Аталмыш компания өткен жылдың соңында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған болатын. Елбасы тұрғындарға тиімді болуы үшін төмен бағаға, бірақ жоғары сапада қызмет ұсынатын әуе көлігінің қажет екенін айтып еді. Сөйтіп, қазақстандық тұңғыш лоукостер жолға шығатын болды. Билеттердің ресми сатылымы 29 наурызда басталып, 1 мамырда Алматыдан Нұр-Сұлтан, Тараз, Орал және Қарағанды қалаларына рейс жасалмақ. Ал 30 мамырдан бастап Павлодар мен Алматы арасын да жалғайтын болады. Мұндай қуанышты хабармен облыс әкімі Болат Бақауов өзінің инстаграмм желісіндегі ресми парақшасында бөлісті.

- «FlyArystan» әуе компаниясы Алматы-Павлодар-Алматы бағыты бойынша билеттер сатады. Бір бағыттағы билеттің құны 6999 теңгеден басталады. Арзан бағамен билеттердің сатылуы Алматы мен Павлодар арасындағы жолаушылар қатынасын арттырып, ол өз кезегінде ішкі туризмнің дамуына ықпал етеді, - деді аймақ басшысы.

Аталмыш компанияның сату және маркетинг бойынша директоры Жанар Жайлауованың айтуынша, Павлодардың таңдалуы тегін емес.

- Біз Алматы қаласына мейман болып келген павлодарлықтарға, бизнестерді оң жолға қоюды қалайтын кәсіпкерлерге қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, еліміздің мақтанышы, Павлодар облысының інжу-маржаны – Баянауылға саяхаттауға ниетті туристерді тасымалдаймыз. Төмен бағалардың қазақстандықтардың көңілінен шығарына сенім мол. Сондықтан, билеттерге алдын ала тапсырыс беруге асығыңыздар, - деді Ж.Жайлауова.

Тұрғындар күн сайын 180 орындық Airbus A320 әуе көлігімен қатынай алады. Ұшу уақыты – 1 сағат 50 минут. Компания өкілдерінің айтуынша, жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған.

- «FlyArystan» жолаушыларға төмен бағадан бөлек, жоғары сапалы қызмет және жаңартылған ұшақ салонын ұсынуға дайын. Көпті көрген саяхатшылар шетелдік лоукостерлер салонындағы орындықтардың арқасы тек тік тұрғызылып, бұл сапар барысында айтарлықтай ыңғайсыздық тудыратынын жақсы біледі. Бірақ біз өз жолаушыларымыз үшін орындық арқасын 5 см дейін қозғай алатындай жағдай жасадық. Оған қоса, орындық арқасында орналасқан қалтаны төменнен алып тастап, жоғарыға орнаттық. Бұл емін-еркін отыруға мүмкіндік береді, - дейді Ж.Жайлауова.

Екі қала арасындағы билеттерді әуе компаниясының ресми сайтына кіріп, тапсырыс беру арқылы ала аласыз. Жүктің салмағына, орынның орналасуына байланысты билет бағасы 6999 теңгеден 23 949 теңгеге дейін тұрады. Ең арзан билеттің құнына 5 келіге дейін жүк қоса кіреді. Егер жүктің салмағы одан ауыр болса, сәйкесінше билет бағасы қымбаттай түседі. Тарифтер туралы толығырақ компанияның сайтынан білуге болады.

Айта кетелік, «FlyArystan» 2022 жылға дейін ұшақ санын 15-ке дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Биыл лоукостер ішкі рейстерді орындаса, алдағы уақытта шетелдермен де әуе байланысын орнатпақ ниетте.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz