Ауызсу - әуелгі мәселе

Алдымен Президент еліміздің экономикасы үшін маңызды кәсіпорын – Қазақстан электролиз зауытына барды. Өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысып, соңынан мұнда аймақ жұртшылығымен кездесті. Облыс әкімі Болат Бақауов кездесудің аталмыш зауытта өткізілуі бекер еместігін атап өтті. Бұл кәсіпорын - еліміз әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті екенінің айқын көрінісі, деді аймақ басшысы.

Қоғам белсенділері, ұстаздар мен кәсіпкерлер, еңбек ұжымдарының өкілдері жиналған кездесуде Мемлекет басшысы облыс тұрғын-дарын толғандыратын мәселелерді қозғады.

- Павлодар облысы - ел дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан өндірістік аймақтардың бірі. Алдағы уақытта да Елбасының бағдарын берік ұстанып, өңірдің әлеуетін арттыра беру - біздің басты міндетіміз. Тәуелсіздік жылдарында Ертіс-Баян өңірінің эконо-микалық әлеуеті айтарлықтай беки түсті. Қазақстанның өнеркәсібі мен энергетикасының флагманына айналды. Елбасының индустрияландыру бағдарлама-сының арқасында өңірде 988 млрд. теңгенің 90 жобасы жүзеге асты. Олар отын-энергетика кешеніне, мұнай-химия, металлургия және басқа салалар бойынша ашылған. 9,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Облыстың өндірістік әлеуетінде алюминий кластері мен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының үлесі басым. Мұндағы кәсіпорындардың бәрі экспортқа бағытталған. Бүгінде 3 индустриялдық аймақ құрылуда, Павлодар облысы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қомақты үлес қосуда, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы ретте, Мемлекет басшысы экономикалық көрсеткіштермен қатар, алдыңғы орында қарапайым адамдардың жағдайы тұруы тиіс, деді. Бұдан кейін өңірімізде баса көңіл бөлінуі тиіс тұстарды тізді.

- Біріншіден, ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші өте төмен. Бұл - ертеден келе жатқан түйткіл екенін білеміз. Бүгін немесе кеше туындаған жоқ. Дегенмен, оны кідіртпей әрі жүйелі түрде шешу керек. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен айтарлықтай қаржы бөлінеді. Ал оны тиімді пайдалану - басқа мәселе. Міне, осы іспен жуық арада айналысатын боламыз. Бұл - барлық облысқа қатысты, - деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев аталмыш істі есеп комитеті қолға алуы тиіс дегенді атап өтті. Яғни, республикалық және өзге де деңгейлі бюджеттердің жұмсалуын қатаң қадағалау тапсырылмақ. Тиімді кәдеге жарату жолға қойылса, күрмеулі мәселелер шешімін табатынын қадап айтты Президент. Айта кету керек, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша былтыр облысқа ауызсумен қамтуға 2,7 млрд. теңге бөлінген.

Екіншісі - экология

Мемлекет басшысы көтерген екінші мәселе – экология. Қ.Тоқаев елімізде Ұлт денсаулығына, салауатты өмір салтын насихаттауға көп көңіл бөлініп жатқанын айтты. Дегенмен, кәсіпорындардан ауаға бақылаусыз зиянды қалдықтар шығарылуынан өнеркәсіптік орталықтарда экологиялық ахуал көңіл көншітпейді, деді.

- Сондықтан Үкімет пен әкімдік-терді бұл мәселені бақылауға алуға шақырар едім. Негізі, экология мәселесі халықаралық тұрғыдан да өте өзекті. Павлодар облысы да сырт қалмауы тиіс. Қазақстан электролиз зауытын араладым. Экологиялық мәселелерді шешуде оңтайлы жол тапқаны, өзгелерге үлгі нысан екенін аңғардым. Кезінде көпшілік наразылық танытып еді, тапсырылған міндетті өндіріс орны орындай алғаны көрініп тұр, - деді Қ.Тоқаев.

Осы ретте, Президент жергілікті билікке кәсіпорындармен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде өңірдің экологиялық көрсеткіштерін жақсарту бағытында нақты іс-қимылдар жоспарын түзіп, Үкіметке енгізуді тапсырды.

Жөні бөлек жоба

Президент сөз еткен тағы бір мәселе – жастар саясаты мен тұрғындарды еңбекпен қамту. Өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жастардың қатысуымен ғана мүмкін екенін ерекше атады. Облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, жастарды қолдау бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға мықтап кірісуі керек, деді. Тұрғындар тығыз орналасқан өңірлерден қоныс аударушы-ларға қолдауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртарап-тандыруға жеке тоқталды.

- Электролиз зауытының екінші кезегіне үлкен үміт артылып отыр. Бұл жоба 2023 жылға дейін 150 млрд. теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Алюминий өндірісі 2 есеге артады. 1500 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондықтан Үкімет пен әкімдікке туындаған түйткілдерді жедел түрде шешу қажет. Жобаны белгіленген мерзімде аяқтау керек. Бұл кәсіпорын ел экономикасы үшін өте маңызды, - деді Президент.

Мемлекет басшысы аграрлық секторға да көңіл бөлуді тапсырды. Өңірімізде қолға алынған қант зауытын айрықша атады. Себебі, бұл кәсіпорын іске асса, еліміз бойынша бұл өнімге сұраныстың бестен бір бөлігін қанағаттандырады. Крахмал зауыты да стратегиялық маңызға ие, деді.

Облыс әкімі Б.Бақауов индус-триялық өңірде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып жатқанын атады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешенінде 11,3 млрд. теңге сомасына 55 инвестициялық жоба іске асырылған.

Президент аталған әрбір мәселені жергілікті әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, шешу жолдарын қарастыруды жүктеді.

Жалғастырамыз!

- Елбасының бағытын мүлтіксіз жалғастыру әрі бастамаларын іске асыру өте маңызды. Негізгі бағдарламалар бар, әлдеқашан түзілген. Қазіргі таңда оларды жүзеге асыруға күш саламыз. Әртүрлі бағдарлама құрумен айналыспаймыз. Қолда барларын тиімді іске асыруға басымдық береміз. Құр уәде беруден аулақ болыңыздар. Негізсіз жар салғаннан істің нақты қандай күйде екенін білген абзал. Тұрғындар сезіне алатын нәтиже керек. Жақсы жаққа өзгере бастағанын көру керек. Президент ретінде Елбасының бағытын жалғастыра беремін, - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сабақтастық - алдымен тарихи тұлға, Тұңғыш Президентке деген құрмет, деді. Сондай-ақ, саяси тұрғыдан да қажеттілік екенін атап өтті. Елбасының бастасымен қолға алынған стратегиялық құжаттарды ақиқатқа айналдырамыз. Сабақтастық болмаса, елімізде бейберекеттік орын алатынын да ескертті. «Бізге бейберекеттік қажет емес, даму, тыныштық, әл-ауқаттың артуы маңызды» деді Президент.

Мемлекет басшысы әділдіктің де маңыздылығын бөле-жара атады. Бұл дегеніміз, ұлтына, жынысына қарамастан, баршаға бірдей мүмкіндіктің болуы, деді. Жастардың білім алуына елімізде жасалып жатқан жан-жақты жағдайдың алар орнын айтты. «Болашақ» бағдарламасымен Тәуелсіздік алған жылдардың қиын-қыстау кезінің өзінде 10 мыңдаған жас шетел асып, білім алуына мүмкіндік берілген. Ал қазіргі таңда 100 мыңдаған отандасымыз өзге елде білімін жетілдіруде. Орта Азияда мұндай мүмкіндік ешбір елде берілмейтінін, елімізде негізгі инвестиция білім беруге бағытталғанын да атады. Бұл - болашағы зор саясат, деді.

- Әділдік – заң алдындағы теңдік. Соттардың қызметіне ешкімнің араласуға құқығы жоқ. Тіпті, кейде олардың шешімі бізге оғаш көрінгенімен, оған біз араласа алмаймыз. Себебі, заң бәрінен биік, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, жиында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмек сұрай келген адамдарды ажырата білу керектігін тілге тиек етті. Яғни, нағыз мұқтаждар мен жұмыс істеуге құлықсыздарды айыра білу керек, деді. Жәрдемге зәру азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылыларға Үкімет тарапынан қолдау күшейеді.

Сөз соңында Мемлекет басшысы бюджетті тиімді жұмсауға тағы бір мәрте тоқталды. Тиімсіз әрі жемқорлыққа жетелейтін бағдарламаларды жою керек. Бұл іске Парламенттегі және мәслихаттардағы депутаттарды араласуға шақырды. Бюджеттің әр тиыны тек қана дамуға бағытталуы тиіс, деді.

- Елбасы елімізді қиын шағында қолға алып, кедергілерге қарсы келіп, аяқтан тұрғызды. «Жеке мемлекет бола алмайды» деген пікірлерге қарамастан алға сүйреді. Жалпы, қоғам дамуды қалайды. Бүгінде әлемде бәсекелестік күшейіп келеді. Қазақстан Орта Азияның көшбасшысы ретінде танылды. Бұл мәртебе бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол дәрежеден түспеуге күш салуымыз керек, - деді Мемлекет басшысы.

Ойларын ортаға салды

Жиында аймақ өкілдері ойларын ортаға салу мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, Павлодар облысының Құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Тито Сыздықов Президенттің экология, ауызсу мәселелерін орынды көтергенін атап өтті. Себебі, сауалнамаға қатысқан аймақ тұрғындарының 88 пайызы экологиялық ахуалға алаңдай-тындарын айтқан. Сондықтан қоғам белсендісі бұл жағдайды Экологиялық кодекс талаптарын күшейту арқылы оңалту қажеттігін ұсынды. Ауылдарды таза ауызсумен қамту бағдарламасының нақты мерзімін бекітіп, соған дейін істі ширату керек деген пікірін білдірді.

Ал Ақсу ферроқорытпа зауытының басшысы Леонид Прокопьев әлеуметтік қамқорлыққа, экологияны қорғауға бағыттап жатқан жұмыстарын баяндады. Мұнда еңбек ететін 6500 қызметкердің 40 пайызы – жастар. Айтуынша, жас қызметкерлер жүктелген міндеттерді мінсіз атқаруда. Жылына 1 млн. тонна ферроқорытпа өндіріледі. Экологияға зиянды қалдықтардың шығуын азайту үшін өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік қолдау бағытында қызметкер-лердің еміне әрқайсысына жылына бір рет 120 мың теңге бөлінеді. Жұмысшылары үшін үш тұрғын үй салынған. Жуырда тағы 13 жас отбасыға пәтер берілген.

Павлодар қаласының №34 мектебінің физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаевтың еңбегі Мемлекет басшысының қызығушы-лығын тудырды. Жас педагог көпшілік қиын санайтын физика пәнін оқушыларына оңай түсіндіру үшін оқыту тәсілін түбегейлі өзгерткен. Сабағын өмірлік мысалдар негізінде түсіндіреді. Физика бойынша бірқатар оқу құралдарын құрастырған.

Жас мұғалім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы гуманитарлық бағыттағы пәндерге ғана емес, жаратылыстану-математикалық циклда да басымдыққа ие болуы тиіс деген ойда. Яғни, сананы толық жаңғырту қажет, дейді. Ол түлектерінің көбі бағдарлы пән ретінде физиканы таңдайтынын атап өтті. Түлектердің 70 пайызы өңірімізге оралып жатқанына да қуанады. Енді осы көрсеткішті көтеруге ынталы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жас маманнан күрделі есептер жинағын сыйға тартуды сұрады.

- Мектепте оқыған кезімде физиканы ұнататынмын. Бірақ, бұл салада айтарлықтай жетістігім болмады. Менен Эйнштейн шықпайтынын дер кезінде түсіндім. Жалпы, бос уақытта есеп шығарып, миды жаттықтырған жөн. Физика мен шет тілдері - адамның миы үшін таптырмас жаттығу, - деді Мемлекет басшысы.

«Павлодар» арнайы экономи-калық аймағында өріс жайған «SNN» ЖШС басшысы Е.Маскалик жетістіктерімен бөлісті. Ал «Жаңа қала» шаруа қожалығының басшысы Ардақ Қажаттың да жасап жатқан жұмысы Қ.Тоқаевты сүйсіндірді. 25 жасқа енді толған жас жігіт білдей бір шаруашылық – 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасын басқарып отыр. Алдағы уақытта ол мұндай ферманың тағы бірін салуды жоспарлауда. Мемлекеттен түрлі жеңілдіктер мен субсидияларды жүйелі түрде алатынын да атап өтті. Президент экспортқа бағытталған кәсіпорынға және аграрлық секторда маңызы зор шаруашылыққа сәттілік тіледі.

- Дамуды ғана ойлайық, Бәсекелестік күшейіп келеді. Елбасы қолымызға бәсекеге қабілетті мемлекетті ұстатып отыр. Бәсекелестік жағынан Қазақстан арнайы рейтингте 28-ші орында. Енді одан түспеуіміз тиіс, - деді жиынды қорытқан Мемлекет басшысы.

«Жаңа өндіріс орнын көргендей болдым»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапары барысында жаңғыртудан өткен Павлодар мұнай-химия зауытында болып, өндіріс орнының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Оспанбек Әлсейітов жаңғырту жұмыстарының нәтижесі мен өндірістік көрсеткіштер туралы баяндады.

- Жаңғырту жобасын жүзеге асыру арқылы 2017 жылғы желтоқсанда изомерлеу және нафта сплиттері кешені мен күкірт өндіру қондырғылары кешені іске қосылды. Жалпызауыттық шаруашылық мақсатта қолданылатын 12 жаңа нысан салынды. Сонымен қатар, қолданыстағы өндірістік қуаттар қайта жаңғыртылды. Осы шаралардың барлығы каталитикалық крекинг қондырғы-сының қуатын шикізат көлемі бойынша жылына 1350 мың тоннадан 1868 мың тоннаға дейін арттыруға, К4 және К5 жанармайын өндіруге, әуе көліктеріне қажет отын өндірісін жандандыруға мүмкіндік берді, - деді О.Әлсейітов.

Оған қоса, зауыттағы техноло-гиялық бизнес үдерістерді жүргізуге өзгерістер енгізіліп, цифрландыруға баса назар аударылды. Мәселен, өндірісті оңтайландыруды жоспар-лаудың «Spiral Plan» жүйесі пайдаланыла бастады. Соның нәтижесінде кәсіпорынның операциялық шығындары едәуір үнемделді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зауыттың жаңғыртудан соң айтарлықтай өзгергенін атап өтті.

- Мен бұл кәсіпорында бұрын да бірнеше рет болған едім. Ал бүгін жаңғыртудан өткен, заманауи үлгіде жұмыс істейтін жаңа өндіріс орнын көргендей болдым, - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы зауыттың жас қызметкер-лерімен жүздесті. Мамандар ел билігі ұсынған әлеуметтік шаралардың маңыздылығын, кәсіпорын басшылығының жұмысшыларға зор қолдау білдіретінін атап өтті.

- Өндіріс орнының ұжымы бізді, жас мамандарды жылы қабылдап, алдыңғы буын өкілдері тәжірибелерімен бөлісті. Әлеуметтік жағдайымызды да назардан тыс қалдырмады. Баспанамен қамтамасыз етіп, білім алуымыз бен спортпен шұғылдануымызға барлық жағдайды жасап келеді, - деді кәсіпорын қызметкері Мәулен Қанатбеков.

Өз кезегінде Президент жастардың жұмысына сәттілік тіледі.

- Өндіріс орнында кәсіби жас мамандардың көптігі қуантады. Дәл осы кәсіпорынның қызметкері атанып, еліміздің мұнай-химия саласының дамуына үлес қосып жүргенде-ріңізге ризасыздар деп ойлаймын. Еңбектеріңіз жемісті болсын, - деп тілегін білдірді Қ.Тоқаев.

Жастарды қолдау жалғасады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жастар бастамаларын дамыту орталығында болды. Бұл жастарға «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін республикадағы алғашқы мекеме саналады. Мұнда ел Президентіне орталықтан бөлек, «Jas Otan» жастар қанатының, «Жасыл ел» ұйымдарының және еріктілер клубының жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ, жас ғалымдар, журналистер мен ақындар, «серпіндік» ұл-қыздар қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға айтқан сөзінде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасының өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Мемлекет басшысы жастардың барлық бастамасына қолдау көрсететінін жеткізді.

«Жомарт жүрек - 2018» байқауының «Жыл еріктісі» аталымы бойынша жеңімпазы Аяжан Құрманова ел Президентінен еріктілер қозғалысына ары қарай да қолдау көрсетуді сұрады.

- Мен – студентпін. Сондай-ақ, «Әлеуметтік еріктілер орталығына» жетекшілік етемін. Біздің ұйымымызда ағылшын тілін жетік меңгерген жастар көп. Сондықтан алдағы уақытта шетелдік еріктілер қозғалысына қосылуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Павлодар облысында 10 мыңнан астам ерікті жұмыс істейді. Олар күн сайын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға көмек көрсетеді. Осы орайда, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізден еліміздегі еріктілер қозғалысына ары қарай да қолдау көрсетуіңізді сұраймыз, - деді А.Құрманова.

Мемлекет басшысы белсенді жастардың бұл ұсынысын құп алып, қолдайтынын жеткізді.

- Міндетті түрде қолдаймын. Жалпы, алдағы уақытта еріктілермен жеке жүздесуді жоспарлап отырмын. Сол кездесуге сіздерді де шақырамын. Бұл жұмыс елімізге қажет, - деді Қ.Тоқаев.

Білім – ең қымбат қазына

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ бұл күні химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (NIS) болды. Мектеп директоры Ринат Жұмабаев Президентті мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. «2013 жылы ашылған мектепте қазір 644 оқушы білім алуда, – деді Р.Жұмабаев. – 60 оқу кабинетінің 11-і зертхана, екі спортзал, жаттығу залы, 378 орындық мәжіліс залы, 305 орындық асхана мен кітапхана, психологтың кабинеті, баспасөз орталығы, медициналық блок, музыкалық және хореографиялық кабинеттер бар. Мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлығы 131 педагог жұмыс істейді».

Мектептің 11-сынып оқушысы Дияр Төленов Назарбаев зияткерлік мектебіне 7-сыныпта оқуға түскенін айтты. Индонезияда, Ресейде, Португалияда, Вьетнамда және Австралияда өткен халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегері атаныпты. Бұл жетістігін шәкірт ұстазы мен жаттықтырушысының бірлескен жұмыстарының және мектептегі бүкіл қолдаудың нәтижесі дейді. Физикадан өткен олимпиада өзін өзі дамытудың тәсілі және болашақ мамандығы үшін үлкен ынталандыру болыпты. Келешекте физика саласының ғалымы болуды армандайды.

Оқу орнында Қ.Тоқаев «Қазіргі заманғы Қазақстан» кабинетімен танысты. Оқушылар өздерінің ғылыми жұмыстары туралы баяндады.

– Білім – ең қымбат қазына. Сондықтан талмай, шаршамай ізденіп, білім алу керек. Бұл – ең таңдаулы мектептердің бірі. Сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндік жасалған, - деп қорытты мектеппен танысу рәсімін Президент.

Атап өтелік, биыл Назарбаев зияткерлік мектебін 118 түлек тәмамдайды. Олардың 25-і бүгінде халықаралық оқу орындарына білім грантына ие. Кейбірінде тіпті мұндай гранттың бес-алтауы бар. Мәселен, Дана Садықова АҚШ-тың Colby College, Bates College, Kenyon College секілді беделді оқу орындарында тегін білім ала алады.


Аймағымызға арнайы келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің өндірістік әлеуетіне жоғары бағасын берді. Ұлттық экономикаға қосар үлесі қомақты екенін атап өтті. Облыс жұртшылығының ой-пікіріне де, жетістіктеріне де құлақ асты. Жастардың жағдайымен де танысты. Алда даму үшін Елбасы бастаған игі істерді сәтті жалғастырудың маңыздылығын атады.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Мұрат Аяғанов,
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz