Қазақ Ұлттық Ғылым акаде-миясының негізін салушы, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына орай жарияланған онкүндік аясындағы шаралар жалғасын табуда. Соның бірі - «Фолиант» баспасынан 2,5 мың данамен шығып, оқырманға жол тартқан кітаптың құндылығы қандай? Онда ғұлама академик Қаныш Сәтбаев жайлы М.Сәрсекенің ғұмыр бойы жинаған материалдары мен соңғы уақыттарда ғана белгілі болған деректер қамтылған.

ПМПУ ректоры, химия ғылым-дарының докторы Алтынбек Нухұлының таныстырғанындай, көркем безендіріліп, жоғары сапада басылған кітаптың жарық көруіне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов қолғабыс жасаған.

Жазушы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Медеу Сәрсеке бүгінде 84 жасқа келіп отырса, сол ғұмырының 60 жылға таяу мерзімін Қаныш Сәтбаевтың өмірін зерттеуге арнаған екен. Ол туралы жазушының өзі былай дейді:

- Негізі, тау-кен саласы маман-дығын оқығаныммен, әдебиетке құштар болдым. Бұған дейін біраз дүнием шыққан еді. Бірнеше жыл өз мамандығым бойынша өндірісте инженер болып істедім. Бір күні Әлкей Марғұлан ағамыз мені көргісі келеді дегенді естідім. Алматыға барып жолықтым. Ол кісі менің кітаптарымды оқығанымды айтып, «қиялың жақсы» деп бағалай келе, Қаныш ағаң туралы жаз деп қолқа салды. Ол кезде Қанекеңнің атағын естігеніміз болмаса, жүзін көрме-генмін. Жүрексініп, қолымнан келмейді деп едім, ұрсып тастады. «Қазақ жазушылары тұрғанда Қанекең туралы Мәскеуден өзге ұлт өкілін алдырып жазғызайық па, неқылған қасиет бұл?» деп, намысқа басты. Екі-үш күн ойланып, Әлекеңе қайта барып, тапсырмасын қабылдадым.

Жазушының әуелде 2-3 жылда Қанекең туралы кітап жазып аяқтап, кейін қайтадан өзінің инженерлік қызметіне оралмақ болған ойы орындалмайды. Себебі ұлы акаде-микті зерттеу ісі Медеу Сәрсекенің ғұмыр бойғы тақырыбына айналады. Алғашқы, Қ.Сәтбаевтың өмірі мен еңбегі туралы зерттеу кітабын 13 жыл жазып, 1980 жылы Мәскеуден «Жайсаң жандар өмірі» («Жизнь замечательных людей») сериясымен жарыққа шығарады. Бастапқыда «Абай жолы» секілді көркем роман жазуды мақсат еткен жазушының алдымен ғұмырбаяндық еңбек жазуға көндірген қайраткер жазушы Ілияс Есенберлин болған екен.

Осы күнге дейін тарихшы-жазушы Медеу Сәрсеке Қ.Сәтбаев туралы 18 кітап жазған, оның 12-сі - қазақ тілінде, алтауы - орысша.

Мен кітап оқитын әкімдерді жақсы көремін. Осындай адамдар жазушылардың еңбегін шығаруға қолғабыс жасайды. Сіздердің әкімдеріңіз сондай екен. «Қазақтың Қанышы. Феномен. The Phenomenon» кітабының жарыққа шығуы - мен үшін үлкен қуаныш. Бәрін есептесем, 100 мың данамен шыққандары бар, бүгінге дейін кітаптарым жалпы алғанда 330 мың данамен жарық көріпті. Мен бақыттымын. Осындай іс-шараға мұрындық болып жүрген Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлына ризашылығымды білді-ремін, - деді Медеу Сәрсеке.

Шара барысында кітаптың тұсаукесер рәсімі салтанатты түрде өткізілді. Кейін естеліктер айтылды.

Алтынбек Нухұлы айтқандай, ғұмыр бойы зерттеумен шұғылданған Медеу Сәрсекенің Қаныш ағаны танытуға қосқан үлесі зор. Жиналған жұртшылық жазушыға үлкен қошемет-құрмет көрсетті.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz