей бруцеллез шыққан буаз сиырларды жеке бағып, тым болмаса төлдегенше ұстай тұруды құп көріп едік. Өкінішке қарай, біздің сөзімізді ешкім құлаққа ілгісі жоқ, - деп қапаланады қария.

Келеңсіздіктің себебіне үңілмек оймен Баянауыл аудандық ветеринария бөліміне хабарласып, мән-жайды түсіндіріп беруді сұрадық. Бөлім басшысы Наурызбай Дәулетов қойған сауалдарымызға толық жауап берді.

- Ауданда малдан қан алу наурыз айынан бастап жүруде. Бұл өзі - жыл сайын наурыз айында басталып, қарашаға дейін жалғасатын жауапты науқан. Мақсат – бруцеллез ауруын жұқтырған түліктерді анықтап, аурудың одан әрі таралуына жол бермеу. Жоспар бойынша биыл қара малдан 81 мың сынама, қойдан 25 мың сынама алу қарастырылған. Біз бүгінде әр айдың жоспарын асыра орындап, қара малдан 25 мың сынама алып үлгердік. Нәтижесінде аудан бойынша 300 ірі қарадан бруцеллез ауруы табылды. Оның ішінде Ұзынбұлақ, Жаңажол ауылдық округтерінде бұл дертке шалдыққан түлік көп, - деді Наурызбай Тілекұлы.

Ветеринардың сөзіне сүйенсек, қазірде Баянауыл бойынша 68 мың қара мал бар. Әлгі Егіндібұлақ ауылы қарайтын Құндыкөл ауылдық округінде 5 мың ірі мүйізді түлік болса, соның 37-сі бруцеллез дертін жұқтырғаны анықталған. Бруцеллезге тексеру кезінде күдіктілігі анықталған жағдайда, яғни ауруға шалдыққан мал иелерінің отба-сындағы барлық мүшелері қан тапсырып, ауруды жұқтырған-жұқтырмағаны тексе-рілуде. Себебі, бруцеллез - сырт көзге байқалмайтын, адамды іштен жеп, ағзаны ұзақ уақыт бойы әлсіретіп, қаусататын дерт. Мал иелерін тексеру – осы жағдайдың алдын алу, дейді маман.

- Кейбір тұрғындар буаз сиырлардан қан алғанға наразылық танытатыны жасырын емес. Алайда, қан алу жануарлардың ағзасына ешбір зиян әкелмейтініне кәсіби маман ретінде кепілдік беремін. Бойынан сәл ғана қан алғаннан буаз сиырлардың іштегі бұзауына немесе өзіне ешбір залал әкелмейді, - дейді Н.Дәулетов.

Ауру деп табылған малдардың барлығы бүгінде оқшауланып, сойылып, Ақмола облысындағы ет өңдеу цехына әкетіліп жатыр екен. Арнайы меморандум бойынша ет өңдейтін кәсіпорын бруцеллезбен ауырған қара мал етін келісін 700-1000 теңге аралығында бағалап сатып алуда. Аудандық ветеринария бөлімі сойылған малды цехқа өз көліктерімен апарып тапсырып, ондағы зертхананың хаттамасын алып қайтамыз дейді. Егер сойылған жануардың ішкі органдарында, жатырында, буындарында патологиялық өзгерістер орын алса, мал иесіне өткізілген ет үшін бюджеттен қосымша өтемақы төленеді. Ол шамамен малдың тапсырылу баға-сының 30 пайызын құрайды.

Жалпы, бруцеллез ауруына қарсы егу жұмыстарына жұртшылықтың өздері жауапты. Егер мал иесі екпе сатып алса, оны ауылдағы ветеринарлар жануарға салып береді. Бірақ әр мал иесін екпе салдыр деп мәжбүрлейтін заң біздің елде жоқ. Сондықтан ол - әркімнің қалауына қатысты іс. Н.Дәулетов бруцеллез ауруының өңірде басылмай тұрғанына тұрғындардың қой-сиырды жазда араластырып бағып, қара малды жас ерекшеліктеріне қарай топтап жайылтудың тұрғындар арасында қолданылмайтыны себеп дейді.

Баянауылдың бас ветеринарының жауабы осылайша өрілді. Маман бұл шаралардың барлығы заң аясында жүргізілді дегенмен, көңілімізде ауыл тұрғындарының шағымына деген қынжылыс сақталып қалды. Қолындағы қара малын жылдар бойы бағып-қағып, түлік көбейтемін деген армандарының бір-ақ күнде күл болғаны өте өкінішті. Көңілге қаяу салған жайт облыстағы ветеринарлық салаға жауапты мамандардың назарын аудартады, ауыл тұрғын-дарына нақты жауап беріледі деген үміттеміз.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz