2017 жылы Тереңкөл ауданының Бобровка селолық округіне қарасты Жаңабет ауылының маңында жаңа шаруашылықтың алғашқы қазығы қағылған болатын. Тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды. Суармалы алқаптар іске қосылды. Су мұнарасы салынды. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде жазық далада заманауи шаруашылық бой көтерді.

Үстіміздегі айда «Астық-ПВ» серіктестігі жаңа тауарлы сүт фермасын іске қосты. Чехия елінен симментал тұқымдас 700 бас сиыр әкелген. Шаруашылық басшысы Абай Оразымбетовтің айтуынша, кәсіпорын толықтай ішкі нарыққа жұмыс істейтін болады.

- Жобаның жалпы құны - 1,2 млрд. теңге. Тауарлы сүт фермасы алдағы 4-5 жыл аралығында өзін ақтайды деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда мал шаруашылығынан бөлек егіншілікті де мықтап қолға алдық. Атап айтсақ, биыл 4 мыңнан астам алқапқа бидай себіледі. Бұдан бөлек, бір мыңға жуық суармалы егістік алқабы бар. Онда картоп, сәбіз, жүгері өсіруді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта 6 мыңнан астам тоннаға шақталған қойма салдық, - дейді А.Оразымбетов.

Шаруашылық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несиеге қол жеткізген. Сол қаражатқа шетелден жоғарыда атап өткен асыл тұқымды ірі қара әкеліп отыр. Атап өтерлігі, шаруа қожалығына мемлекет тарапынан субсидия да қарастырылған. Әрбір бас сиыр үшін 225 мың теңге көлемінде көмек қаржысы беріледі.

Тауарлы сүт фермасының жұмысы автоматтандырылған. Тіпті, мал тұратын орындарда ауа автоматты жүйе арқылы реттеліп отырады. Ауа тазарту құрылғылары да орнатылған. Қазіргі кезде шаруашылық сүт тасымалдаушы және сүтті салқындататын құрылғыларды іске қосуда. Алдағы айда мұнда күн сайын сауылатын сүтті есептеудің электронды жүйесі енгізілмек.

Бобровка селолық округінің әкімі Руслан Омаров шаруашылық елді мекеннің экономикасына зор үлес қосып отырғанын айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары.

- Селолық округке қарасты Жаңабет ауылында бір мыңға жуық тұрғын бар. Тірек елді мекен санатында. Ауылда жиырма екі шаруашылық жұмыс істейді. Соның бірі -«Астық ПВ» ЖШС. Елді мекен тұрғындарының жартысына жуығы осы серіктестікке жұмысқа жұмылдырылған. Кәсіпорын адамдарды еңбекпен қамтып қана қоймай, олардың біліктілігін арттыруға да жоғары мән беріп отыр. Мысалы, бір тракторшыны Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласына жіберіп, оқытуда. Қызметкерлер орташа есеппен 70-80 мың теңге көлемінде жалақы алады, - дейді Р.Омаров.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz