Ал күні кеше кореялық меймандар біздің өңірге арнайы келіп, аймақтағы төрт бірдей кәсіпорынның жұмысымен танысты.

«Павлодар» АЭА басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, «Кванъян» - 300-ден астам өндіріс орнын біріктіріп отырған әлемдегі ірі арнайы экономикалық аймақтардың бірі. Бұл аймақ «Павлодар» сияқты негізінен химия, мұнай-химия бағытында жұмыс істейді. Осындай іргелі компаниямен байланыс орнату біздегі экономикалық әрі инвестициялық әлеуетті арттыра түсуі тиіс.

- «Кванъян» арнайы экономикалық аймағымен инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытында бірлесе қызмет атқармақпыз. Тәжірибе алмасу мақсатында мамандарды екі елде оқыту көзделіп отыр. Яғни, бізідң қызметкерлер Оңтүстік Кореядағы жұмыс барысымен танысып, тәжірибе алмасса, біз өз кезегімізде шетелдік меймандармен осы уақытқа дейін жиған-түйгендерімізбен бөлісуге әзірміз, - дейді А.Тұрсынғалиев.

Кореялық қонақтар аймағымызға арнайы келіп, «Каустик», «УПНК-ПВ», «Гиссенхаус» және «КиК» зауыттарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Енді біздің тарап осы жылдың маусым айында «Кванъяндағы» кәсіпорындарды аралауды жоспарлап отыр.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz