Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне табиғатты қорғау мақсатында су жіберу шаралары іске асырылады. Мол су аймақтағы көлдердің экожүйесіне оң әсерін тигізіп, шаруаларға тиесілі шабындық жерлерге де жайылады. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы су ресурс- тары бөлімінің бас маманы Мирас Жұмаділовтің айтуынша, бұл жұмыстар мамыр айының басына дейін жалғасады.

- 7 сәуірден бастап Шүлбі мен Бұқтырма шлюздерін ашып, сынақ ретінде судың алғашқы легі жіберілген болатын. Бұл уақытта секундына екі мың текше метрге дейінгі көлемде су босатылды. 15 сәуір күні аймақаралық арнайы комиссияның шешімінен су жіберудің барлық параметрлері бекітілді. Осы күннен бастап 17 сәуірге дейін 2000, 17 сәуірден бастап 23 сәуірге дейін максималды көлем 3500 текше метр көлемде су жіберіледі. Ал 23 сәуірден бастап босатылатын су көлемі азаяды. Өзен бойында 14 гидро бекет бар. Олар су деңгейін тәулік бойы өлшеп, тексеріп отырады, - дейді М.Жұмаділов.

Осыдан он жылға жуық уақыт бұрын Бұқтырма мен Шүлбіден жіберілетін су көлемі аз болғандықтан жергілікті шаруалар зиян шегетін. Жайылымдарға жеткілікті деңгейде су жетпей, тез кеуіп кететін. Тіпті, мал азығын жинау қиындап, өсімдік атаулы жойылып, жайылымдар қысқарды. Мамандар биыл Ертіске су жіберудің көлемі былтырғы жылдың деңгейінде болатындығын айтуда. Сондықтан ағымдағы жылы алаңдауға негіз жоқ, дейді.

- Жайылманы су толыққанды баспаса, құрғақшылық салдарынан алқапта өсетін шөп көлемі азайып кетеді. Жағалаудың тез құрғап кетуі өңірдің көптеген аймақтарына экологиялық тұрғыдан зиян келтіреді. Соңғы жылдары мұндай мәселе болған жоқ. 2018 жылы жалпы өңірдегі жайылымдардың 88 пайызы сумен қамтылды. Биыл да осындай нәтиже күтіледі, - дейді бас маман.

Иә, судың қоры жеткілікті болғаны жұртшылықты қуантады. Алайда, 2017 жылы шығыстағы су қоймалары ернеуіне дейін толып кетіп, маусым айында Ертіске екінші мәрте су жіберілгені есімізде. Салдарынан өңірдегі кейбір алқапты су басып, мал азығының жылдағыдан кеш жиналуына әкеп соқтырды. Бұдан бөлек, шыбын-шіркейге қарсы іс-шаралардың дер кезінде жүргізілуіне кедергі келтіріп, тұрғындарды маса мезі еткен еді. Мұндай жағдайдың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Дегенмен мамандар биыл ондай жағдайдың орын алмайтынына сенеді.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz